Түркістанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» Ұлттық Құрылтайының ІІ отырысы өтті. Форумға мемлекет және қоғам қайраткерлері, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қоғам дамуының түрлі салаларының сарапшылары қатысты.
Ұлттық Құрылтай отырысын ашқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай бұл – арқаны кеңге салып отыратын жиын да, сән-салтанатпен өткізетін той да еместігін, бабаларымыз маңызды шешім қабылдар кезде немесе елге қатер төнген сын сағатта құрылтай шақырғанын атап өтті.
«Бүгінгі құрылтайдың отырысы еліміздегі қайғылы оқиғадан кейін өтіп жатыр. Абай облысында алапат өрт шығып, азаматтарымыз қаза тапты. Тағы да қайталап айтқым келеді: біз мұндай оқиғадан сабақ алуымыз керек, нақты шешімдер қабылдауымыз қажет. Ел басына түскен қиындықтар, ең алдымен, біздің береке-бірлігімізді сынға салады. Осындай күрделі сәттер, ең бастысы – шынайы жанашырлық және терең жауапкершілік таныту қажет екенін айқын көрсетеді. Мұны өздеріңіз өте жақсы түсініп отырсыздар», – деді Президент отырысқа қатысушыларға.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде қазақстандық қоғам мен жалпы мемлекет алдында тұрған бірқатар басым міндеттерді атап өтіп, әділетті Қазақстанды құру министрлер мен әкімдердің ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті екенін жеткізді. Бұл мақсатқа жету үшін саяси және экономикалық реформаларды жүргізу жеткіліксіз. Халық бірлігін сақтап, тарихи-мәдени мұраны жаңғыртып, жастарды тәрбиелеп, қолдап, ауылды көркейтуге тиісті көңіл бөліп, елінің адал азаматы болу керек.
«Әділетті Қазақстан» және «Адал азамат» ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс. Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет», – деп атап өтті Президент.
«Қажетсіз мамандық болмайды, біліксіз маман болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Ерінбей еңбек еткен жан өз ісінің майталманы атанады. Ал кәсібін толық меңгерген адам қашанда сұранысқа ие болады», – деп атап өтті Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ««Еңбек күніне» орай ең үздік мамандарды мемлекеттік деңгейде ұлықтаған жөн» деп есептейді.
«Нағыз еңбек адамы дегеніміз кім? Бұл, ең алдымен, өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман. Нағыз еңбек адамы бұл – істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат. Ал жауапсыздықтың салдары неге апарып соқтыратыны кешегі өрт кезінде айқын көрінді. Осындай келеңсіз жағдайлар тек орман шаруашылығында емес, басқа да салада бар», – деп санайды Тоқаев.
Мемлекет басшысы мемлекеттік басқару саласындағы реформалар туралы айта келе, өзгерістер жалғасатынын атап өтті.
«Басшылық құрамды жаңарту жұмысы жалғасын табады. Мемлекет басшысы ретінде айтарым, министрлердің, әкімдердің және басқа да мемлекеттік қызметшілердің бойында негізгі екі қасиет болуы керек. Бұл – профессионализм, яғни нағыз маман болу және отаншылдық. Ал олардың Президенттің жеке басына адалдығы мен үшін маңызды емес.
Мемлекет басшысын мадақтаудан гөрі жұмысты адал атқарып, халықтың алдында абыройлы болу әлдеқайда маңызды. Барлық мемлекеттік қызметшілерге осыны айтқым келеді», – атап өтті Президент.
Мемлекет басшысы сөзінің негізгі лейтмотивтерінің бірі – аумалы-төкпелі заманда қоғамның бірлігі мен консолидациясы тақырыбы болды.
Ал, Ұлттық Құрылтайға қатысушылар бір күн бұрын қоғамдық консолидация, мәдениет пен білім саласын дамытудың өзекті мәселелерін талқылап, секцияларда жұмыс жасады.
«Қоғамдық консолидация» атты бірінші секцияда Ұлттық Құрылтайдың мүшесі, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин сөз сөйледі. Сатыбалды Дәулеталиннің пікірінше, Құрылтай белгілі бір деңгейде азаматтардың саяси үдеріске қатысуының төмен деңгейін өтеп, қоғамдық консолидацияның қосымша тетіктерін қалыптастырады.
«Мемлекеттің таяу болашаққа арналған негізгі құралдық әлеуметтік-саяси идеясы консолидация идеясы екені қуантады. Құрылтай азаматтық қоғам үшін әлеуметтік диалог арқылы биліктің, мемлекеттің іс-әрекетін оның мүдделерімен байланыстыратын құралдардың біріне айналуы тиіс», – деді ҚРКФ Төрағасы.
Сатыбалды Дәулеталиннің пікірінше, адам құқықтарының қорғалу деңгейінің, мемлекеттің әділдігінің және оның азаматтық қоғамының жетілгендігінің негізгі әлеуметтік белгісі – еңбекшілердің қауіпсіздігі.
«Елімізде жалдамалы қызметкерлердің еңбек құқықтарын сақтау және қорғау көптеген қиындықтарға тап болады. Негізгі қиындық – жалақының тоқырауы және еңбек табысының төмендеуі. Мұның барлығының астарында адамдардың әлеуметтік әл-ауқаты, бүгіні мен ертеңіне деген сенімі жатыр. Қоғамда орын алатын пессимизм табыстың теріс динамикасының объективті фактісімен ақталады. Арзан жұмыс күші экономиканы бұзады, ал адамның лайықты еңбегі «арзан» бола алмайды!», – деп атап өтті кәсіподақ көшбасшысы.
Сатыбалды Дәулеталин атап өткендей, бағаланбаған еңбек санада «кедейшілік» тудырады. Соның салдарынан әлеуметтік және экономикалық қорғансыздық көптеген қарапайым жұмыскерлерде өздерінің құқықтары мен отбасыларының мүдделерін қорғау үшін барынша шектен шыққан және стихиялық шараларға баратын алаңдаушылық пен үмітсіздік сезімін тудырады. Мұндай көзқараспен дағдарысты сындарлы еңсеріп, Жаңа Әділетті Қазақстанды құру мүмкін емес.
Қиындықтарды атай отырып, ҚРКФ Төрағасы оларды еңсеру жөніндегі өз көзқарасымен бөлісті.
«Елдегі қоғамдық-саяси жағдайды басқару мүмкіндігін сақтау үшін еңбек қатынастарының сапасына жүйелі түрде қол жеткізу қажет. Әлеуметтік-еңбек саласындағы жағдай еңбек адамына шұғыл бет бұруды талап етеді. Қазақстандық еңбеккерлермен жаңа қоғамдық шарт жасау керек. Соңғы отыз жылдан бері қолданыста болған «ескі» қоғамдық шарттың күші жетпейді, ұлғаймайды. Жаңа шарттың мәні қызметкерлерге табыстың артуы және жұмыс берушімен құқықтық салада мәселені реттеу мүмкіндігі қажет. Бұл елдегі әлеуметтік шиеленісті азайту ғана емес. Бұл – әлеуметтік әділеттілік пен еңбекшілердің мемлекетке деген сенімін қалпына келтіру туралы мәселе. Бүгінде үкімет үшін де, кәсіподақ қозғалысы үшін де өркениетті еңбек нарығын құру маңызды. Бітпейтін тесіктерді «жамау» емес, уақытша ымыраға келу мен ең аз өтемақы іздеу емес, заманауи еңбек нарығын қалыптастырудың стратегиялық мәселесін шешу. Қызметкерлерді қорғау деңгейін де, құқықтық құралдарды қолданудың тиімділігін де, кәсіподақтар қызметтерінің табыстылығын да анықтайтын оның нақты жағдайы. Конституцияны, заңдарды қатаң сақтау керек, кәсіподақтардың қызметіне жұмыс берушілер мен мемлекеттік органдардың араласуына жол бермеу маңызды», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Еске салайық, Президент Ұлттық Құрылтай құру туралы жарлыққа былтыр қол қойған болатын. Ұлттық Құрылтай Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады. Ұлттық Құрылтайдың негізгі міндеттері – қоғамдық консолидацияны дамыту, ұлттық құндылықтарды насихаттау және нығайту бойынша ұсыныстар әзірлеу және енгізу; қоғам, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор және мемлекеттік органдар өкілдерінің конструктивті диалогын қамтамасыз ету. Президенттің Жарлығымен Ұлттық құрылтайға бірден екі Қазақстанның ұлттық кәсіподақ орталығының өкілі – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин мен Шымкент қалалық аумақтық кәсіподақ бірлестігінің басшысы Бауыржан Әлтеев енгізілді.
Ел Президентінің ұсынысымен Ұлттық Құрылтайдың ІІІ отырысы келесі жылы Атырау облысында өтеді.
ҚРКФ медиаорталығы