Бүгін, 19 қарашада, Бельгия астанасы Брюссельде Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бүкілеуропалық аймақтық кеңесі (ХКК БЕАК) Атқару комитетінің 24-ші отырысы өтті. Жиын жұмысына Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева қатысты.

Жиынға қатысушылар күн тәртібі мен Атқару комитетінің 23-ші отырысының хаттамасын бекітті, сондай-ақ БЕАК Бас хатшысының ағымдағы қызмет туралы ақпаратын тыңдады. Отырыс барысында аймақтағы кәсіподақ қозғалысының алдағы уақыттағы басым бағыттарын айқындайтын бірқатар стратегиялық және ұйымдастырушылық мәселелер қаралды.
Күн тәртібіндегі өзекті тақырыптардың бірі бейбітшілік, тұрақтылық және жалпыеуропалық қауіпсіздік мәселелеріне арналды. Осы бағытта Улоф Пальме атындағы Халықаралық орталықтың өкілі Оскар Эрнерот арнайы баяндама жасады. Бұдан соң комитет мүшелері Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының (ХКК) 2027 жылға арналған осы саладағы күн тәртібін талқылады.

Отырысқа қатысушылар әлеуметтік диалог бойынша жүргізілген сауалнама нәтижелерін саралап, оны одан әрі нығайтудың нақты қадамдарын белгіледі. Сонымен қатар Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) ағымдағы күн тәртібі мен әлеуметтік қамсыздандыру жүйелерін реформалау мәселесі қаралды. Атап айтқанда, Румыниядағы ахуал ХЕҰ-ның № 102 конвенциясы тұрғысынан талқыланды.
Жиында ХКК Бас кеңесінің қызметі, ұйым бағдарламасы және алдағы ХКК Конгресіне дайындық кезеңдері пысықталды. Бұған қоса, БЕАК Бас ассамблеясының жол картасы мен негізгі іс-шараларды қамтитын 2027 жылға арналған іс-қимыл жоспары қаралды.

Отырыс соңында БЕАК Әйелдер комитеті мен Жастар комитеті өз баяндамаларын ұсынып, алдағы жылға арналған жоспарларын таныстырды. Сондай-ақ жылдық қызмет есебі, Сараеводағы БЕАК өкілдігінің есебі, 2025 жылдың қаржылық қорытындылары, 2026 жылдың алдын ала көрсеткіштері мен 2027 жылға арналған қаржылық болжамдар қаралды.

Халықаралық деңгейдегі мұндай кездесулерге қатысу әлеуметтік диалогты дамыту, еңбеккерлердің құқықтарын қорғау және әлеуметтік кепілдіктерді нығайту бағытындағы шетелдік озық тәжірибені зерделеп, ортақ кәсіподақ күн тәртібін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы