Еңбек адамы: Кәсіби біліктілік пен адал еңбек үлгісі

Салалық және өңірлік жаңалықтар 16.11.2026

Еңбек адамы: Кәсіби біліктілік пен адал еңбек үлгісі

Қалиева Күләш – мұнай-газ және химия өнеркәсібінде көп жылдық тәжірибе жинақтаған білікті инженер-химик, ғылыми-зерттеу және ғылыми-техникалық жұмыстарды ұйымдастырушы. Ол  «Ынтымақ» салалық кәсіподағы Ақтөбе облысы филиалының бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшесі. Оның еңбек жолы ғылымды өндіріспен байланыстыруға, зерттеу нәтижелерін тәжірибеге енгізуге және отандық кәсіпорындардың ғылыми-техникалық әлеуетін дамытуға арналған.


Кәсіби қызметін ғылыми-зерттеу және инженерлік бағытта қалыптастырған Күләш Байзүкейқызы 1993 жылы PhD ғылыми дәрежесін алған. Еңбек жолының елеулі бөлігі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның мұнай-газ кен орындарын игеру жөніндегі ғылыми-зерттеу институтында өтті. 2018 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін осы мекемеде бас инженер қызметін атқарып, аккредиттелген сынақ зертханасының жұмысын ұйымдастыру мен үйлестіруге, зерттеу сапасын қамтамасыз етуге және техникалық-нормативтік талаптардың сақталуына жауап берді.


2007 жылдан бастап «Евразия ГеохимТехинжиниринг» ЖШС-де де қоса атқарушы ретінде еңбек етіп, 2018 жылға дейін инженер-химик болды. Зейнеткерлікке шыққан соң да кәсіби қызметін жалғастырып, ғылыми-зерттеу бөлімінің бастығы, кейін бас директордың ғылыми-зерттеу жұмыстары жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалды. Бүгінде кәсіпорындағы ғылыми және ғылыми-техникалық жұмыстарды үйлестіріп, химия саласындағы зерттеу бағыттарын дамытуға, технологияларды жетілдіруге және шығарылатын өнімнің сапасын қамтамасыз етуге үлес қосып келеді.


Оның қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі – кәсіпорынның ғылыми қызмет субъектісі ретіндегі мүмкіндігін кеңейту. Осы мақсатта ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін аккредиттеу лицензиясын алу және оның талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету жұмыстары ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта кәсіпорында 2024 жылғы 1 тамызда берілген №000598 лицензия бар.


Ғылыми ізденістерді нақты нәтижеге айналдыру бағытында да жүйелі жұмыс жүргізілуде. Күләш Байзүкейқызы ғылыми мақалалар әзірлеу мен жариялауға, өнертабыстарға патенттер және авторлық куәліктер алуға арналған жұмыстарды ұйымдастырады. Бүгінде серіктестіктің зияткерлік меншік қорында 11 патент пен 3 авторлық куәлік бар. Сонымен қатар кәсіпорын өнімдеріне арналған ұйым стандарттарын әзірлеу, ресімдеу, есепке алу және қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкес жаңарту жұмыстарын үйлестіреді.


Өндірістегі сапа мен өлшемдердің дәлдігін қамтамасыз ету де оның кәсіби міндеттерінің маңызды бөлігі. Атап айтқанда, Жаңажол кен орнындағы зертхананы аттестаттау жұмыстарының нәтижесінде 2025 жылғы 12 маусымда зертханадағы өлшемдер жай-күйін бағалау туралы №10 куәлік алынды. Зертхананың нормативтік құжаттамасын жыл сайын жаңарту, өлшеу құралдарын уақытылы салыстырып тексеру және сынақ жабдықтарының жағдайын бақылау жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Бұдан бөлек, сапа менеджменті, экологиялық менеджмент, еңбек қауіпсіздігі және денсаулық сақтау менеджменті жүйелері бойынша сертификаттарды алу мен олардың қолданысын қамтамасыз етуге жауап береді.


Күләш Қалиеваның жауапкершілігіндегі тағы бір бағыт – Жаңажол кен орнындағы сілті цехының жұмысын бақылау. Ол апта сайын есептік құжаттаманы тексеріп, сілті ерітіндісінің концентрация көрсеткіштерін қадағалайды. Бұл жұмыстар өндірістік технологияның сақталуына және белгіленген талаптардың орындалуына бағытталған.
Негізгі қызметімен қатар мұнай өнімдерінің сәйкестігін растау саласында сарапшылық жұмыс жүргізеді. Мұнай өнімдерінің сәйкестігін растау жөніндегі сарапшы-аудитор әрі «Ұлттық аккредиттеу орталығы» АҚ-ның техникалық сарапшысы ретінде өнімдердің белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалауға қатысады. Кәсіби қызметі Ақтөбе облысымен қатар Қазақстанның басқа да өңірлерін қамтиды.


Еңбек жолымен қатар отбасына да ерекше көңіл бөлген Күләш Байзүкейқызы – екі қыздың анасы. Қыздарының екеуі де мектепті «Алтын белгімен» тәмамдап, жоғары білім алған. Үлкен қызы Біріккен Ұлттар Ұйымында қызмет етеді. Кіші қызы Болгариядағы Америка университетін бітірген, бүгінде бала тәрбиесімен айналысады. Ана үшін қыздарының білімді, өз саласында қалыптасқан азамат болып өсуі – өміріндегі ең үлкен мақтаныштарының бірі.


Күләш Байзүкейқызының еңбек жолы – кәсіби білімді үздіксіз жетілдірудің, жауапкершілікпен қызмет етудің және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтудың үлгісі. Оның көпжылдық тәжірибесі мен атқарып жүрген жұмыстары еңбек адамының қоғам мен кәсіпорын дамуына қосатын үлесін айқындайды.