Сатыбалды Дәулеталин Қазақстан электролиз зауытының еңбек ұжымымен кездесті

Федерация жаңалықтары 18.11.2026

Сатыбалды Дәулеталин Қазақстан электролиз зауытының еңбек ұжымымен кездесті

Сәрсенбі, 18 қараша күні Павлодар облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-на барып, кәсіпорынның еңбек ұжымымен жүздесті. ҚРКФ басшылығы еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік әріптестік, өндіріс қауіпсіздігі және жұмыскерлердің әл-ауқатын арттыру мәселелеріне баса назар аударды.

Кәсіпорынмен танысу зауыт мұражайынан басталды. Бас директор Андрей Батраченко мен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Александр Клименко өндірістің құрылу және даму тарихын баяндап берді.

«Қазақстан электролиз зауыты – 2007 жылы негізі қаланған еліміздегі жетекші өнеркәсіп орындарының бірі. Кәсіпорын жоғары маркалы бастапқы алюминий өндіруге маманданған, жобалық қуаты – жылына 265 мың тонна өнім. Зауыт жоғары сапалы бастапқы алюминий өндірушілердің әлемдік үздік ондығына кіреді және өнімінің 80 пайызға дейінгі бөлігін Еуропа мен Өзбекстан нарықтарына экспорттайды», – деді кәсіпорынның бас директоры.

Андрей Батраченко зауыттың технологиялық дамуы, өндірістік қуаттарды жаңғырту және басқарудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу жайына кеңірек тоқталды.

«Зауытымыз салыстырмалы түрде жас болғанымен, жиырма жылға жуық уақыт ішінде үлкен технологиялық даму жолынан өтті. Бүгінде негізгі өндірістік үдеріс толықтай дерлік автоматтандырылған. Электролизерлер арнайы жүйелер арқылы басқарылады. Алдын ала берілген бірнеше көрсеткіш негізінде жүйе әр электролизердің жұмысын өздігінен реттеп отырады. Бұл қажетті технологиялық режимдерді сақтауға және өндірістің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді зауыттың бас директоры.

Кездесу барысында бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Александр Клименко кәсіпорын ұжымы туралы айтып берді.

«Бүгінде мұнда 2 300-ге жуық адам еңбек етеді. Орташа жалақы 600 мың теңгені құрайды. Кәсіподақ мүшелігінің жоғары деңгейде болуының маңызы зор. 2 мың жұмыскер Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының мүшелік ұйымы саналатын бастауыш кәсіподақ ұйымына кіреді», – деді бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы.

Жиында жұмыскерлерге кең ауқымды қосымша кепілдіктер мен жеңілдіктер қарастыратын ұжымдық шартқа айрықша мән берілді. Олардың қатарында ұзақ жылғы еңбек өтілі үшін берілетін қосымша ақылы демалыстар, бала туғанда және қиын өмірлік жағдайларда көрсетілетін материалдық көмек, көпбалалы отбасылар мен мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналарды қолдау, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру және шипажай-курорттық емдеу шаралары бар.

«Ұжымдық шарт біз үшін – адамдар алдындағы нақты міндеттеме. Оның әрбір тармағының астарында жалақы, әлеуметтік кепілдіктер, отбасыларды қолдау және қиын жағдайға тап болған жұмыскерлерді қорғау мәселелері тұр. Біз еңбек қатынастарының әкімшілік пен кәсіподақтың өзара жауапкершілігі мен сындарлы ықпалдастығына негізделгенін қалаймыз», – деп атап өтті Александр Клименко.

Зауыт жұмыскерлері Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасына өз жұмыстары жайлы баяндап берді. Сатыбалды Дәулеталин алюминий электролизі цехының құю бөлімшесіндегі өндірістік үдеріспен танысу кезінде жалақы деңгейін, сыйақы беру жүйесін, тамақтандырудың ұйымдастырылуын, еңбек жағдайларын, медициналық қызмет көрсету сапасын, спортпен шұғылдану мүмкіндіктері мен жұмыскерлер және олардың отбасыларын қолдау шараларын сұрап білді.

Жұмыскерлер жалақы мөлшері еңбек өтіліне, біліктілік разрядына, атқаратын міндеттері мен өндіріс учаскесіне қарай белгіленетінін жеткізді. Сондай-ақ қызметкерлер ұжымдық шарт пен кәсіподақ бағдарламалары аясында берілетін әлеуметтік кепілдіктерді қалай пайдаланып жүргендерімен бөлісті. Ең сұранысқа ие қолдау түрлері ретінде олар емдеу-сауықтыру жолдамаларды, спорттық іс-шаралар мен балалы отбасыларға көрсетілетін көмекті атады.

ҚРКФ Төрағасы кәсіпорынның экономикалық табысы оның жұмысын маңдай терімен қамтамасыз етіп отырған адамдардың әл-ауқатынан көрініс табуы тиіс екенін айтты.

«Біз үшін еңбек адамының лайықты өмір сүріп, жақсы жалақы алуы, қауіпсіз жағдайда жұмыс істеп, отбасының қорғалғанына сенімді болуы аса маңызды. Кәсіподақ дәл осы үшін қажет. Кәсіподақ арқылы жұмыскерлер өз құқықтарын бірлесе қорғап, жұмыс берушімен келіссөздерге қатыса алады және нақты шешімдерге қол жеткізеді. Сіздерде қосымша кепілдіктер мен жеңілдіктер бекітілген ұжымдық шарт бар. Бұл – бірлескен жұмыс пен келіссөздердің жемісі», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы елімізде алда тұрған қоғамдық және экономикалық өзгерістерге, сондай-ақ олардың жұмыскерлер мен отбасыларының күнделікті өміріне ықпалына назар аударды.

«Мәселе тек өндірістік көрсеткіштерде – қанша тонна алюминий өндіріліп, қанша өнім сатылғанында емес. Ең бастысы, осы еңбектің нәтижесі адамдардың тұрмысына – жалақысына, еңбек қауіпсіздігіне, отбасының берекесіне оң әсер етуі керек. Кез келген реформаны осы тұрғыдан бағалау қажет. Ол қарапайым адамға не берді, оның отбасының өмірінде не өзгерді?» – деп түйіндеді ҚРКФ Төрағасы.

Әңгіме барысында Сатыбалды Дәулеталин ортақ істің нәтижесі үшін жұмыскерлердің де жауапкершілігі бар екенін қозғап, еңбек құқықтарын қорғау мен әлеуметтік кепілдіктер кәсібилікпен, өз міндетіне адалдықпен және өндірістік тәртіпті сақтаумен ұштасуы тиіс екенін мәлімдеді.

Кәсіпорын жұмысына баға берген ҚРКФ Төрағасы өндірісті ұйымдастырудың жоғары деңгейін, лайықты еңбек жағдайлары мен кәсіподақ ұйымының жұмыс берушімен сындарлы қарым-қатынасын ерекше атап өтті.

«Өңірлерге барғанда кәсіпорындарға міндетті түрде ат басын бұрамыз. Біз үшін ең бастысы – адамдардың қандай жағдайда жұмыс істейтінін, оларды не толғандыратынын және әлеуметтік тұрғыдан қаншалықты қорғалғанын өз көзімізбен көру. Қазақстан электролиз зауыты маған ұнады. Бұл – еліміздегі бірегей кәсіпорын, отандық өнеркәсіп үшін маңызы зор өндіріс орны. Сонымен қатар мұнда жұмыскерлерге барлық жағдай жасалғаны қуантады. Мен адамдардың заманауи кәсіпорындарда, қауіпсіз әрі қолайлы ортада еңбек етуін әрдайым қолдаймын», – деді ҚРКФ Төрағасы.

Ол зауыттан көрген жайттар нәтижелі әлеуметтік әріптестіктің айқын дәлелі екенін айтты.

«Мұнда кәсіподақ ұйымы мен жұмыс берушінің үйлесімді жұмысы көрініп тұр. Әлеуметтік әріптестік пен ұжымдық шарт еңбек қатынастарын жақсартуға нақты мүмкіндік береді. Бүгін жұмыскерлермен тілдесіп, олардың көзінен ертеңгі күнге деген сенімділікті байқадым. Бұлар – өз ісін жетік білетін, болашаққа нық қарайтын жас әрі білікті мамандар. Олардың алаңсыз еңбек етіп, жасампаздықпен айналысуына барлық жағдай жасалған. Қазақстанда осындай заманауи кәсіпорындар көбейе түссе екен деймін», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Кездесуде зауыттың спорттық өмірі туралы да қызу әңгіме өрбіді. Жұмыскерлер футбол, волейбол, баскетбол және үстел теннисі командалары, жарыстарға қатысу және жұмыс беруші тарапынан көрсетілетін қолдау жайын айтып берді. Зауыт футболшылары үшін жастарға және 40 жастан асқан қызметкерлерге арналған бөлек лигалар ұйымдастырылған. Турнирлерге қатысу кезінде жұмыскерлердің жалақысы сақталып, көлікпен қамтамасыз етіледі.

Спорттық бастамаларды талқылау барысында Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясының командасы мен зауыт құрамасы арасында жолдастық кездесу өткізу туралы ұсынысты қолдады. Тараптар бұл бастамаға кәсіпорынның 20 жылдық мерейтойы атап өтілетін келесі жылы қайта оралуға уағдаласты.

Кәсіподақтар федерациясы үшін мұндай кездесулер – еңбек адамдарының үнін естіп, олардың нақты жұмыс жағдайын көрудің және ұжымдық шарттарда бекітілген әлеуметтік кепілдіктердің іс жүзінде қалай орындалып жатқанын бағалаудың маңызды мүмкіндігі. Жұмыскерлерді қорғауды күшейтіп, өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ұсыныстар дәл осындай еңбек ұжымдарымен ашық диалог нәтижесінде қалыптасады.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы