Цифрландыру және қаржы саласының үздіктері марапатталды

Салалық және өңірлік жаңалықтар 19.11.2026

Цифрландыру және қаржы саласының үздіктері марапатталды

«ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ ұжымында Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күні мен Бухгалтерлік есеп және аудит саласы қызметкерлері күніне орай салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Мерекелік жиында кәсіпорынның тұрақты дамуына сүбелі үлес қосып жүрген сала үздіктеріне ерекше құрмет көрсетілді. Олардың қатарында өндірістік үдерістерді цифрландыру мен ақпараттық технологияларды жетілдірудің басы-қасында жүрген білікті мамандар, сондай-ақ қаржылық есептілік пен бухгалтерлік есептің мінсіз жүргізілуін қамтамасыз етіп отырған қаржыгерлер бар.

Салтанатты шара барысында кәсіби шеберлігімен, жоғары жауапкершілігімен және қажырлы еңбегімен дараланған бірқатар жұмыскерлер арнайы марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ атынан берілген марапаттарды «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ вице-президенті Зияш Қияқбаев табыстады. Ал кәсіподақ ұйымының төрайымы Бақытжан Мұқашева үздік қызметкерлерге кәсіподақ атынан алғыс білдіріп, олардың ерен еңбегіне жоғары баға берді.

Бүгінде цифрландыру, ақпараттық технологиялар, бухгалтерлік есеп және аудит салалары кез келген ірі өндіріс орнының табысты әрі тұрақты жұмыс істеуінің басты тетігі саналады. Осы бағытта тер төгіп жүрген мамандардың кәсібилігі мен біліктілігі өндірістің ілгерілеуіне, басқару жүйесінің жаңғыруына және кәсіпорын қызметінің тиімділігін арттыруға тікелей ықпал етеді.

Еңбек адамының мәртебесін көтеру, маңдай терді лайықты бағалау және жұмыскерлердің кәсіби жетістіктерін кеңінен дәріптеу – кәсіподақ қызметінің басты басымдықтарының бірі болып қала бермек.