Абай облысында жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды

Салалық және өңірлік жаңалықтар 13.11.2026

Абай облысында жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды

2026 жылдың 10 қарашасында Жаңасемей ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымы бастауыш кәсіподақ ұйымын құру ниетімен «Қазақстандық  салалық мәдениет,спорт,туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағының Абай облысы филиалына жүгінді. 

Осыған орай филиал төрағасы Гүлнар Оразбекова мен Абай облысы кәсіподақтар орталығының заңгері Сұлтанбек Оралбеков мекеме қызметкерлерімен кездесті. Олар ұжымға ынтымақтастық туралы келісім, Ұжымдық шарт және келісім комиссиясының жұмысы туралы кеңінен мәлімет беріп, қойылған сұрақтарға жауап берді.

Кездесу барысында заңгер Сұлтанбек Оралбеков Ұжымдық шарттың маңызын түсіндірді. ҚР Еңбек кодексіне сай жасалатын бұл құжат жұмыс беруші мен қызметкердің ортақ жауапкершілігін арттырады. Сондай-ақ еңбекақы төлеу, әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктер беру, қызметкерлердің денсаулығын сақтау және сауықтыру мәселелері де осы келісімде қамтылады. Заңгер жеке еңбек дауларын шешетін келісім комиссиясының құзыреті мен жұмыс тәртібіне де жеке тоқталды.

Ал филиал төрағасы Гүлнар Оразбекова 2024–2026 жылдарға арналған Облыстық келісім аясында қызметкерлерге берілетін әлеуметтік қолдауларды таныстырды. Оның айтуынша, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына шыққанда мекеменің барлық қызметкеріне, соның ішінде біліктілігі жоқ жұмысшыларға да бір айлық жалақы көлемінде сауықтыру жәрдемақысы төленеді. Бұдан бөлек, ядролық сынақтардың әсеріне ұшыраған аумақта тұратын қызметкерге ҚР Заңының 13-бабына сәйкес жыл сайынғы қосымша ақылы демалыс беріледі. Бұл жеңілдік 1991 жылдан кейін туғандарға да, қолында экологиялық куәлігі жоқ азаматтарға да ортақ. Сөз соңында филиал төрағасы ынтымақтастық туралы келісімнің кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғаудағы және ұжым бірлігін нығайтудағы рөлін атап өтті.

Жиын соңында Ұжымдық шартқа салтанатты түрде қол қойылды. Осылайша спорт мектебінің қызметкерлері өз еріктерімен жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрды. Гүлнар Оразбекова мен Сұлтанбек Оралбеков жаңа ұйым мүшелеріне алдағы бірлескен жұмыстарына сәттілік пен табыс тіледі.