Ақтөбеде су тасқыны кезінде көпшілікке көмектесіп, белсенділік танытқан 10 адам «Еңбек озаты» медалімен марапатталды.
Олардың арасында суға кеткен үйлерден адамдарды құтқарған төтенше жағдай қызметкерлері, апат салдарымен күрескен және гуманитарлық көмек жеткізумен айналысқан әскерилер, кәсіпкерлер, еріктілер де бар. Төсбелгіні кәсіподақтар федерациясының өкілдері табыстады. Бұдан өзге, тасқыннан зардап шеккен 45 адамға тұрмыстық бұйымдар алу үшін сертификат берілді. Сертификатқа Ырғыз, Ойыл, Қобда аудандары мен Ақтөбенің суға кеткен саяжай тұрғындары ие болды.
Мұхамедиар Төреғалиев, ерікті: – Көмек қабылдау орталығында бірнеше фуралар келді. Түркістаннан, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан. Соны қабылдап, су тасқынынан зардап шеккен халыққа тараттық. Қазіргі таңда да әлі волонтер болып жүрмін, складтағы заттарды реттеп дачаларға таратып. Соны мемлекетіміз ескеріп, осындай марапаттаулар жіберіп жатқанына рақмет.