ШҚО кәсіподақ белсенділері еңбек кодексіндегі жаңа түзетулермен танысты

Федерация жаңалықтары 17.11.2026

ШҚО кәсіподақ белсенділері еңбек кодексіндегі жаңа түзетулермен танысты

17 қарашада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Білім беру марафоны» жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысының кәсіподақ белсенділеріне арналған кезекті онлайн-семинар өтті. Оған өңірден 80-ге жуық кәсіподақ өкілі қатысты.

Семинар спикері заң ғылымдарының кандидаты, Алматы қаласы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бас заңгері Эльвира Өміршиева болды. Ол қатысушыларға 2026 жылы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістерді түсіндіріп, олардың күнделікті еңбек қатынастарына қалай әсер ететінін баяндады.

Спикер еңбек шартын дұрыс рәсімдеудің маңызына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, енді азаматтық-құқықтық келісімшартта еңбек шартына тән белгілердің кемінде біреуі болса, ол еңбек шарты ретінде танылуы мүмкін. Мәселен, адам күн сайын белгіленген уақытта жұмысқа келіп, ұйымның ішкі тәртібіне бағынса және тұрақты жалақы алса, мұндай қатынас еңбек қатынасы болып есептеледі.

«Келісімшарттың атауына ғана қарап қорытынды жасауға болмайды. Ең бастысы – оның мазмұны мен жұмыстың қалай ұйымдастырылғаны. Сондықтан жұмыс берушілер қолданыстағы келісімшарттарды қайта қарап, олардың заң талаптарына сай болуын тексеруі керек», – деп түсіндірді Эльвира Өміршиева.

Семинар барысында жалғызбасты ата-аналарға берілетін кепілдіктердің кеңейгені де айтылды. Бұған дейін жалғызбасты аналарға қатысты қолданылған кейбір жеңілдіктер енді баласын өзі тәрбиелеп отырған әкелерге де беріледі. Сонымен қатар қызметкерлердің бос қалған уақытқа, үстеме жұмысқа, мереке және демалыс күндеріндегі, түнгі уақыттағы еңбегіне ақы төлеу құқығы нақтыланды.

Кездесуде ұжымдық шарттардың мүмкіндіктері де талқыланды. Енді ұжымдық шартта ұйымдағы ең жоғары және ең төменгі жалақының арақатынасын, еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылау жүргізуді, сондай-ақ өндірістегі жазатайым оқиғалар кезінде берілетін жәрдемақы мен өтемақы мәселелерін қарастыруға болады.

Эльвира Өміршиева еңбек қауіпсіздігіне қатысты өзгерістерге де тоқталды. Еңбек қауіпсіздігі жөніндегі техникалық инспектордың құқықтары мен міндеттері жеке баппен бекітілген. Ол жұмыс орнындағы қауіпсіздікті, жазатайым оқиғаларды тексеруге қатысуға және еңбек жағдайын жақсарту жөнінде ұсыныс беруге құқылы. Сонымен бірге еңбек қауіпсіздігі қызметі ұйымның бірінші басшысына тікелей бағынуы керек.

«Еңбек қауіпсіздігі – тек жұмыс берушінің міндеті емес, оған қызметкерлер мен кәсіподақ өкілдері де белсенді атсалысуы қажет. Техникалық инспектордың жұмысы осы бағыттағы бақылауды күшейтіп, жұмыс орнындағы қауіптің алдын алуға көмектеседі», – деп атап өтті ол.

Семинарда қызметкерлердің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу, жеке өміріне қол сұқпау құқығы, жұмысқа қабылдау және тәртіптік жаза қолдану тәртібі де қаралды. Бұдан бөлек, медициналық тексеруден өтетін қызметкерлердің жұмыс орны мен орташа жалақысы сақталатыны түсіндірілді. Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап скринингтен өту үшін де қызметкерге жұмыс орны мен орташа жалақысы сақталатын уақыт берілуі тиіс.

Кездесу соңында спикер жұмыс берушілерге еңбек шарттары мен ішкі құжаттарды жаңа талаптарға сәйкестендіруді, жұмыс уақытын есептеу және жалақы төлеу тәртібін қайта қарауды ұсынды.

Семинар соңында қатысушы өңірлік кәсіподақ белсенділері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тәжірибе алмасты. Мұндай оқыту шаралары өңірлердегі еңбеккерлердің құқықтық сауаттылығын арттырып, кәсіподақтардың ұжымдық мүддесін қорғау жұмыстарын сапалы жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы