КӘСІПОДАҚ ҚОЛ ҰШЫН СОЗУДА

Бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасы арқылы пәтер ала алатын болды

Ақтөбе облысында ферроқорытпа зауытының қызметкерлері үшін жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады

2024 жылы Eurasian Resources Group (ERG) құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауыты металлургтерінің тұрғын үй жағдайын жақсартатын арнайы бағдарлама қолға алынады. Оған қатысушылар Отбасы банкінен жеңілдетілген жылдық 5% үстемемен (жылдық тиімді үстемақысы 5,2%-дан басталады) займ ала алады. Бұл жерде металлургтерге міндетті бастапқы жарна мөлшері – 10%.

Өзара ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, Отбасы банкі төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов пен Еуразиялық Топ (ERG) Бас директорының қаржы жөніндегі орынбасары Данияр Рахматуллаев қол қойды.

Бағдарламаны іске асыру үшін әр тарап 700 млн теңгеден қаражат бөледі. Нәтижесінде оның жалпы бюджеті – 2,1 млрд теңгені құрайды. Бұл 110 отбасының баспаналы болуына мүмкіндік бермек.

Зауыт қызметкерлері арасында баспананы үлестіруде әкімдікте кезекте тұрғандарға басымдық беріледі. Металлургтер Ақтөбеде бастапқы немесе екінші нарықтағы пәтерлерді өздері таңдайды.

Үйлі болудан үміттілер тізімін «Қазхром» ТҰК» АҚ жанынан құрылатын тұрғын үй комиссиясы жасайды. Бағдарламаға соңғы 5 жылда өзінің және отбасы мүшелерінің атында ҚР аумағында баспанасы болмаған, тұрғын үйге мұқтаж қызметкерлер қатыса алады.