Президент Жолдауы: Жас кәсіподақ белсенділері депутаттармен еңбек саласындағы жаңа кепілдіктерді талқылады

Федерация жаңалықтары 16.11.2026

Президент Жолдауы: Жас кәсіподақ белсенділері депутаттармен еңбек саласындағы жаңа кепілдіктерді талқылады

16 қараша, дүйсенбі күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясында Құрылтай депутаттары мен жұмысшы жастар бас қосып, Президент Жолдауын талқылады. Жиынға қатысушылар қарапайым еңбек адамының жағдайына тікелей әсер ететін бастамаларға назар аударды: жалақыны өсіру, әлеуметтік қолдау, заңдарды жаңарту, цифрлық жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын ашу.

Бұл кездесуді ҚРКФ жанындағы «Келешек» Жастар кеңесі ұйымдастырды. Жиын модераторы – кеңес төрағасы Аян Сәлімгереев Жолдауда айтылған міндеттерге жас мамандардың көзімен қарап, олардың жастарға қандай мүмкіндіктер мен жауапкершілік жүктейтінін ортаға салуды ұсынды.

Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев кәсіподақ қозғалысының басты тірегі – өзара сенім, қолдау мен ынтымақтастық екенін айтты.

 

«Біздің кәсіподақ жүйесінде бір-бірімізге бауырқарау ежелден қалыптасқан. Бұл кәсіподақтың табиғатына сай дүние, біз өзімізді бір отбасындай сезінеміз. Еңбек ұжымында осындай татулық болса, жұмысшылар кез келген қиындықты бірге еңсеріп, тығырықтан шығар жол таба алады», – деді ол.

Жолдаудың негізгі тұстарына тоқталған Нұрлан Өтешев ең төменгі жалақының өсетінін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл өзгеріс шамамен 1,5 миллион жұмысшының табысына әсер етеді, ал олардың отбасын қоса есептегенде 4–4,5 миллионға жуық адамның жағдайын жақсартады.

 

ҚРКФ төрағасының орынбасары мемлекеттік көмекті тек шын мұқтаж жандарға ғана беретін атаулы әлеуметтік саясатқа көшуді де қолдайтынын жеткізді.

Ол еңбек нарығына серпін беретін тағы бір маңызды бағыт ретінде елдегі инфрақұрылымды дамытуды атады. Алдағы үш жылда түрлі нысандарды салу мен жаңартуға Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлінбек. Теміржол саласына, білім, денсаулық сақтау мен мәдениетке құйылатын бұл қаржы жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады.

 

«Бұл, ең алдымен, еңбек адамы үшін ашылатын жаңа жұмыс орындары. Жұмыспен қамтуға қосымша мүмкіндік беретін мұндай бастаманы біз қуана қолдаймыз. Дегенмен бөлінген қаражатты тиімді жұмсауға және қойылған міндеттерді орындауға әрқайсымыз үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек», – деді Нұрлан Өтешев.

Ол жас кәсіподақ көшбасшыларын Жолдауды ортақ іс-қимыл жоспары ретінде қабылдап, оны жүзеге асыруға белсене атсалысуға шақырды.

 

Құрылтай депутаты Гүлзира Атабаева алдағы уақытта азаматтық заңнама жаңарып, жаңа экономикалық қатынастар реттелетінін айтты. Ол қазіргі Азаматтық кодекстің 1994 және 1999 жылдары (Жалпы және Ерекше бөлімдері) қабылданғанын, содан бері оған 350-ден астам өзгеріс енгізілгенін еске салды. Бүгінде экономика дамып, цифрлық құқықтар пайда болды, азаматтар мен ұйымдардың өзара байланысы да өзгерді – кодексті жаңарту қажеттілігі осыдан туындап отыр.

Депутаттың сөзінше, жаңа кодекс келісімшарт еркіндігіне, тараптардың адалдығына негізделіп, азаматтық және жария-құқықтық нормалардың аражігін нақты ажыратуы тиіс. Құжатты дайындауға заңгерлер, ғалымдар мен қоғам белсенділері тартылмақ.

 

Кәсіподақтар үшін тағы бір өзекті мәселе – цифрлық платформалар арқылы жұмыс істейтін азаматтардың құқығын қорғау. Гүлзира Атабаеваның дерегінше, қазір елімізде 37 интернет-платформа бар, онда миллионнан астам адам нәпақасын тауып жүр. Бірақ олардың көбінде әлеуметтік кепілдік жоқтың қасы.

 

Депутат бұған қазан айында Yandex Go қосымшасында болған техникалық ақауды мысалға келтірді. Сол кезде жүйе істен шығып, жүргізушілер тапсырыс ала алмай, тапқан ақшасын шеше алмай қалған еді. Оның есебінше, бұл жағдай бір сәтте 500 мыңға жуық адамға қиындық туғызған.

 

Гүлзира Атабаева Кәсіподақтар федерациясының 2023 жылдан бері платформалық жұмыспен қамту мәселесін тұрақты көтеріп, осы саладағы еңбеккерлерді қорғайтын заң тетіктерін әзірлеуге атсалысып жүргенін атап өтті.

«Кәсіподақтар федерациясына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтқым келеді. Цифрлық экономикада еңбек етіп жүрген азаматтардың құқығын қорғау үшін бұл жұмысты алдағы уақытта да бірлесіп жалғастырамыз», – деді депутат.

 

Тұрақты даму мен ұлттық ресурстарды үнемді пайдалану жайын Құрылтай депутаты Шынасыл Ерназар қозғады. Ол Қазақстандағы су қорының 40 пайызға жуығы шет мемлекеттерден келетінін еске салып, суды тиімді басқарудың маңызы зор екенін жеткізді.

 

Депутат келтірген мәліметке сүйенсек, елімізде тазартылған сарқынды судың небәрі 5–6 пайызы ғана қайта пайдаланылады. Ал оны жасыл желектерді суаруға және басқа да шаруашылық қажеттіліктерге пайдаланса, таза ауызсу қорына түсетін салмақ едәуір азаяр еді.

Шынасыл Ерназар сондай-ақ ауыл шаруашылығы шикізаты мен өнеркәсіп өнімдерін терең өңдеу ісін кеңейтуді ұсынды. Оның пікірінше, отандық өндірісті дамыту арқылы тауардың құнын арттырып, экономиканы нығайтуға және қосымша жұмыс орындарын ашуға болады.

 

Цифрлық технологиялар мен жастарды жұмыспен қамту мүмкіндіктері туралы Құрылтай депутаты Айсұлу Сүлейменова да ой бөлісті. Оның айтуынша, цифрлық платформалар өңір тұрғындарына тың мүмкіндік береді: кәсіпкерлер қай жерде тұрса да, өзге нарықтарға шығып, тұтынушы тауып, кәсібін алға бастыра алады.

Дегенмен бұл мүмкіндіктерді толық пайдалану үшін қолжетімді төлем жүйелері, сенімді жеткізу қызметі және ыңғайлы мемлекеттік сервистер қажет.

 

«Жасанды интеллект адамның орнын баспауы керек. Оны сауатты пайдаланған жағдайда үнемдеуге, жұмысты сапалы атқаруға және жеке кәсіпті дамытуға жақсы көмектеседі», – деп атап өтті Айсұлу Сүлейменова.

Оның сөзінше, цифрландырудың пайдасын халық күнделікті өмірде сезінуі тиіс. Қағазбастылық азайып, мемлекеттік қызметтер тез көрсетіліп, мемлекеттік органдармен байланыс жеңілдеуі қажет.

 

Депутат жастардың лайықты жұмысқа, тұрақты табысқа және қолжетімді баспанаға деген сұранысына да назар аударды. Ол жас кәсіподақ белсенділерін қоғамдық өмірге белсене араласып, өз ұсыныстарын айтуға және жергілікті жердегі жұмысшылардың мәселелерін депутаттарға жеткізіп отыруға шақырды.

 

Кездесу соңы ашық пікірталасқа ұласып, жұмысшы жастар депутаттарға сұрақтарын қойып, Жолдауды іске асыру жөніндегі өз ұсыныстарын ортаға салды.

 

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы