2018 жыл ірі еңбек дауларының жоқтығымен, сондай ақ өндірістік жарақаттанудың аздығымен атап өтілді.
Астанада еліміздің солтүстік өңірлерінің аумақтық кәсіподақ бірлестіктерінің (Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Қостанай мен Астана қаласы) құқық қорғау жөніндегі 2018 жылы атқарған жұмыстары қорытындыланды.
Жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау туралы есебін тыңдау барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым өткен жылы жергілікті жерлерде әлеуметтік әріптестермен кешенді жұмыстардың арқасында ірі еңбек дауларының болмағандығын және өндірістік жарақаттанудың 20 пайызға азайғандығын атап өтті.
Сонымен қатар «кәсіподақ қозғалысын жаңғыртуға байланысты 2018-2019 жылдарға арналған Жол картасын» жүзеге асыру аясында жұмысшылардың жалақыларын төлеу және өтеу, өндірістегі еңбек қауіпсіздігі және қорғау, еңбек жағдайын жақсарту жұмыстарын қоса алғанда аумақтық кәсіподақ бірлестіктерінің замануи тәсілдерді қолданылуы сөз болды.
Қарағанды облысында кәсіподақ орталығының бастамасымен облыс әкімдігі, кәсіпкерлер ассоциациясы және жұмыс берушілермен арадағы үшжақты келісім аясында жеңілдік шартымен 9323 азаматтық қызметшілерге қатты отын алуға 62,2 млн. теңге бөлінді, ал бюджеттік салада еңбек ететін 246 жас маманға тұрғын үй алуға жеңілдіктер қарастырылды.
Ақмола облыстық кәсіподақтар орталығы жарна есебінен CashBack жаңа электронды кәсіподақ билеттерін енгізеді. Осы арқылы кәсіподақ әріптестерінің қызметін және тұтыну тауарларын жеңілдікпен пайдалануға болады.
Қостанай облысының кәсіподақ орталығы әлеуметтік әріптестерімен бірлесіп кәсіпорындарда жұмысшылардың құқығын қадағалауға қоғамдық бақылау жүргізуі үшін кәсіпорындарда еңбек жанжалдарының туындау тәуекелі Картасын дайындаған. Осындай бақылаудың нәтижесінде облыстағы емханалардың бірінің қайта құрылуы кезінде барлық жұмыс орындары сақталып қалған.
Павлодар облысы кәсіподақ орталығының табанды жұмысының нәтижесінде өңірдегі қызмет жасайтын барлық кәсіпорындардың 90,4 пайызымен ұжымдық келісім-шартын жасаған. Соның нәтижесінде облыстағы кәсіпорындарда өндірістік жарақат алу деңгейі 36 пайызға азайған.
Астана қаласы кәсіподақтар орталығы еңбекшілердің құқығын қорғауда нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізген. Өткен жылы кәсіподақ орталығына 200 адам түрлі мәселелермен жүгінген.
«GLB» ЖШС және «Шар – Құрылыс» ЖШС-де жұмысшыларына үш жыл бері еңбекақыны уақытылы төлемеу фактілері орын алып, кәсіподақ араласқан соң ғана бұл мәселе шешілген.
Кәсіподақ орталығы бес адамның орнына жұмыс істеп, тек бір жарым ставканың еңбекақысын алып келген №9 қалалық емхананың мейірбикесіне. өтемақысын алуына көмек берген.
Сонымен қатар, Астана қалалық Кәсіподақтар орталығына № 3 Балалар музыка мектебінің ұжымы қосымша білім беретін мұғалімдердің мәртебесі туралы шағымданған. Олардың санаты В2 болса, 2016 жылдан бастап В3 болып өзгертілген, яғни олардың еңбекақылары төмендеген. Қазіргі таңда аталған ұстаздардың санатын және жалақыларын көтеру жөнінде «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заң жобасына енгізілген.
Үшжақты жұмыс тобының келісімі аясында жұмыс орнын қысқарту бойынша бірқатар мәселелер шешімін тапқан. 2018 жылы жұмыс тобының қарауына 4118 жұмысшыны қысқартуға 165 кәсіпорын хабарлама берген, соның ішінде 125 кәсіпорында 1307 адам ғана қысқарған.
Жиын қорытындысы бойынша ҚРКФ Төрағасы аумақтық кәсіподақтардың атқарған жұмысына оң баға берді.
Сонымен қатар жиынға қатысушылар кәсіби ауруларды анықтаудың және алдын алудың төмен деңгейіне, сондай-ақ тіркелмеген жарақаттану оқиғаларына алаңдаушылық білдірді.
Осы бағытта аумақтық кәсіподақ бірлестіктеріне әрбір жазатайым оқиғаларды, зардап шеккен отбасыларға көмек берілуін және оқиғаны тергеу барысын жұртшылыққа хабардар ету тапсырылды.
ҚРКФ Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру ассоциациясы дайындаған VisionZero (« нөлдік жарақат») Халықаралық концепциясына Қазақстанның қосылуы жөніндегі бастаманы ілгерілетуге ниеттеніп отыр.
Алдағы есепті жиында еліміздің батыс өңірлерінің әлеуметтік-еңбек мәселелерін қарау жоспарланып отыр.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар
федерациясының баспасөз қызметі.