Шымкентте «Жалпы медиация курсы» бастау алды

Салалық және өңірлік жаңалықтар 18.11.2026

Шымкентте «Жалпы медиация курсы» бастау алды

Бүгінгі таңда қоғамда орын алатын түрлі дау-дамайлар мен келіспеушіліктерді сот табалдырығын тоздырмай, бейбіт жолмен шешу мәдениетін қалыптастыру – кезек күттірмес өзекті мәселе. Осы орайда жүйелі іс-шараларды қолға алып жүрген «Маида» медиация және психологиялық орталығы» қоғамдық бірлестігі кезекті «Жалпы медиация курсы» бойынша кәсіби медиаторларды даярлау оқуларын бастады.

Өңірде білікті мамандар шоғырын қалыптастыруды мақсат еткен тағылымды дәрістерді «Маида» медиация және психологиялық орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры, тәжірибелі маман Салтанат Егізбекқызы Абдукаримова жоғары деңгейде жүргізуде. Ауқымды оқу бағдарламасы аясында тыңдаушылар медиация институтының заңнамалық негіздерін, келіссөздер жүргізу өнерін, даулы жағдайларды реттеудің тиімді әдістері мен психологиялық тәсілдерін жан-жақты меңгеру үстінде.

Салтанат Егізбекқызының айтуынша, кәсіби медиатор тек қана қолданыстағы заң нормаларын жетік біліп қоймай, бастапқы бейтараптық пен әділдік қағидаттарын берік ұстанатын білікті тұлға болуы тиіс. Осы мақсатта курс барысында теориялық білімді тереңдетумен қатар, нақты өмірлік жағдайларға негізделген тәжірибелік сабақтар мен интерактивті іскерлік ойындарға айрықша басымдық беріліп отыр.

Бұл игі бастама өңірдегі дауларды сотқа дейінгі баламалы жолмен реттеу саласын одан әрі дамытып, қоғамдағы өзара түсіністік мен тұрақтылықты нығайтуға сүбелі үлес қосып келеді. 

Алдағы уақытта оқу курсын сәтті аяқтаған тыңдаушыларға арнайы сертификаттар табысталып, бұл олардың кәсіби медиатор ретінде ел игілігіне қызмет етуіне кең жол ашпақ.