Ғаммат Нұптіғалиұлы 1961 жылғы 10 тамызда Орал облысы, Казталов ауылында дүниеге келген. Балалық шағы ауылдың көркем табиғаты мен Қарасу өзенінің жағасында өтті. Болашақ азаматтың тұлға болып қалыптасуына отбасындағы тәлім-тәрбие, ата-ананың өнегесі мен өмірлік ұстанымдары айрықша ықпал етті.
Әкесінің қызмет бабына байланысты отбасы бірнеше елді мекенде тұрды. Ғаммат 1968 жылы Казталов ауылындағы А. Оразбаева атындағы мектептің табалдырығын аттап, 1976 жылы Орда ауданының Сайқын ауылына қоныс аударуына байланысты оқуын сол жерде жалғастырды. 1978 жылы М. Мәметова атындағы орта мектепті ойдағыдай аяқтады.
Еңбекке ерте араласқан кейіпкеріміз мектеп бітірген соң, 1978–1980 жылдары жұмыс істей жүріп, кешкі уақытта жүргізушілер даярлайтын мектепте білім алды. 1980–1982 жылдары Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын абыроймен өтеп, елге оралды.
Бала кезінен ауыл ағаларының төрт түлік малды емдеп, мал шаруашылығының дамуына қосып жүрген үлесіне қызыға өскен Ғамматтың мамандық таңдауы да осы саламен сабақтасты. 1982 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының зооинженерлік-ветеринариялық факультетіне оқуға түсіп, 1988 жылы мал дәрігері мамандығы бойынша жоғары білім алып шықты.
Еңбек жолын Орда ауданының Мұратсай совхозында мал дәрігері болып бастады. Кейін ардагер ата-анасына жақын болып, күнделікті қамқорлығын көрсету мақсатында Орал қаласына оралып, қалалық ветеринариялық станцияға жұмысқа орналасты.
1989–1991 жылдары Орал облыстық агроөнеркәсіп комитетінің туберкулез және бруцеллез ауруларына қарсы күрес экспедициясында, эпизоотиялық отрядта, сондай-ақ облыстық ветеринариялық зертхананың лейкоз бөлімінде мамандығы бойынша еңбек етті. Осы кезеңде кәсіби тәжірибесін молайтып, ветеринария саласының қыр-сырын терең меңгерді.
Кейін арнайы жолдамамен Ішкі істер министрлігі жүйесіне қызметке жіберілді. Құқық қорғау органдарындағы еңбек жолын учаскелік инспектор болып бастап, кейін карантин бөлімшесінің инспекторы, бөлімше бастығы қызметтерін атқарды. Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес табиғатты қорғау және ветеринариялық полиция бөлімін басқарды. Бұл жауапты қызметті 1997 жылдың шілде айына дейін абыроймен атқарып, басқа жұмысқа ауысуына байланысты ішкі істер органдарындағы қызметін аяқтады.
1997–2021 жылдар аралығында Қарашығанақ жобасы аясында жөндеу-құрылыс учаскелерінде күзет қызметін атқарды. Кейін «Мал дәрігерлік жәрдем» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына мал дәрігері болып жұмысқа қабылданды.
2022 жылы мемлекеттік тестілеуден сәтті өтіп, конкурс қорытындысы бойынша Орал қалалық аумақтық басқармасының ветеринария бөлімінің басшысы – Орал қаласының бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы лауазымына тағайындалды. Кейін еңбек жағдайының өзгеруіне байланысты бас маман қызметіне ауыстырылды.
2002 жылдан 2024 жылға дейін Орал қалалық аумақтық инспекциясында табан аудармай, 22 жыл бойы абыроймен қызмет атқарды. Мамандық бойынша жинақтаған көпжылдық кәсіби тәжірибесі мен мемлекеттік бақылау саласындағы мол білімін тиімді пайдалана отырып, жүктелген міндеттерді адалдықпен әрі жоғары жауапкершілікпен орындады. Сөйтіп, саналы ғұмырының басым бөлігін еңбекке арнаған азамат ұзақ жылғы жемісті қызметінің нәтижесінде заңды еңбек демалысына шықты.
Мінсіз қызметі мен кәсіби еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ішкі істер министрлігі жүйесінде және ауыл шаруашылығы саласында атқарған қызметі үшін бірнеше мәрте ақшалай сыйлықтарға, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарға ие болды.
2022 жылы Батыс Қазақстан облыстық мал дәрігерлері қоғамдық бірлестігінің мүшелігіне қабылданып, «Ветеринария саласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. 2024 жылы Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы саласының қоғамдық бірлестігі тарапынан «Құрметті ардагер» атағы берілді. Ал 2025 жылы «Ветеринария және азық-түлік қауіпсіздігі республикалық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің «Ветеринарияның құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.
Сонымен қатар, зейнет жасына жетсе де, салалық қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ветеринария саласының дамуына өз үлесін қосып келеді. Осы еңбегі мен Қазақстан Республикасының Ветеринария қызметкерлері күніне орай ағымдағы жылдың шілде айында Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының Алғыс хатымен марапатталды.
Кейіпкеріміз үшін өмірдегі басты құндылықтардың бірі – отбасы. Адам өмірінің мәні өзің таңдаған жармен шаңырақ көтеріп, ұрпақ тәрбиелеуде деп білетін Ғаммат студенттік шағында, 1987 жылы Гүлжанмен отбасын құрды. Содан бері ерлі-зайыптылар отбасылық құндылықтарды берік ұстанып, сыйластық пен өзара түсіністікке негізделген өнегелі ғұмыр кешіп келеді. Бірге жүріп өткен жылдарда ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде немере-жиен сүйіп отырған бақытты да берекелі әулетке айналды.
Ғаммат Нұптіғалиұлының өмір жолы – адал еңбектің, кәсіби жауапкершіліктің, ата-анаға деген құрмет пен отбасына деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі. Ол қай салада қызмет атқарса да, өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, ел игілігі жолында еңбек етуді басты ұстаным етті.
Еңбекпен өрілген осынау ғұмыр – жас ұрпаққа үлгі боларлық тағылымды өмір мектебі. Оның өнегелі жолы кейінгі буынға еңбекқорлықты, мамандыққа адалдықты, елге қызмет етуді және адамдық қасиеттерді бәрінен биік қоюды үйретеді.