Дүйсенбі, 23 қарашада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының (ҚРКФ) «Білім беру марафоны» жобасы аясында Қостанай облысының кәсіподақ белсенділеріне арналған онлайн-семинар өтті. Жиынға өңірден 90-нан астам кәсіподақ өкілі қатысты.

Семинарда 2026 жылы ҚР Еңбек кодексіне енгізілген негізгі өзгерістер түсіндірілді. Семинар спикері - ҚРКФ Оқу орталығының директоры Ләззат Есжанова болды. Кездесуге сондай-ақ Қостанай облысы Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ирина Аронова қатысты.
Кездесуде қызметкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуге және жұмыс орнындағы әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған негізгі ережелерге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, еңбек заңнамасындағы негізгі қағидаттардың бірі ретінде еңбек саласында қызметкердің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу және қорғау құқығы бекітілді. Сондай-ақ қызметкердің жеке өміріне қол сұғылмаушылық құқығы кеңейтіліп, жұмыс орнындағы кез келген заңсыз бақылау немесе қысым көрсету заң бұзушылық ретінде айқындалды.

«Еңбек заңнамасындағы жаңа нормаларды әрбір кәсіподақ белсендісі тәжірибеде дұрыс қолдана білуі тиіс. Қызметкердің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау, еңбек қауіпсіздігі және әлеуметтік кепілдіктердің нақты орындалуын қадағалау – біздің ортақ міндетіміз. Заңдағы өзгерістерді уақтылы зерделеу еңбек ұжымдарының мүддесін тиімді қорғауға мүмкіндік береді», – деді Ләззат Есжанова.

Семинарда азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттарды еңбек қатынастарымен шатастыруға жол бермеу мәселесі, жұмыс уақытын есепке алу, үстеме жұмыс, мереке және демалыс күндеріндегі еңбекке, сондай-ақ уақытша алмастыруға ақы төлеу тәртібі қаралды. Сонымен қатар жалғызбасты ата-аналарға берілетін кепілдіктердің кеңеюі, ұжымдық шарттардың мүмкіндіктері мен еңбек дауларын шешу тетіктері түсіндірілді.
Сондай-ақ ұжымдық шарттарда бір лауазым бойынша ең жоғары және ең төменгі жалақының шекті арақатынасын бекіту, қоғамдық бақылауды жүргізу тәртібін айқындау және өндірістегі жазатайым оқиғалар кезінде өтемақы мен жәрдемақы төлеу шарттарын көздеу мүмкіндіктері атап өтілді. Бұдан бөлек, келісу комиссияларының жұмысы, еңбек төрелігі және қауіпті өндірістік объектілердегі ереуілдер кезінде жұмыстың ең аз көлемін орындау талаптары сөз болды.
Өндірістік жарақаттану және еңбек қауіпсіздігі бағытында өндірістік кеңестің шешімімен бекітілетін еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектордың мәртебесі мен өкілеттіктері, жазатайым оқиғаларды тергеу тәртібі және қызметкердің өрескел абайсыздығы кезіндегі кінәсінің шекті мөлшері (25%-дан аспауы) талқыланды. Сондай-ақ міндетті медициналық тексерулер, ауысым алдындағы куәландыру және скринингтік зерттеулерден өту кезеңіндегі кепілдіктер мен төлемдердің ерекшеліктері айтылды.
Жиын барысында Қостанай облысы Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ирина Аронова заңдағы жаңашылдықтарды өңірдегі бастауыш ұйымдарға жеткізудің маңыздылығына тоқталды.

«Қостанай өңірінің кәсіподақ белсенділері үшін мұндай оқыту семинарлары өте маңызды. Заңдағы жаңашылдықтарды білу бастауыш кәсіподақ ұйымдарына жұмыс берушілермен ашық диалог құруға, ұжымдық шарттарды жетілдіруге және еңбек адамының құқықтарын нақты қорғауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Ирина Аронова.

Семинар соңында қатысушылар заң нормаларын қолдануға қатысты сұрақтарын қойып, өңірдегі кәсіподақ жұмысының өзекті тәжірибесімен бөлісті.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы