Кәсіподақ көшбасшысы мектебі: Еңбек дауларын сотта қарау ерекшеліктері талқыланды

Федерация жаңалықтары 20.11.2026

Кәсіподақ көшбасшысы мектебі: Еңбек дауларын сотта қарау ерекшеліктері талқыланды

Бүгін, 20 қараша күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» жобасы аясында кезекті онлайн-семинар өтті. Басқосудың негізгі өзегі - «Сот тәжірибесінде еңбек заңнамасын қолданудың өзекті мәселелері».

Семинарға қатысушыларға алғы сөз арнаған ҚРКФ Оқу орталығының директоры Ләззат Есжанова кәсіподақ мүшелерінің құқықтық дайындығын күшейту қажеттігіне тоқталды. Оның пікірінше, еңбек заңнамасын тәжірибеде дұрыс қолдана білу - қызметкерлердің заңды мүддесін қорғаудың және ұжым ішіндегі түсінбеушілікті ерте кезеңде тоқтатудың тиімді жолы.

Оқытуды еңбек дауларын шешуде тәжірибесі мол маман, Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі «Татуласу орталығының» басшысы Марина Иванова жүргізді. Спикер кездесуді құрғақ теориямен емес, сот тәжірибесінде кездесетін нақты жағдайларды талдауға құрды.

Дәріс барысында жеке еңбек дауларын реттеудің тәртібі - алғашқы келісу комиссиясынан бастап сот органдарына жүгінуге дейінгі қадамдар талданды. Сондай-ақ талап арыз рәсімдеудің қыр-сыры, еңбек және ұжымдық шарттардың талаптарын орындауға қатысты дауларды қарау ерекшеліктері айтылды.

Кездесуде талқыланған тәжірибелік жағдайлардың қатарында қызметкерді жұмысқа қайта алу, мәжбүрлі бос уақытына ақы төлеу, міндетті кәсіптік зейнетақы аударымдары, зиянды еңбек жағдайларына байланысты өтемақылар және моральдық зиянды өтеу мәселелері болды. Талдау барысында тәжірибеде жиі жіберілетін қателіктер мен оларды болдырмау тәсілдері көрсетілді.

Сонымен қатар істерді сотқа жеткізбей, татуласу рәсімдері арқылы шешу мүмкіндіктері де қарастырылды. Марина Иванова татуласу келісімдерін жасау тәртібіне тоқталып, бұл тәсілдің еңбек қатынастарындағы шиеленісті азайтып, тараптардың өзара сенімін сақтауға көмектесетінін атап өтті.

Дәріскер сөз соңында кәсіподақ белсенділерін заңнамадағы өзгерістер мен сот тәжірибесіне үнемі назар аударып отыруға шақырды. Оның айтуынша, құқықтық білім мен сот тәжірибесін меңгеру қызметкерлердің құқығын нақты әрі уақытылы қорғауға мүмкіндік береді.

Онлайн-семинарға қатысушылар мамандардың кеңестері мен талданған мысалдардың күнделікті жұмыста пайдалы болатынын жеткізді.

«Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» жобасы алдағы уақытта да кәсіподақ мамандарының құқықтық сауатын арттырып, еңбек құқықтарын қорғау ісін дамытуға бағытталған жұмысын жалғастырады.

 

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы