Женевада 111-ші Халықаралық еңбек конференциясы өз жұмысын жалғастыруда, оған Төраға Сатыбалды Дәулеталин бастаған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының делегациясы қатысуда.
Конференция аясында қазақстандық делегация ХКК пленарлық отырыстары мен комитеттеріне белсенді қатысуда, сондай-ақ, халықаралық ұйымдар мен ұлттық кәсіподақ орталықтарының өкілдерімен кездесулер өткізеді.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин мен Әзірбайжан Кәсіподақтар конфедерациясының төрағасы, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының вице-президенті Саттар Мехбалиевтің келіссөздері барысында тараптар еңбеккерлердің әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау, халықаралық еңбек стандарттарын алға бастыру және кәсіподақтар арасындағы көпжақты әріптестікті нығайту бойынша ынтымақтастықтың алдағы жоспарларын белгіледі.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының делегациясы австралиялық кәсіподақтардың өкілдерімен кездесіп, ХЕҰ сессиясының күн тәртібіндегі мәселелерді, соның ішінде, Әлеуметтік әділдік коалициясын құру, сапалы кәсіптік оқыту, тұрақты экономикаға әділетті көшу мәселелерін талқылады.
Айта кету керек, ХКК 111-ші сессиясы аясында Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі мен ACTRAV/ХЕҰ Еңбеккерлер бюросы арасында алғаш рет келіссөздер жүргізілді. ОАЕКК Бас хатшысы, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, ACTRAV/ХЕҰ директоры Мария Хелена Андре, Орталық Азия және Шығыс Еуропа елдері бойынша сектор меңгерушісі Сергеюс Гловацкас және Моңғолия мен Өзбекстанның ұлттық кәсіподақ орталықтарының өкілдері Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесін одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, тараптар Кеңес пен Халықаралық еңбек ұйымы арасындағы өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың басымды жоспарларын қарастырды.
Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің Бас хатшысы Сатыбалды Дәулеталин Кеңес аясында ұлттық кәсіподақ орталықтары атқарып жатқан жұмыстарға тоқталды. Кәсіподақтардың жастар саясатының өзекті мәселелеріне, коммуникациялық стратегияға, Орталық Азия аймағындағы туризмді дамытуға, сондай-ақ, Орталық Азия еңбекшілерін бірлесіп сауықтыру жоспарларына баса назар аударылды. Сатыбалды Дәулеталин атап өткендей, жақын арада ОАЕКК аясында климаттың өзгеруі, еңбек көші-қоны, қауіпсіздік және еңбекті қорғау, кәсіподақ білім беру мәселелері бойынша ұлттық кәсіподақ орталықтары жұмысының одан әрі бағыттары айқындалады.
Өз кезегінде ACTRAV/ХЕҰ Еңбеккерлер бюросының басшылығы Орталық Азия елдері кәсіподақтар кеңесінің қызметін қолдайтынын білдірді және ХЕҰ тарапынан техникалық және сараптамалық көмекті күшейтуге сендірді.
Тараптар ХЕҰ мен ОАЕКК арасындағы Женева кездесуін тарихи оқиға ретінде атап өтті.
Еске салайық, 5-16 маусым аралығында Женевада Халықаралық еңбек ұйымының 111-ші жыл сайынғы конференциясы өтуде. ХЕҰ-ға мүше 187 елдің еңбеккерлерін, жұмыс берушілерін және үкіметтерін білдіретін делегаттар кең ауқымды мәселелерді талқылайды, соның ішінде: тұрақты және инклюзивті экономикаға әділ көшу, сапалы оқыту, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау.
ҚРКФ медиаорталығы