Павлодарда «Еңбек адамы – ел бірлігінің тірегі» атты республикалық кәсіподақтар форумы басталды

Федерация жаңалықтары 18.11.2026

Павлодарда «Еңбек адамы – ел бірлігінің тірегі» атты республикалық кәсіподақтар форумы басталды

Сәрсенбі, 18 қараша күні Павлодарда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы мен Қазақстан Халық Кеңесі бірлесіп ұйымдастырған «Еңбек адамы – Ел бірлігінің тірегі» атты екі күндік республикалық кәсіподақтар форумы басталды. Жиынға еңбек ұжымдарының өкілдері, кәсіподақ жетекшілері мен белсенділері, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, Құрылтай депутаттары, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері жиналды.

Форумға қатысушылар еңбек адамының жағдайы, әл-ауқаты мен әлеуметтік қорғалуы, сондай-ақ ел болашағын айқындауға қосар үлесі төңірегінде ой қозғады. Кәсіподақтар мен Қазақстан Халық Кеңесінің байланысын бекемдеп, қарапайым еңбек ұжымдарынан шыққан бастамаларды қолдауға айрықша мән берілуде.

Форум «Халық Кеңесі: жалпыұлттық диалогтағы еңбек адамының үні» атты отырыспен басталды. Делегаттарға жиын мақсат-міндеттері түсіндіріліп, «Еңбек адамының үні. Қазақстанның еңбек ұжымдары мен кәсіподақтарының 25 жалпыұлттық бастамасы» атты құжат жобасы таныстырылды.

Қатысушылар алдында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Сатыбалды Дәулеталин сөз сөйледі.

Оның айтуынша, бүгінде кәсіподақтардың қоғамдық талқылауларға араласып, еңбек адамының мүддесін қорғауына тың мүмкіндіктер туып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған реформалар жұмысшылар мен олардың өкілдерінің ел ертеңін айқындауға белсене қатысуын талап етеді.

«Біз ертеңгі күнді маңдай терімізбен жасап қана қоймай, оның іргетасын қалауға да тікелей қатысуымыз керек. Елдегі әрбір өзгерісте еңбек адамының үні естіліп, сөзі өтуі – кәсіподақтардың басты ұстанымы», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ Төрағасы мұндай ықпалдастықтың басты шарттарының бірі ретінде Қазақстан Халық Кеңесімен тиімді әріптестік орнатуды атады. Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақтардың осы конституциялық органды құру бастамасын дәйекті түрде қолдап, конституциялық реформаны талқылау кезінде өз ұсыныстарын қорғағанын еске салды.

Сатыбалды Дәулеталиннің сөзінше, ҚРКФ түрлі сала мен өңір еңбеккерлерінің басын қосып отыр. Сондықтан оның басты күші – әр сала мен мамандықтың өзіндік ерекшелігін ескере отырып, ортақ мүддені қорғай білуінде.

«Кәсіподақтарда «мен» деген сөз жүрмейді, кәсіподақтарда «біз» деген ұғым бар. Осы бірлігімізді форумда көрсетіп, кәсіподақтардың ынтымаққа негізделген біртұтас күш екенін тағы бір мәрте дәлелдеуіміз қажет», – деді ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы.

Ол әріптестеріне отандық кәсіподақтардың 120 жылдан бері еңбек адамының құқығын қорғап, мүддесін алға тартып келе жатқанын еске салды. Осы уақыт ішінде еңбек даулары мен мәселелерін шешудің мол тәжірибесі, бағыт-бағдары мен жүйелі жолы қалыптасты. Сондықтан Сатыбалды Дәулеталин бүгінгі жұмыстың нөлден басталмағанын айтты. Кәсіподақтар кәсіпорындардың, салалар мен өңірлердің мәселелерін жақсы біледі, ал форумның мақсаты – жалпыұлттық деңгейде шешімін табуы тиіс сұрақтарды іріктеп, оларды ілгерілету жолдарын айқындау.

Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы қатысушыларды пікірталас барысында мәселелерді тізбелеумен шектелмей, ең алдымен, оларды шешудің нақты жолдарын іздеуге шақырды. Сатыбалды Дәулеталин ұсыныстардың тұтас ел үшін маңызы ескерілуі тиіс екенін, ал салалық және өңірлік мәселелерді әлеуметтік әріптестіктің қолданыстағы тетіктері арқылы шешу қажеттігін атап өтті.

«Ең бастысы – өзекті мәселелерді жай ғана көтеру емес, оларды шешу жолдарын табу. Жиналған барлық мәселелер біздің ұсыныстарымызда нақты көрініс табуы керек. Біз өзара тәжірибе алмасып, бастамаларды талқылап, ортақ байламға келуіміз қажет», – деді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталин еңбек ұжымдарымен етене жұмыс істеп, жұмысшылардың құқығын күн сайын қорғап жүрген бастауыш кәсіподақ ұйымдарының, аумақтық бірлестіктер мен салалық кәсіподақтардың өкілдеріне алғыс айтты.

«Сіздер кәсіподақ жұмысының алдыңғы шебінде жүрсіздер, күн сайын халықпен бірге болып, олардың мұң-мұқтажын білесіздер және мүдделерін қорғауға жәрдемдесесіздер. Осы еңбектеріңіз үшін сіздерге шынайы алғысымды білдіремін», – деді ҚРКФ Төрағасы.

Сөз соңында Сатыбалды Дәулеталин Қазақстан Халық Кеңесімен нәтижелі жұмыс еңбек адамының мүддесін қорғау жолындағы ұзақ мерзімді әріптестікке жол ашуы тиіс екенін жеткізді.

Алғашқы күннің жұмысы үш тақырыптық алаңда жалғасты.

Бірінші алаң – «Еңбек адамы: лайықты еңбек және жұмыс істейтін отбасының әл-ауқаты» – әділ еңбекақы төлеу, жалақыны индексациялау, әлеуметтік әріптестікті дамыту, өндірістегі қауіпсіздік, жұмыскерлерді әлеуметтік қорғау және еңбек ететін отбасыларды қолдау жайын қамтыды.

Екінші алаң – «Қоғамдық диалог: еңбек ұжымының бастамасынан – қоғамдық шешімге дейін» – жұмыскерлерді қоғамдық мәселелерді талқылауға тарту жолдарын, бастамаларды жинақтап, сараптауды, олардың жалпыұлттық маңызын бағалауды және Қазақстан Халық Кеңесімен бірлесе жұмыс істеу үлгілерін қарастырды.

Үшінші алаң – «Ортақ болашақ: өзгермелі әлемдегі еңбек адамы» – технологиялық жаңалықтар, жасанды интеллектіні енгізу, цифрлық экономика жағдайында еңбек құқықтарын қорғау, жастардың кәсіби шыңдалуы, өндірістегі тәлімгерлік және өңірлердегі білікті мамандарды тұрақтандыру мәселелеріне арналды.

Ашық пікірталас кезінде жұмыскерлер, кәсіподақ өкілдері мен сарапшылар кәсіпорын, сала, өңір және жалпы мемлекет деңгейінде жүзеге асыруға болатын нақты қадамдарды талқылады.

Бірінші күннің басты нәтижесі – еңбек құқықтарын қорғау жолдарын жетілдіруге, жұмыскерлердің тұрмыс сапасын жақсартуға, еңбек ұжымдарының қоғамдық өмірге белсене араласуына және әлеуметтік ынтымақты нығайтуға бағытталған ұсыныстар әзірленді.

Талқылау соңында қатысушылар негізгі тұжырымдарды пысықтап, түскен ұсыныстарды жүйелеуге және халықтық бастамалар топтамасының жобасын нақтылауға кірісті.

«Еңбек адамы – Ел бірлігінің тірегі» форумы бейсенбі, 19 қараша күні жалғасады. Жиынға экономиканың барлық саласын қамтитын өңірлік кәсіподақ жетекшілері мен белсенділерінен бөлек, Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошанов, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, Құрылтай депутаттары, Халық Кеңесінің мүшелері мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысады. Жалпы отырыста ҚРКФ мен оған мүше ұйымдар әзірлеген, жұмыскерлердің ұсыныстарын қоғамға пайдалы нақты шешімдерге айналдыруды көздейтін «Еңбек адамының үні. Қазақстанның еңбек ұжымдары мен кәсіподақтарының 25 жалпыұлттық бастамасы» құжаты таныстырылады.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы