Мұнай-газ саласының кәсіподақ көшбасшылары келіссөз жүргізу дағдыларын жетілдіруде

Федерация жаңалықтары 17.11.2026

Мұнай-газ саласының кәсіподақ көшбасшылары келіссөз жүргізу дағдыларын жетілдіруде

Сейсенбі, 17 қараша күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясында мұнай-газ саласы кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділеріне арналған семинар-тренинг басталды. Қазақстандық мұнай-газ кешені салалық кәсіподағының бастамасымен ұйымдастырылған жиын «Әлеуметтік әріптестік жүйесіндегі норма жасау тетіктері: ұжымдық шартты дайындау мен қабылдаудың құқықтық тәртібі. Тәжірибелік мысалдар» тақырыбына арналған.

Салалық кәсіподақ Төрағасы Сұлтан Қалиев кәсіподақ өкілдерінің заңды жетік білуі мен келіссөз жүргізе алуы қаншалықты маңызды екеніне тоқталды. Өйткені жұмысшыларға берілетін қосымша жеңілдіктер мен кепілдіктерді ұжымдық шартқа енгізу дәл осы біліктілікке байланысты.

«Ұжымдық шарт — жұмысшылардың еңбек құқығы мен мүддесін қорғайтын басты құрал. Кәсіподақ жетекшісі келіссөздерді неғұрлым сауатты жүргізіп, ұсыныстарды нақты жеткізе білсе және оны құжатқа бекіте алса, еңбек ұжымына соғұрлым көп қосымша кепілдік беріледі. Сондықтан кәсіподақ белсенділеріне құқықтық білімін үнемі жетілдіріп, келіссөз жүргізу машығын дамытып отыру керек», — деді Сұлтан Қалиев.

Семинарды ITC ACTRAV Turin халықаралық оқытушысы, еңбек қатынастары жөніндегі сарапшы, ҚР Кәсіподақтар федерациясы Оқу орталығының директоры Ләззат Есжанова жүргізуде.

Оқудың алғашқы күні еңбек саласындағы әлеуметтік әріптестіктің негіздерін түсінуден басталды. Қатысушылар оның мәні мен басты қағидаттарын талқылап, әлеуметтік әріптестік тараптарын анықтады. Сондай-ақ жұмысшылар, жұмыс берушілер және олардың өкілдері арасындағы өзара іс-қимыл құрылатын деңгейлерді талдады. Бұл білім ұжымдық келіссөздерді дұрыс жүргізіп, ортақ міндеттемелерді келісу үшін аса қажет.

Бұдан кейін қатысушылар еңбек қатынастарындағы уағдаластықты бекітетін негізгі құжат — ұжымдық шартқа көшті. Ләззат Есжанова оның құрылымын, мазмұны мен міндетті талаптарын егжей-тегжейлі түсіндірді. Қатысушылар құжатта қандай ережелер жазылуы керектігін, оның бөлімдерін қалай құрастыруға болатынын және ұсыныс әзірлегенде жұмысшылардың мүддесін қалай ескеру қажеттігін үйренді.

Әсіресе, ұжымдық шартты дайындау мен жасасудың тәртібі үлкен қызығушылық тудырды. Онда бастама көтеріп, ұсыныс әзірлеуден бастап, келіссөз жүргізу, мәтіндерді келісу және дайын құжатты рәсімдеуге дейінгі барлық кезең қамтылған. Сонымен қатар бағдарлама аясында келіспеушіліктер хаттамасы да қарастырылды. Бұл — тараптар ортақ мәмілеге келе алмаған мәселелер бойынша әркімнің өз ұстанымын тіркеп қоюға мүмкіндік беретін құжат.

Осы тақырыптың жалғасы ретінде ұжымдық шарттың орындалу барысы талқыланды. Қатысушылар міндеттемелердің орындалуын қалай бақылауға болатынын, құжатқа өзгерістер енгізу тәртібі мен тараптардың жауапкершілігін қарастырды. Мұндай тәсіл ұжымдық шартпен жұмыс істеудің басынан аяғына дейінгі жолын: жұмысшылардың талаптарын жинақтаудан бастап, уәде етілген кепілдіктердің іс жүзінде қалай орындалып жатқанын тексеруге дейінгі кезеңдерді толық бақылауға мүмкіндік береді.

«Ұжымдық шартты дайындаған кезде жұмысшылардың шынайы мұқтаждықтарын ескеріп, оны құжаттың нақты тармақтарына айналдыру маңызды. Кәсіподақ өкілдері ұсыныс әзірлеу мен келіссөз жүргізуден бастап, даулы мәселелерді шешу мен қол жеткізілген келісімдердің орындалуын қадағалауға дейінгі бүкіл үдерісті жетік білуі керек. Ұжымдық шартта тараптардың орындалуын тексеруге болатын анық әрі түсінікті міндеттемелері жазылуы тиіс», — деді Ләззат Есжанова.

Бірінші күннің соңында сұрақ-жауап кезеңі ұйымдастырылып, қатысушылар ұжымдық шарттарды дайындаудың құқықтық және ұйымдастырушылық қырларын еркін талқылады.

18 қарашада семинар ұжымдық келіссөздер жүргізу дағдыларын шыңдайтын тәжірибелік жұмыспен жалғасады. Қатысушылар ұжымдық шарттың жобасын бірлесіп әзірлеп, оның тармақтарын пысықтайды және нәтижесін талқылайды. Оқу соңында оларға арнайы сертификаттар табысталады.

ҚРКФ Кәсіподақ коммуникациялары орталығы