Ақтөбеде білім беру ұйымдарының басшыларына арналған семинар өтті

Салалық және өңірлік жаңалықтар 13.11.2026

Ақтөбеде білім беру ұйымдарының басшыларына арналған семинар өтті

Ақтөбе облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының ұйымдастыруымен Мұғалжар ауданындағы білім беру мекемелерінің басшыларына арналған онлайн оқыту семинары өтті. Zoom платформасында ұйымдастырылған жиынға 60-қа жуық мекеме басшысы қатысты.

Оқытудың негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарындағы еңбек қатынастарын заң талаптарына сай реттеу, жұмыс берушілердің құқықтық сауаттылығын арттыру және еңбек заңнамасын тәжірибеде дұрыс қолдану жолдарын түсіндіру.

 

Семинарды Ақтөбе облысы кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова ашып, ұйымның негізгі қызмет бағыттарына тоқталды. Ол сала қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, еңбек қатынастарында заңдылықты сақтау және әлеуметтік әріптестікті нығайту кәсіподақ жұмысының басым бағыты екенін атап өтті.

Оқыту барысында кәсіподақ заңгері Нұрлан Жетпісбай білім беру ұйымдарының күнделікті қызметінде кездесетін еңбек заңнамасының өзекті мәселелеріне құқықтық түсіндірме берді. Атап айтқанда, еңбек шартын жасасу, ұжымдық шартты әзірлеу және рәсімдеу тәртібі, тараптардың міндеттемелері, жұмыс және тынығу уақытын есепке алу, сондай-ақ жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беру мәселелері жан-жақты қамтылды.

 

Сонымен қатар ұжымдық шарттың қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғаудағы маңызына ерекше назар аударылды. Мекеме басшыларына кадрлық құжаттаманы заң талаптарына сай жүргізу, еңбек шарттарының талаптарын сақтау және жұмыскерлердің құқықтарын қамтамасыз ету бойынша нақты ұсынымдар берілді.

Жиын соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тәжірибеде кездесетін түрлі жағдайларды талқылады. Кәсіподақ заңгері әрбір сауалға нақты жауап беріп, құқықтық мәселелерді шешу жолдарын түсіндірді.

 

Мұндай оқыту семинарлары еңбек заңнамасының мүлтіксіз сақталуына, жұмыс берушілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға және білім беру ұйымдарында әлеуметтік әріптестікті дамытуға бағытталған. Бұл – кәсіподақтың еңбек адамының құқықтарын қорғау жолындағы жүйелі жұмысының маңызды бөлігі.