Кеше «Лайықты еңбек – мемлекеттің тұрақтылық негізі» атты еңбекшілер Форумының жұмыс барысында ҚРКФ, мемлекеттік органдардың өкілдері, «Нұр Отан» партиясы мен кәсіпорындар қызметкерлері еңбек қауіпсіздігі және еңбеккерлердің құқықтарын қорғауға қатысты бірқатар өзекті мәселелерді қарастырды. Іс-шара жыл басында ішкі еңбек нарығын қорғау, халықты жұмыспен қамту, қазақстандықтардың еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін біріккен партиялық және қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мақсатында ҚРКФ және «Нұр Отан» партиясы арасында қол қойылған өзара әріптестік туралы Меморандум аясында өткізілді.
«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында кәсіподақтарды алаңдататын, соның ішінде, еңбекті төлеу, жаңа жұмыс орындарын құру сынды өзекті барлық мәселелерді көрсетті. Әр қазақстандыққа қатысты сәттерге тоқталып өтейін. Бұл, бірінші кезекте, ең төменгі жалақының мөлшерін 1,5 есеге (28 мыңнан 42 мыңға) арттыру әртүрлі меншік формасындағы кәсіпорындардағы 1 миллион 300 мың еңбеккерлерге, соның ішінде еңбекақысы орташа деңгейде 35% өсетін бюджеттік ұйымдардың 275 мың қызметкерлеріне тікелей қатысты», – деп атап өтті ҚРКФ басшысы Б.Әбдірайым.
Оның пікірінше, ең төменгі жалақының жаңа көлемі экономиканың барлық ауқымында еңбекақы өсімінің катализаторы болады және барлық жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуын күшейте түседі.
«Осы шарттарда барлық деңгейдегі кәсіподақ комитеттері үшін басым міндет – еңбекақы мөлшерін арттыру жұмыстарын күшейтуге жәрдемдесетін нақты көрсеткіштерді алға бастыру болып табылады. Бұл – ұжымдық шарттарға, жергілікті және салалық келісімдерге жалақысы төмен санаттағы жұмысшылардың еңбекақысын арттыруды қарастыратын тиісті өзгерістер мен қосымшаларды уақытылы енгізу; Республикалық үшжақты комиссия отырыстарында лайықты еңбек шарттарын қамтамасыз ету, еңбекақыны арттыру бойынша салалық және аумақтық комиссия жұмыстарын қарастыру», – деді ҚРКФ басшысы.
Ол қазіргі таңда Кәсіподақтар федерациясының өкілдері жалақысы төмен санаттағы жұмысшылардың еңбекақысының артуына мониторинг жүргізетін республикалық және жергілікті штабтардың құрамына кіргенін хабарлады.
«Ағымдағы жылдың басынан жалпы мемлекет бойынша өкілетті органдар 577 кәсіпорындарда 1,5 млрд. теңге көлеміндегі қарызды анықтады. Анықталған заңсыздықтар үшін жұмыс берушілерге 456 ұйғарым берілді және 74 млн. теңге көлемінде 344 айыппұл салынды. Кәсіподақтардың қатысуымен өткен шаралар нәтижесінде олардан 1 млрд. теңгеден аса еңбекақы төленді, осылайша 10 мыңнан аса жұмысшының құқығы қорғалды», – деді ҚРКФ басшысы.
Ол аталмыш мәселе кәсіподақтардың бақылауында үнемі болуы тиістігін атап өтті.