ҚРКФ Кәсіподақ көшбасшысы мектебі: еңбек қауіпсіздігі мәселелері талқыланды

Федерация жаңалықтары 18.11.2026

ҚРКФ Кәсіподақ көшбасшысы мектебі: еңбек қауіпсіздігі мәселелері талқыланды

Бүгін, 18 қарашада Қазақстан Кәсіподақтар федерациясында (ҚРКФ) «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» жобасы аясында кезекті онлайн-семинар өтті. Оқыту шарасы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау (ЕҚжЕҚ) саласындағы құқықтық негіздерге, өндірістік жарақаттанудың алдын алуға және заңнамалық өзгерістерге арналды.

 

Семинарды ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығының бас сарапшысы Майра Боранбаева жүргізді. Ол қатысушыларға кәсіпорындардағы қауіпсіздік мәдениетін көтеру, еңбекті қорғауды басқару жүйесі талаптары мен қоғамдық бақылау тетіктерін кеңінен түсіндірді.

 

Майра Боранбаева жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын қорғау кәсіподақ қызметінің басты басымдығы екенін атап өтті.

 

«Адам өмірі мен денсаулығы - кез келген өндірістік нәтижелерден жоғары. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін қатаң сақтау – қайғылы жағдайлардың алдын алудың бірден-бір кепілі. Кәсіподақ көшбасшылары әрбір жұмыскердің өз құқығын біліп қана қоймай, заң талаптарының орындалуын қадағалауға белсенді қатысуын қамтамасыз етуі тиіс», – деп атап өтті Майра Боранбаева.

 

Оқыту барысында қатысушылар Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне және салалық нормативтік актілерге сәйкес тараптардың міндеттерін жан-жақты талқылады. Атап айтқанда, жұмыс берушінің қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, зиянды факторлардың әсерін азайтуға және жұмыскерлерді жеке, ұжымдық қорғаныш құралдарымен толық қамтуға міндетті екендігі түсіндірілді. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің №1019 бұйрығына сәйкес басшылар мен жауапты қызметкерлерді оқыту, білімін тексеру мерзімдері, сондай-ақ кіріспе, алғашқы, қайталама, жоспардан тыс және мақсатты нұсқамалардың жүргізілу тәртібі қаралды. 

Спикер өз сөзінде жазатайым оқиғаларды тексеру және өндірістік қауіпсіздік ережелеріне енгізілген маңызды түзетулерге тоқталды. 

 

«Жұмыс беруші жазатайым оқиға туралы зардап шеккеннің жақын туыстарымен қатар, міндетті түрде жұбайына дереу хабарлауға тиіс. Сонымен қатар зардап шеккен жұмыскердің немесе оның туыстарының қалауы бойынша тергеу комиссиясының жұмысына дауыс беру құқықсыз заңгер немесе заң кеңесшісі өкіл ретінде қатыса алады», - деді Майра Боранбаева.

 

Жаңа норма 190-бапқа сай, комиссия жұмыскердің өрескел қателігін анықтаған жағдайда, жұмыскердің кінә дәрежесі 25 пайыздан аспайтын мөлшерде ғана белгіленеді. Бұл бұрынғыдай жұмыс берушіге кінә пайызын негізсіз көбейтіп, өтемақы төлемдерін күрт азайтуға мүмкіндік бермейді, яғни жұмыс беруші келтірілген зиянның кем дегенде 75 пайызын өтеуге міндетті болады. 

 

Семинарда қоғамдық бақылауды күшейту мәселелері де сөз болды. ҚР Еңбек кодексінің 203 және 203-1 баптарына сәйкес кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер құрылып, техникалық инспекторлардың қызметі жүзеге асырылатыны айтылды. Техникалық инспекторлардың құрылымдық бөлімшелерге кедергісіз баруға, қажетті ақпараттарды сұратуға, жазатайым оқиғаларды тергеуге қатысуға және еңбек жағдайларын жақсарту бойынша ұсыныстар енгізуге толық құқығы бар. 

Шара соңында қатысушылар өздерін толғандырған өзекті сұрақтарын қойып, спикерден нақты әрі толыққанды жауаптар алды. Тыңдаушылар алған білімдері мен кеңестерін алдағы уақытта кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жұмыскерлердің құқықтарын қорғау бағытында тиімді қолданатынын атап өтті.

 

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы