Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында жуырда ғана құрылған «Жамбыл-Жылу» жылумен қамту кәсіпорнының бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерімен кездесті.
«Жамбыл-Жылу» МКК директоры Муслим Қасымовтың айтуынша, 2003 жылы құрылған кәсіпорын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен әлеуметтік-мәдени нысандарды жылумен қамту саласында жұмыс істейді. «Жамбыл-Жылу» МКК балансында 75 қазандық бар. Компания 174 көпқабатты үйге (8301 абонент), 115 бюджеттік ұйымға, соның ішінде мектептер мен ауруханаларға қызмет көрсетеді.
«Бүгінде біздің кәсіпорында барлық қажетті әлеует пен материалдық-техникалық база бар. Біз жылу беру көлемін кеңейтуге дайынбыз. Қосымша көлем алу бізге жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді», – деді директор.
2021 жылы өндірілген жылу энергиясының көлемі 2019 жылмен салыстырғанда орта есеппен 11%-ға артты.
Жалақыға келетін болсақ, Муслим Қасымов 2021 жылы жұмыскерлердің жалақысы 96 мыңнан 134 мың теңгеге дейін көтерілгенін, оны тағы 10 пайызға арттыру жоспарланып отырғанын айтты.
Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Сағынбек Нұрғалиевтің айтуынша, кәсіпорындағы бастауыш кәсіподақ ұйымы ағымдағы жылдың 25 наурызында құрылып, қазіргі таңда кәсіподақ мүшелерінің санын арттыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда кәсіпорындағы 675 жұмысшының 50-і оның мүшесі болды.
Кәсіподақ ұйымы қазірдің өзінде аз қамтылған 22 жұмыскердің отбасыларына көмек көрсетіп, азық-түлік пен қыста көмірмен қамтамасыз етуде.
Кәсіпорын жұмыскерлері диалогқа белсенді түрде қосылып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, өз ұсыныстарымен бөлісті.
Ұжым ең алдымен Кәсіподақтар федерациясының басшылығына қарапайым еңбеккерлердің өзекті мәселелеріне көңіл бөліп отырғаны үшін алғыстарын білдірді. Сондай-ақ жиынға қатысушылар Жамбыл облысы кәсіподақ орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақовқа бастауыш кәсіподақ ұйымын құруға көмектесіп, құқықтық көмек көрсеткені үшін алғыстарын білдірді.
Ең өзекті мәселелердің қатарында қазандық жұмысшыларының еңбек демалысын ұзарту, зейнет жасын төмендету мәселелері болды.
«Қазіргі уақытта жұмыскерлердің еңбек демалысы 24 күнді құрайды. Жұмысымыздың ерекшелігін ескере отырып, 30 күнге дейін ұзартуға бола ма?», – деп сұрады 40 жылдық еңбек өтілі бар кәсіпорын ардагері Сәкен Асанбеков.
Сұрақтарға жауап берген ҚРКФ төрағасының кеңесшісі Біржан Нұрымбетов Кәсіподақтар федерациясы ел Үкіметі алдында зейнет жасын қысқарту мәселесін жүйелі түрде көтеріп отыр деп сендірді.
«Біздің зейнетақымыз жалақы мен жинақ деңгейіне байланысты. Сондықтан кәсіподақтар Қазақстанда еңбекақы деңгейін көтеруді талап етеді. Қазір бұл мәселені әлеуметтік әріптестерімізбен республикалық деңгейде талқылап жатырмыз», – деді Біржан Нұрымбетов.
Ал демалысқа келер болсақ, бұл мәселені ұжымдық шартпен реттеуді ұсынды.
«Еңбек кодексінде еңбек демалысы 24 күннен кем болмауы керек деп жазылған. Бұл жұмыс берушінің жауапкершілігі. Ал оның санын көбейткіңіз келсе, жұмыс берушімен келісе отырып, ұжымдық шартқа осы шартты енгізуіңізге болады», – деді ҚРКФ төрағасының кеңесшісі.
«Жамбыл-Жылу» мекемесінің әлеуметтік әріптестері атап өткендей, қазіргі таңда ұжымдық шарт талқылануда.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин айтылған мәселелерді тыңдай келе, еңбеккерлердің кәсіподақ ұйымына бірігуге деген ерік-жігері еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін ілгерілетудегі маңызды қадам екенін атап өтті.
Ол жұмыскерлерді кәсіподақ ұйымына бірігуге және кәсіпорындағы еңбек қатынастарын реттеуге үлес қосуға – түйткілді мәселелердің шешімін бірлесіп іздеуге шақырды.
ҚРКФ басшысы сондай-ақ әлеуметтік әріптестік саласындағы кәсіподақтардың нақты ұстанымын атап өтті және жұмыскерлер үшін әлеуметтік және еңбек кепілдіктерінің сапалы пакетімен толтырылған кәсіпорынның ұжымдық шартын қабылдау қажеттігін атап өтті.
«Кәсіподақ жұмыс берушінің жауы да, жұмыс берушіге қарсы жұмыс істейтін ұйым да емес. Іс жүзінде кәсіподақ жұмыс берушімен бірге еңбек қатынастарын реттеп, кәсіпорынның дамуына, оның ішінде ұжымдық шарт арқылы да күш салуы керек. Мәселені бірлесіп шешіп, кәсіпорынды көтеретін болсақ, кәсіпорынның жұмысы жақсарып, табысы артады, бұл өз кезегінде жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайына әсер етеді. Бұл әлеуметтік әділеттілік мәселесі. Кәсіподақ бар жерде әділдік те болады», – дейді Сатыбалды Дәулеталин.
Жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері алдында Кәсіподақтар федерациясының төрағасы еңбеккерлердің мүддесін қорғау бойынша бірқатар бірінші кезектегі міндеттерді атап өтті.
Еңбекті қорғау мәселелеріне ерекше көңіл бөлуге шақырды.
«Жыл сайын 200-ге жуық адамның жұмыс орнында қаза табуы Кәсіподақтар федерациясын қатты алаңдатады. Бұл үлкен трагедия. Біздің талдауымыз көрсеткендей, өліммен аяқталатын жазатайым оқиғалардың 70 пайызы кәсіподақ жоқ ұйымдарда болған. Сондай-ақ, жазатайым оқиғалардың 65 пайызы жұмыс берушілердің кінәсінен орын алады», — деді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Ең маңызды мәселелердің қатарында ҚРКФ басшысы еңбекақыны атап өтті. ҚРКФ басшысы Кәсіподақтар федерациясының еңбек заңнамасын жетілдіру бойынша жұмысшылардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамаларына тоқталды. Бұл жерде еңбекке ақы төлеудің әділ жүйесін қалыптастыру, жалақыны заңнамалық тұрғыдан индекстеу, жұмыскерлерді өндірісті басқаруға тарту, еңбек консультациялары және т.б. айтылуда.
Сатыбалды Дәулеталин атап өткендей, өткен жылы туындаған 79 еңбек дауының 90 пайызы жұмысшылардың жалақысының төмендігіне наразылығына байланысты.
Бұл ретте ол әлеуметтік әріптестік аясындағы келіссөздер арқылы бұл мәселелерді шешудің маңыздылығын атап өтіп, оны сындарлы түрде дамытуға шақырды.
«Еңбек адамы – мемлекеттің ең басты құндылығы, оның өсіп-өркендеуі мен экономиканың өсуіне ықпал етеді. Біз Еңбек адамын құрметтеп, қолдауымыз керек. Бұл мәселеде кәсіподақтардың рөлі басым болуы керек. Кәсіподақ – жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы сенімді көпір», – дейді Сатыбалды Дәулеталин.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы