Жұма күні, 13 қарашада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясында «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» жобасының кезекті онлайн-семинары өтті. Жиын «Кәсіподақтарға арналған жасанды интеллект. Қолдану нұсқаулығы: технологиялар, тәжірибе және ҚР ЖИ туралы заңы» тақырыбына арналды. Қатысушылар кәсіподақ ұйымдарының күнделікті жұмысында нейрожелілерді қалай қолдануға болатынын талқылады. Сондай-ақ оларға қандай міндеттерді сеніп тапсыруға болатынын және заңнаманың қандай талаптарын ескеру қажеттігін қарастырды.

Семинарды ҚРКФ Оқу орталығының директоры Ләззат Есжанова ашты. Ол цифрлық құралдар жұмыс барысын жеңілдетіп, оңтайландыруға көмектесетінін, бірақ оларды аса жауапкершілікпен пайдалану қажеттігін атап өтті.
«Жасанды интеллект кәсіподақ қызметіне жаңа мүмкіндіктер ашады. Дегенмен жаңа технологияларды меңгеру кезінде олардың мүмкіндіктері мен шектеулерін нақты түсіну маңызды. Ал қызметкерлердің құқықтары мен мүдделеріне қатысты шешімдерге әрқашан адам жауапты болуы тиіс», – деді Ләззат Есжанова.

Семинар спикері – ҚРКФ Цифрлық технологиялар департаментінің сарапшысы Әділет Қадірқұл нақты мысалдар арқылы нейрожелілердің кәсіподақ белсенділерінің жұмысын қалай жеңілдететінін көрсетті. Ол жарияланымдар, өтініштерге жауаптар, презентациялар, жиналыстың күн тәртібі мен баяндамаларды тез әрі сапалы дайындау жолдарына тоқталды. Сондай-ақ көлемді құжаттарды, соның ішінде ұжымдық шарт жобаларын талдау тәсілдерін түсіндірді.
Тыңдаушылар ChatGPT, Claude және Gemini сияқты танымал құралдармен танысты. Олардың әрқайсысы түрлі міндеттерді шешуге көмектеседі. Мысалы, тың идея табу, мәтін жазу, құжат талдау және интернеттегі ақпаратты бақылау сияқты жұмыстарды атқара алады.
Бірақ сарапшы нейрожелілердің қателесуі мүмкін екенін ескертті. Олар кейде заңда жоқ баптарды ойдан шығарып, жалған ақпарат береді. Сондықтан заңды құжаттар мен ҚР Еңбек кодексіне жасалған сілтемелерді міндетті түрде қайта тексеру керек.
Тәжірибелік бөлімде жасанды интеллектіге дұрыс сұраныс (промпт) жазу ережелері талданды. Әділет Қадырқұлдың айтуынша, жауаптың сапасы тапсырманың қаншалықты нақты берілгеніне байланысты. Ол үшін жағдайды дәл сипаттап, нейрожелінің рөлі мен нәтижеге қойылатын талаптарды анық жазу қажет. Бұл әдіс жұмыс берушіге ресми хаттар мен еңбек дауларына қатысты құжаттар дайындағанда өте пайдалы.

Сонымен қатар қатысушылар еліміздегі жасанды интеллектіні қолдану тәртібін талқылады. Жиында ҚР «Жасанды интеллект туралы» заңының негізгі талаптары қаралды. Атап айтқанда, технологияны ашық қолдану, ЖИ жұмысын адамның бақылауы, жеке деректерді қорғау және авторлық құқық мәселелері сөз болды.
Спикер заңның негізгі баптарына жеке-жеке тоқталды. 7 және 21-баптар бойынша нейрожелі жасаған контентті арнайы көрсетіп, бұл туралы оқырманға ескерту міндетті. 8 және 9-баптар барлық нәтижеге адам бақылау жасап, жауап беретінін бекітеді. Ал 17-бап адам санасына жасырын әсер етуге және биометриялық деректерді кемсітушілік мақсатта қолдануға тыйым салады.

Кәсіподақ қызметкерлердің өтініштері мен құжаттарын күн сайын өңдейді. Сондықтан құпиялылық мәселесі өте маңызды. Әділет Қадірқұл адамдардың рұқсатынсыз олардың жеке деректерін ашық нейрожелілерге жүктеуге болмайтынын еске салды. Бұған аты-жөні, ЖСН және жалақы туралы мәліметтер жатады. Бұдан бөлек, қатысушылар жасанды контентті белгілеу талаптары мен авторлық құқық ережелерін қарастырды.
Семинар соңында жаңа технологияларды қолданудың қауіп-қатері сараланды. Идея ойлап табу мен презентация жоспарын құру – қауіпсіз жұмыстар. Ал ұжымдық шарттарды талдау, заңды сұраныстар жазу және заң баптарын іздеу міндетті түрде тексеруді талап етеді. Жеке деректерді келісімсіз жариялауға және технологияны адамдарды алдау үшін қолдануға жол берілмейді.

Қатысушылар алған білімдерін құжат дайындау, өтініштермен жұмыс істеу және ақпарат тарату кезінде еркін қолдана алады. Сабақтың басты қағидаты мынадай: жасанды интеллект уақытты үнемдейді, бірақ фактілерді тексеру мен шешім қабылдау жауапкершілігі адамның өз қолында қалады.
Еске сала кетейік, «Кәсіподақ көшбасшысы мектебінің» сегізінші легінде 16 салалық кәсіподақтың өкілдері білім алып жатыр. Олар мұнай-газ, атом, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, теміржол, білім мен ғылым, мемлекеттік қызмет, банк және IT салаларынан келген. Сондай-ақ құрылыс, ТКШ, Қарулы күштер, машина жасау, мәдениет, спорт, туризм, ақпарат, байланыс және орман шаруашылығы мамандары да қатысуда.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы