Елордалық жас ұстаздар өзара тәжірибе алмасты

Салалық және өңірлік жаңалықтар 16.11.2026

Елордалық жас ұстаздар өзара тәжірибе алмасты

Астана қаласының білім беру қызметкерлері Кәсіподағының ұйымдастыруымен жас педагогтерге арналған «Кәсіподақтағы жастар: идея, бастама, көшбасшылық» атты қалалық семинар-тренинг өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жас кәсіподақ белсенділерін анықтау, Кәсіподақтың кадрлық резервін қалыптастыру, жастардың біртұтас әрі ұйымшыл команда ретінде қалыптасуына ықпал ету және кәсіподақ қозғалысындағы жастар саясатын одан әрі дамыту.

 

Сонымен қатар семинар-тренинг аясында жас педагогтер арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, олардың кәсіби және көшбасшылық әлеуетін арттыру, сондай-ақ Кәсіподақтың жастар қозғалысына белсенді үлес қосып жүрген мүшелерін ынталандыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Семинар-тренингтің ашылу салтанатында Астана қаласының білім беру қызметкерлері Кәсіподағының төрағасы Батыр Әлиев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде жас педагогтерді қолдау, олардың бастамаларына жол ашу және жастардың кәсіподақ жұмысына белсенді араласуын қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды.

 

Шара аясында қатысушылар білім беру саласындағы өзекті тақырыптар мен кәсіби даму бағыттары бойынша мазмұнды дәрістер тыңдады. Атап айтқанда, Астана қаласы әкімдігінің Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясының директоры Айгүл Рамазанова педагогтерді аттестаттаудың жаңа қағидаларын түсіндірсе, №107 жайлы мектептің директоры Айгүл Бейсенбина заманауи менеджмент трендтері мен болашаққа көзқарас төңірегінде ой бөлісті. Сондай-ақ №4 мектеп-гимназия директорының орынбасары Ақгүл Рахметова идеядан нақты нәтижеге жетудің кәсіби жолдарын көрсетті. Ал осы білім ордасының информатика пәні мұғалімі әрі халықаралық сертификатталған бизнес-тренер Әсел Нұрбаева жас ұстаздың цифрлық мүмкіндіктері мен жасанды интеллект құралдарын тиімді қолдану тәсілдерімен бөлісті. Өз кезегінде Кәсіподақ төрағасы Батыр Әлиев «Педагог мәртебесі туралы» Заңның орындалуы мен білім беру ұйымдарындағы еңбекақы төлеу жүйесінің маңызды тетіктерін баяндады.

Семинар-тренингтің практикалық бөлімінде қатысушылар тақырыптық жобаларын таныстырып, өз идеялары мен бастамаларын ортаға салды. Жобаларды қорғау барысында жас педагогтер өзара тәжірибе алмасып, шығармашылық және көшбасшылық қабілеттерін көрсетті.

 

Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.