ТМД мемлекеттерінің Парламентаралық Ассамблеясының байқаушылар миссиясының өкілдері Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Аманкелді Таспиховтың республикалық қоғамдық штабына келді.
Бақылаушылар құрамында: ТМД ПАА директорының орынбасары Е.В. Голоулина, ДДМХИ сараптама тобының басшысы С.Л. Ткаченко, ДДМХИ сайлауды мониторингтеу бөлімінің кеңесшісі Т.О. Шульгина болды.
Бақылаушылар тобы Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Аманкелді Таспиховтың республикалық қоғамдық штабының жұмысымен танысып, Кәсіподақтар федерациясының атынан кандидаттың сайлауалды науқанға дайындық барысына қатысты барлық сауалдарына жауап алды.
ТМД бақылаушылары науқанның негізгі кезеңдері: ҚРКФ атынан түскен кандидаттың ұсынылуына, тіркеуіне және үгіт-насихат жүргізу жұмыстарымен танысты.
Сондай-ақ, ТМД бақылаушыларына кандидат А.Таспиховтың сайлаушылармен кездесу кестесімен және штаб қызметкерлерімен таныстырылды.
«Біздің штабтың құрамы кәсіподақ көшбасшыларынан, беделді сарапшылардан, кәсіби заңгерлерден, ғылым қайраткерлері мен «Келешек» жастар қозғалысының белсенділерінен тұрады. Орталық штаб еліміздің барлық облыстары мен қалаларында ашылған аймақтық қоғамдық штабтардың жұмысын үйлестіреді. Бүгінгі таңда барлық штабтар белсенді түрде жұмыс атқаруда», – деп атап өтті штабтың тең төрағасы Сатыбалды Дәулеталин.
Сонымен бірге, Кәсіподақтар федерациясы базасында құрылған орталық штабта қоғамдық қабылдау бөлмесі және жедел байланыс орталығы жұмыс істейді.