ҚРКФ Төрағасы ХЕҰ-ның 114-сессиясы аясында бірқатар халықаралық кездесулер өткізді

Федерация жаңалықтары 05.06.2026

ҚРКФ Төрағасы ХЕҰ-ның 114-сессиясы аясында бірқатар халықаралық кездесулер өткізді

Женева қаласында өткен Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) Халықаралық еңбек конференциясының 114-сессиясы аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған Қазақстан Республикасы делегациясы халықаралық кәсіподақ көшбасшыларымен және ХЕҰ өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізіп, сондай-ақ «ХЕҰ + Орталық Азия» форматындағы кеңеске қатысты.

 

Ерекше назар ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің ХЕҰ Бас директоры кеңсесінің директоры, өңірлік мәселелер жөніндегі Бас директордың орынбасары Беата Андреспен кездесуіне аударылды. Тараптар Халықаралық еңбек ұйымының өңірдегі ұлттық кәсіподақ орталықтарымен ынтымақтастығын нығайту бағдарын талқылады. Сонымен қатар еңбек нарығына заманауи сын-қатерлердің теріс әсерін болдырмау, лайықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және экономиканы цифрлық трансформациялау жағдайында еңбеккерлердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша бірлескен күн тәртібі қаралды.

 

Халықаралық еңбек ұйымының Еңбекшілер қызметі бюросының (ХЕҰ/ACTRAV) Еуропа және Орталық Азия елдері бөлімінің меңгерушісі Сергеюс Гловацкас ХЕҰ мен Орталық Азия және Әзербайжан елдерінің кәсіподақ орталықтары кеңесінің жұмысына қатыса отырып, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия және Әзербайжан ұлттық кәсіподақ орталықтарымен ынтымақтастықтың жүйелі дамып келе жатқанын атап өтті. Кездесу барысында өңірлік өзара іс-қимылды кеңейту және кәсіподақ қозғалысының ынтымақтастығын нығайту мәселелері талқыланды. Қатысушылардың назарында өңір кәсіподақтарының күш-жігерін біріктіру, жұмыскерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау саласындағы үздік тәжірибелермен алмасу, сондай-ақ еңбек саласындағы заманауи сын-қатерлерге ден қоюдың ортақ тәсілдерін әзірлеу мәселелері болды.

 

ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы Жалпыеуропалық өңірлік кеңесінің (PERC) Атқарушы хатшысы Антон Леппикпен кездесуінде Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы мен Жалпыеуропалық өңірлік кеңес аясындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Халықаралық еңбек конференциясы аясындағы жұмыс барысында ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин сондай-ақ Түркия кәсіподақтары Конфедерациясы TÜRK-İŞ төрағасы Эргюн Аталаймен кездесті. Тараптар халықаралық кәсіподақтардың күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылап, Түркі мемлекеттері кәсіподақтары ұйымының іс-қимыл жоспарын іске асыру мәселелерін қарастырды. Кәсіподақ көшбасшылары лайықты еңбек, әлеуметтік әділеттілік және тұрақты даму қағидаттарын ілгерілету мақсатында өңірлік ынтымақтастық пен кәсіподақ ұйымдарының іс-қимылдарын үйлестірудің маңыздылығын атап өтті.

 

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы мен HAK-İŞ Түркия кәсіподақтары Конфедерациясы Бас хатшысы Махмуд Арслан арасындағы кездесу барысында кәсіподақ көшбасшылары жұмыскерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау шаралары жөнінде пікір алмасып, әріптестік қатынастарды одан әрі дамытуға мүдделі екендіктерін нақтылады.

 

ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин сондай-ақ RENGO Жапония кәсіподақтары Конфедерациясының Атқарушы хатшысы Рио Саитомен кездесті. Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы мен RENGO конфедерациясы арасындағы ынтымақтастық 2019 жылдан бері жүйелі түрде дамып келеді, осы кезеңде бірнеше бірлескен жоба жүзеге асырылды. 

Тараптар халықаралық кәсіподақтар ынтымақтастығын дамыту, әлеуметтік диалогты нығайту, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау және қазіргі әлеуметтік-экономикалық сын-қатерлер жағдайында кәсіподақтардың өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру мәселелерін талқылады. Тараптар кәсіподақтардың күн тәртібінің барлық бағыттары бойынша өзара ынтымақтастықты нығайтуға келісті.

Өткізілген кездесулер Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының халықаралық өзара іс-қимылының жоғары деңгейін және қазақстандық еңбеккерлердің мүдделерін халықаралық алаңда ілгерілетудегі белсенді рөлін тағы бір мәрте растады. 

Ал ҚР Кәсіподақтар федерациясының ХЕҰ-ның 114-сессиясы аясындағы іс-шараларға қатысуы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, лайықты еңбек қағидаттарын ілгерілетуге және Қазақстан мен жалпы Орталық Азия өңірі жұмыскерлерінің мүддесі үшін тиімді әлеуметтік диалогты дамытуға ықпал етеді.

 

 

 

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникациялар орталығы