2026 жылғы 1 маусымда Женева қаласында еңбек саласының болашағын талқылайтын маңызды жаһандық алаңдардың бірі саналатын Халықаралық еңбек ұйымы Халықаралық еңбек конференциясының (ХЕК) 114-сессиясы өз жұмысын бастады. Форум жұмысына ХЕҰ-на мүше 187 мемлекеттің үкіметтері, жұмыс берушілері мен жұмыскерлерінің өкілдері қатысуда. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының делегациясы Федерация Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған құрамда алдағы жылдардағы жаһандық еңбек нарығының бағыт-бағдарын айқындайтын күн тәртібін талқылауға белсенді қатысуда.
Сессияның алғашқы күні ХЕҰ Бас директоры Жильбер Унгбо ұсынған «Таңдау сәті: лайықты еңбекті қамтамасыз ету үшін жасанды интеллектіні пайдалану» атты баяндамаға ерекше назар аударылды. Құжатта жасанды интеллект еңбек нарығын өзгертудің негізгі факторларының біріне айналғаны атап өтіліп, оның еңбек өнімділігін арттыруға және кәсіпорындардың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашумен қатар, жұмыспен қамтудың болашағы мен жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалуына қатысты алаңдаушылық туғызатыны көрсетілген.
«Технологиялық прогресс – еңсерілмейтін күш емес. Мұнда саяси шешімдер, институттар мен басқару маңызды рөл атқарады. Үкіметтерді, жұмыс берушілер мен жұмыскерлерді біріктіре отырып, біз жасанды интеллектіні адамға бағдарланған тәсілмен дамытуға ықпал ете аламыз. Бұл ретте технологиялық прогресс дәуірінің өзегінде адам тұруы тиіс», – деді Жильбер Унгбо.
Баяндамада жаһандық экономикалық өсімнің баяулауы мен еңбек нарығындағы құрылымдық өзгерістер жағдайында әлемдік экономика 2026 жылдың өзінде толық жұмыспен қамтылған 14 миллион жұмыс орнының баламасынан, ал 2027 жылы 38 миллионға дейін айырылуы мүмкін екендігі көрсетілген. Сонымен қатар, еңбек табыстарының жиынтық шығыны 3 триллион АҚШ долларына жетуі ықтимал.
Сонымен бірге ХЕҰ сарапшылары жасанды интеллект мамандықтарды толық алмастырмайтынын, керісінше олардың ішіндегі жекелеген міндеттерді өзгертетінін атап өтеді. Мысал ретінде денсаулық сақтау саласы келтірілген. Онда технологиялар диагностикалық деректерді талдауды жеделдете алады, алайда түпкілікті шешім қабылдау, пациенттермен қарым-қатынас жасау және емдеу стратегиясын айқындау мамандардың құзырында қалады.
Баяндамада технологиялық өзгерістер қарқыны мен кадрларды даярлау деңгейінің сәйкес келмеуінен туындайтын тәуекелдерге де ерекше назар аударылған. Негізгі сын-қатер жұмыс орындарының қысқаруында емес, жұмыскерлерді қайта даярлау мен жаңа жағдайларға бейімдеудің қажеттілігінде екені атап өтіледі. Тиімді оқыту жүйелері болмаған жағдайда бұл әлеуметтік теңсіздіктің өсуіне және білікті әрі біліктілігі төмен жұмыскерлер арасындағы алшақтықтың ұлғаюына алып келуі мүмкін.
Осыған байланысты ХЕҰ мемлекеттерді өмір бойы білім алуды әлеуметтік және экономикалық саясаттың негізгі элементі ретінде қарастыруға шақырады. «Өмір бойы білім алу және болашақтың дағдылары» атты баяндамада инклюзивті білім беру жүйелеріне инвестиция салу теңсіздіктің өсуінің алдын алудың және орнықты дамуды қамтамасыз етудің маңызды факторы ретінде көрсетілген.
4 маусым күні ХЕК-ның 114-сессиясы аясындағы жалпы пікірталаста Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин сөз сөйлеп, цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізу мәселелері бойынша қазақстандық кәсіподақтардың ұстанымын таныстырды.

Конференция қатысушыларына арнаған сөзінде кәсіподақ көшбасшысы жасанды интеллект бүгінде жұмыспен қамту құрылымына, еңбекті ұйымдастыруға және жұмыскерлердің кәсіби құзыреттеріне қойылатын талаптарға елеулі ықпал етіп отырғанын атап өтіп, еңбек ұжымдарының алаңдаушылығын жеткізді.
«Қазақстан кәсіподақтарының атынан сөз алу және өңіріміздегі миллиондаған еңбеккерлердің мүддесін білдіру мен үшін үлкен мәртебе. ХЕҰ Бас директорының баяндамасы бүгінде бүкіл әлем жұмыскерлерін толғандырып отырған мәселені көтереді. Әңгіме технологиялардың өзінде емес. Әңгіме жасанды интеллект дәуіріндегі еңбек адамының болашағы туралы. Бүгінде жасанды интеллект еңбекті ұйымдастыруға, жұмыскерлерді бағалауға және жұмыспен қамту құрылымына ықпал етуде. Жаңа мүмкіндіктермен қатар жаңа тәуекелдер де пайда болуда. Кәсіпорындардағы жұмыскерлермен кездесулер барысында адамдарды технологияның өзі емес, өздерінің еңбек тағдырына ықпал ету құқығы сақтала ма деген сұрақ мазалайтынын көреміз. Олардың тәжірибесі ертең қажет бола ма? Жұмысқа қабылдау немесе жұмыстан босату туралы шешімді машина қабылдай ала ма? Алгоритмдердің қателіктері үшін кім жауап береді? Жаңа технологиялар теңсіздікті күшейтіп жібермей ме? Сондықтан біз Бас директор баяндамасының негізгі қорытындысын толық қолдаймыз: технологиялар адамға қызмет етуі тиіс, керісінше емес. Қазақстан мен Орталық Азия елдері үшін бұл мәселе ерекше өзекті», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Өз сөзінде ҚРКФ төрағасы Қазақстан үшін цифрлық трансформация мәселелерінің айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
«Біздің елімізде 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Жасанды интеллект туралы заң мен Цифрлық кодекс қабылданды. Мемлекет жаңа технологияларды дамытуға белсенді инвестиция салуда. Біз бұл бағытты қолдаймыз. Алайда технологияларды енгізу қарқыны еңбек адамын қорғау тетіктерін қалыптастырудан озып кетпеуі тиіс деп есептейміз. Жаңа технологиялар еңбек өнімділігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға және экономиканы дамытуға мүмкіндік береді. Бірақ цифрландыру кемсітушіліктің, ашық емес бақылаудың немесе еңбек құқықтарының әлсіреуінің себебіне айналмауы тиіс. Ешбір алгоритм жауапкершілікке ие емес. Жауапкершілікті әрдайым адам көтереді. Сондықтан кәсіподақтар цифрлық трансформация үдерістерінен шет қала алмайды. Біздің 2030 жылға дейінгі стратегиямызда цифрландыру жағдайындағы жұмыскерлердің құқықтарын қорғау басым бағыттардың бірі ретінде белгіленген. Сонымен қатар, жасанды интеллектіні қолдану кезінде жұмыскерлердің құқықтарын қорғау стандарттарын әзірледік. Олар қарапайым қағидатқа негізделген: жұмыскер өзіне қатысты жасанды интеллект қолданылып жатқанын білуге, шешімдердің қалай қабылданатынын түсінуге және оларға дау айтуға құқылы болуы тиіс. Бұл біз үшін тек реттеу мәселесі ғана емес, сенім мәселесі. Жұмыскерлердің сенімінсіз ешқандай цифрлық трансформация тұрақты болмайды», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Қазақстандық делегация басшысы атап өткендей, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы цифрландыру жағдайында жұмыскерлердің құқықтарын қорғауды өзінің қызметіндегі және әлеуметтік әріптестік жүйесін одан әрі дамытудағы негізгі бағыттардың бірі ретінде қарастырады.
«Бүгінде технологиялық өзгерістер басталған сәттен бастап әлеуметтік диалогтың қатар жүруі аса маңызды. Әділ цифрлық көшу мемлекет, жұмыс берушілер және жұмыскерлер арасындағы әріптестіксіз мүмкін емес. Мемлекеттер заманауи құқықтық ортаны қалыптастырады. Жұмыс берушілер инновацияларды жауапкершілікпен енгізуді және адами капиталға инвестиция салуды қамтамасыз етеді. Ал жұмыскерлер ұйымдары технологиялық өзгерістердің лайықты еңбек пен әлеуметтік әділеттілікті нығайтуына ықпал етеді», – деді Қазақстан кәсіподақтарының көшбасшысы.
Халықаралық еңбек конференциясының мінберінен сөз сөйлеген Сатыбалды Дәулеталин алдағы кезеңдегі бірлескен қызметтің негізгі бағыттарын айқындады.
«Біз ХЕҰ-ның жаңғырту күн тәртібін қолдаймыз және күш-жігерді үш бағытқа шоғырландыру қажет деп санаймыз.
Біріншіден, шешім қабылдау барысында адамның қатысу құқығы сақталуы тиіс. Жұмысқа қабылдау, жұмыстан босату, еңбекті бағалау және тәртіптік мәселелер толығымен алгоритмдерге берілмеуі керек.
Екіншіден, технологияларға салынатын инвестициялар адамдарға салынатын инвестициялармен қатар жүруі тиіс. Әрбір жұмыскер жаңа дағдыларды меңгеруге, қайта даярлаудан өтуге және еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделуге мүмкіндік алуы қажет.
Үшіншіден, еңбек саласында жасанды интеллектіні қолданудың заманауи халықаралық ережелері қажет. Еңбек саласында жасанды интеллектіні қолданудың жаһандық қағидаттарын талқылауды және цифрлық экономикаға арналған заманауи халықаралық еңбек стандарттарын қалыптастыруды бастайтын уақыт келді деп есептейміз. Жұмыскерлердің іргелі құқықтары жұмыспен қамтудың нысанына, цифрлық платформаға немесе қолданылатын алгоритмдерге қарамастан өзгеріссіз қалуы тиіс. ХЕҰ мұндай тәсілдерді жаһандық деңгейде қалыптастыру үшін барлық қажетті мүмкіндіктерге ие. Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің кәсіподақтары бұл жұмысқа қатысуға және өздерінің тәжірибелік үлесін қосуға дайын», – деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.
Сөзін қорытындылай келе, Сатыбалды Дәулеталин басты басымдықты атап өтті.
.jpeg)
«Бүгін біз технология мен адам арасынан таңдау жасап отырған жоқпыз. Біз дамудың қандай болатынын таңдап отырмыз. Адам алгоритмдерге бейімделетін даму ма, әлде технологиялар адамның әлеуетін ашуға көмектесетін даму ма? Тарих көрсеткендей, өзегінде адам тұрған шешімдер ғана тұрақты болады. Сондықтан біздің ортақ міндетіміз – жасанды интеллект еңбек адамының мүддесіне қызмет етіп, әлеуметтік әділеттілікті нығайтып, лайықты еңбекке ықпал етуін қамтамасыз ету. Біздің әдісіміз – диалог. Біздің күшіміз – ынтымақ. Біздің таңдауымыз – еңбек адамы», – деп түйіндеді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы.
Конференция жұмысы жалғасуда. Делегаттар Женева халықаралық конференциялар орталығында, Ұлттар сарайында және ХЕҰ штаб-пәтерінде платформалық экономика жағдайындағы лайықты еңбек, теңдік пен инклюзияны қамтамасыз ету, жұмыскерлердің іргелі құқықтарын қорғау және жасанды интеллектінің қарқынды дамуы дәуіріндегі әлеуметтік әділеттілік мәселелерін талқылауда.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникациялар орталығы.