Бүгін Алматыда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Халықаралық еңбек ұйымымен бірлесіп ұйымдастырған «Еңбек нарығын дамыту және лайықты еңбекті қамтамасыз ету үшін цифрлық түрлендірулерді пайдаланудағы кәсіподақтардың рөлі» атты Орталық Азия елдерінің аймақтық конференциясы өз жұмысын бастады.
Форумға ХЕҰ/ACTRAV Еңбеккерлер мүддесі үшін қызмет бюросының директоры Мария Хелена Андре, ХЕҰ/ACTRAV Еуропа және Орталық Азия бөлімінің жетекшісі Сергеюс Гловацкас, Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің өкілдері – Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан және Өзбекстан ұлттық кәсіподақ орталықтары, сондай-ақ Түркіменстан мен Молдова кәсіподақтарының көшбасшылары, әлеуметтік әріптестер қатысуда.
Екі күн ішінде халықаралық сарапшылар цифрлық технологиялар дәуірінде еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаудың жаңа тәсілдерін ұсынады. Халықты жұмыспен қамтуға әсер ететін жаһандық дағдарыс құбылыстары қарастырылады.
Конференцияға қатысушыларға арнаған сөзінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Орталық Азия өңірінің мемлекеттері, оның ішінде Қазақстан да экономикалық даму стратегиялары мен бағдарламаларында қазірдің өзінде экономиканың цифрлық трансформациясының сын-тегеуріндеріне жауаптарды әзірлеу бойынша бірқатар міндеттерді шешіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, цифрлық экономиканы дамыту еңбек нарығының сандық параметрлерін өзгертуді ғана емес, сонымен қатар жұмыскерлер мен жұмыс берушілер арасындағы өзара іс-қимыл форматын да өзгертуді көздейді.
«Қазіргі уақытта цифрландыру бар жұмыс орындарын түрлендіруде, еңбеккерлерден жаңа міндеттерді орындау үшін жаңа дағдыларды талап етеді, бұл тұрақты кәсіби дамуды, жаңа білім мен дағдыларды меңгеруді қажет етеді. Осыған байланысты кәсіподақтар жұмыскерлердің құқықтарын басты қорғаушылар ретінде еңбеккерлердің мүдделерін шебер қорғап қана қоймай, цифрландыру жағдайында еңбек қатынастарын ауыртпалықсыз ауыстыру үшін шешімдер ұсынуы керек», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Форумға қатысушылар алдында сөз сөйлеген ХЕҰ/ACTRAV Еңбеккерлер мүддесі үшін қызмет бюросының директоры Мария Хелена Андре форумды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясына алғысын білдірді және ҚРКФ Төрағасын кәсіподақ ортасынан сайлаудағы демократиялық қадам аймақтағы кәсіподақтар қозғалысы үшін жақсы үлгі екендігін атап өтті.
Баяндамашы Халықаралық еңбек ұйымының аймақтағы кәсіподақтар бірлестіктері үшін негізгі ұсыныстарын айқындап берді. Оның пікірінше, бүкіл әлемде цифрлық технологиялардың дамуымен туындаған еңбек нарығындағы UBERизация жұмыспен қамтудың жаңа түрі – платформаны ғана емес, сонымен қатар жұмыс берушілер мен еңбеккерлер арасындағы әлі реттелмеген қарым-қатынастарды еңбек нарығына енгізді.
«Халықаралық еңбек ұйымы халықаралық және ұлттық деңгейдегі әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеушілерді келіссөздер үстеліне отыруға және платформалық жұмыспен қамтуды ұйымдастыру және осындай жұмыскерлердің мүдделерін қорғау мәселелерінде еңбек заңнамасындағы олқылықтар бойынша бірлесіп жұмыс істеуге шақырады. Олардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету, кәсіподақтармен бірлесіп, өзекті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау және жұмыскерлердің жеке деректерінің цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет», – деді Мария Хелена Андре.
Оның айтуынша, ұлттық деңгейдегі әлеуметтік әріптестер үшін басымдықтар: жұмыс орнындағы еңбектің іргелі қағидаларын сақтау, ХЕҰ-ның 155 және 187 конвенцияларын ратификациялау және іске асыру мәселелері бойынша консультативтік-кеңесші органдарды өзектендіру, сондай-ақ экономиканың әртүрлі салаларындағы жұмыскерлердің әлеуметтік теңдігін қамтамасыз ету болуы тиіс.
«Халықаралық еңбек ұйымы аймақтың ұлттық кәсіподақ орталықтарының негізгі конвенцияларды ратификациялау жолындағы күш-жігерін қолдайтынын білдіреді. Айта кету керек, ұжымдық жауапкершілік пен әлеуметтік диалог Қазақстанда және аймақтың басқа елдерінде белгілі бір нәтиже беруде», – деді Мария Хелена Андре.
Конференция модераторы, ХЕҰ/ACTRAV Еуропа және Орталық Азия бөлімінің жетекшісі Сергеюс Гловацкас тақырыпты жалғастырып, Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесінің аясында аймақтағы еңбекшілердің құқықтарын қорғау үшін қосымша тұрақтылық пен мүмкіндіктерді қамтамасыз етудің интеграциялық факторы халықаралық кәсіподақ қозғалысын дамытудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылатынын атап өтті.
Халықаралық сарапшылар платформалық жұмыспен қамту жағдайында еңбек қатынастарын дамыту туралы өз көзқарастарымен бөлісті. Айта кету керек, экономикаларды цифрландыру жағдайындағы кәсіподақтардың қызметі туралы конференция заманауи коммуникациялық платформаларды пайдалана отырып өткізілуде. Мәселен, ХЕҰ-ның Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша бюросының сарапшылары Казутоши Чатани мен Майкл Ватт Еуропадан конференцияға қатысушылармен аудиовизуалды платформа арқылы әңгімелесті.
Қазіргі дағдарыс құбылыстарының ықпалы туралы тақырыптың жалғасында ұлттық кәсіподақ орталықтарының өкілдері елдері бойынша баяндамалар жасады. ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева әріптестеріне Қазақстанның еңбек нарығындағы жағдай туралы айтып берді. Оның айтуынша, Ұлттық статистика бюросының ағымдағы кезеңдегі деректері бойынша жұмыспен қамтылғандар саны 8 миллионнан астам адамды құрайды, оның ішінде 2 миллионнан астамы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Бейресми жұмыспен қамтудың жоғары деңгейі көбінесе жұмыс орындары сапасының нашарлауына және соған байланысты төмен жалақы мәселелеріне, оқытуға қолжетімділіктің шектелуіне және әлеуметтік қамсыздандырудың немесе еңбек шарттары бойынша еңбекті қорғаудың аз немесе мүлдем болмауына әкеледі. Бұл құрамдастардың әрқайсысы еңбек нарығының сапасына ғана емес, ең алдымен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың әл-ауқатына кері әсерін тигізеді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы қолданыстағы еңбек заңнамасына өзгерістер енгізу бойынша бірнеше жұмыс топтарына қатысады, сондай-ақ еңбек саласындағы өзекті мәселелерді шешу үшін Үкіметке бірқатар іс-шараларға бастамашылық етеді.
Мәселен, Бас келісімде кәсіподақтардың көптеген бастамалары қамтылды.
«Кәсіподақ Бас келісімге ең төменгі жалақы мөлшерін кезең-кезеңімен ұлғайту, оны жыл сайынғы индексациялау, ХЕҰ-ның «Дамушы елдерге ерекше назар аудара отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» №131 конвенциясын ратификациялау, әлеуметтік әріптестермен «Лайықты еңбек» тұжырымдамасын жүзеге асыру үшін Жол картасын әзірлеу мәселелерін енгізуге қол жеткіздік. Біз әлеуметтік әріптестерге ең төменгі жалақыны анықтау әдістемесін әзірлеу және оны дәйекті түрде арттыру қажеттігі туралы мәселені бірнеше рет ұсындық. Президент Жолдауында кәсіподақтың бұл бастамасын қолдайтыны көрініс тапты. Мемлекет ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесін енгізеді, ол оның мөлшерін кезең-кезеңімен ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ал қазірдің өзінде келесі жылдың басында ең төменгі жалақы 60-тан 70 мың теңгеге дейін өседі. Бұл жұмыс істейтін 1,8 миллион қазақстандыққа тікелей әсер етеді», – деді Гүлнар Жұмагелдиева.
Үстіміздегі жылдың сәуір айында Үкімет қабылдаған 2025 жылға дейінгі халық табысын арттыру бағдарламасына енгізу үшін Кәсіподақтар федерациясы да бірқатар ұсыныстарға бастамашы болды.
Ең алдымен Кәсіподақтар федерациясы еңбекақы жүйесін анықтау тетіктерін қайта қарау туралы ұсыныс жасады. Бағдарламаны іске асыру халықтың нақты табыстарының орташа жылдық өсу қарқынын 4-5% деңгейінде, 2 миллионнан астам жұмыс орнын құруға, ЖІӨ-дегі жалақы үлесін 38,5%-ға дейін және еңбек табысын 82%-ға дейін арттыруға әкеледі деп күтілуде. Облыс, аудан, қала әкімдері үшін Бағдарламада халықтың әрбір 10 мың тұрғынына кемінде 100 жаңа жұмыс орнын құру индикаторы белгіленгенін айта кеткен жөн.
Ұлттық кәсіподақ орталықтарының өкілдері өз елінің презентацияларында кәсіподақтардың әлеуметтік-еңбек қатынастарын одан әрі дамыту бойынша атқарып жатқан шаралары туралы айтты.
Тәжікстанның Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясының өкілі Джамшед Юнусов елдегі еңбекке қабілетті 5,5 миллион халықтың 53,4 пайызы бейресми жұмыспен қамтылғанын, сондықтан конференцияның ұсыныстары Тәжікстан кәсіподақтарының қызметі үшін өте өзекті екенін айтты.
Өз кезегінде Молдова Кәсіподақтар конфедерациясы төрағасының орынбасары Серджиу Саинчук өз елінің еңбек саласындағы басты мәселелердің бірі жұмыс орындарының жабылу қарқынының артуы және жұмыссыздықтың теріс өсуі болып табылатынын айтты. Жағдайды көршілес Украинадан босқындардың көбеюі қиындатып отыр.
Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Бахтиёр Махмадалиев Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесінің ІІ отырысы аясында Ташкентте ашылған Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының базасында білім беру бағдарламаларын дамыту бойынша ұлттық кәсіподақ орталықтарының бірлескен жұмысына тоқталды.
Түркіменстанның Ұлттық кәсіподақ орталығы төрағасының орынбасары Сапар Атабердиев конференцияға қатысушыларды Түркіменстан кәсіподақтарының ОАЕКК қызметіне бірігу ниеті туралы хабардар етті.
Моңғолия Кәсіподақтар конфедерациясы төрағасының кеңесшісі Сухбаатар Залмаа да бірнеше апта бұрын Моңғолия мүше болған ОАЕКК аясында ұлттық кәсіподақтардың өзара іс-әрекеттерін одан әрі дамыту мен нығайтуды қолдады.
Цифрлық платформалардағы жұмыспен қамтудың қазақстандық кейстерін форумға қатысушыларға ҚРКФ Әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік әріптестік комитетінің төрағасы Сәруар Кенжеболат таныстырды.
Тақырып жалғасын тауып, цифрлық платформалардың Қазақстан экономикасы мен еңбек нарығына қалай әсер ететіні туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Дәулет Арғандықов баяндады.
Конференцияның бірінші күнінің соңында Халықаралық еңбек ұйымы мен Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесінің мүшелері арасында Алматы декларациясына қол қойылды. Құжатқа сәйкес, ХЕҰ/ACTRAV және ОАЕКК ынтымақтастығы маңызды экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектесу және Орталық Азия аймағындағы экономикалық прогресті ынталандыру үшін ОАЕКК әлеуетін нығайтуға бағытталатын болады.
Жұма күні, 7 қазанда Орталық Азия елдері кәсіподақтарының аймақтық конференциясы өз жұмысын жалғастырады, оның қатысушылары аймақтағы кәсіподақтардың экономиканы цифрландыру жағдайында жұмыскерлердің мүдделерін қорғау бойынша одан әрі тиімді жұмысы үшін тиісті ұсыныстар әзірлейді.
ҚРКФ медиаорталығы