Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссия аясында өндірістік ұжымдардағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау және еңбек қауіпсіздігін сақтау мәселелері талқыланған мәжіліс өтті.

Жиынға мұнай-газ, құрылыс компанияларының, ірі кәсіпорындар мен шаруашылықтардың басшылары қатысты.
Күн тәртібінде өндіріс орындарындағы еңбек жағдайын жақсарту, жұмысшылардың құқықтарын қорғау, жалақыны уақытылы төлеу, өндірістік қауіпсіздік талаптарын сақтау және еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Аймақ басшысы кәсіпорындардағы әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығын сақтау, еңбек заңнамасы талаптарының орындалуын қамтамасыз ету және еңбек адамдарының әл-ауқатын арттыру мәселелерінің маңыздылығын атап өтті.
Мәжіліс барысында Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев баяндама жасап, өңірдегі кәсіподақ ұйымдарының еңбек адамдарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, әлеуметтік әріптестікті дамыту және еңбек қатынастарындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарына тоқталды.

Кәсіподақтар үшін жұмыскерлердің қауіпсіз еңбек жағдайларында жұмыс істеуі, еңбекақысының уақытылы әрі толық төленуі, еңбек құқықтарының сақталуы және әлеуметтік кепілдіктерінің қамтамасыз етілуі басым бағыттардың бірі.

Мәжіліс қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен кәсіпорын басшыларына еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік ахуалға тұрақты мониторинг жүргізу, жалақы бойынша берешекке жол бермеу, өндірістік және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын күшейту, сондай-ақ жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша нақты міндеттер жүктелді.