2026 жылғы 3 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауды күшейтуге, еңбек қауіпсіздігін арттыруға және әлеуметтік әріптестік жүйесін дамытуға бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Аталған Заң Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының белсенді қатысуымен әзірленіп, қабылданды. Федерация Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттық корпусымен, мемлекеттік органдармен және әлеуметтік әріптестермен өзара іс-қимыл аясында жұмыскерлердің кепілдіктерін күшейту, еңбек қауіпсіздігін арттыру, әлеуметтік әріптестікті дамыту және еңбек адамының құқықтарын қорғау тетіктерін кеңейту мәселелерін жүйелі түрде көтеріп келді.
Заңмен Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Заңның негізгі бөлігі алғашқы ресми жарияланған күннен бастап 60 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді. Жұмыскерлердің скринингтік зерттеулеріне және медициналық ұйымдардың жұмыс берушілермен цифрлық өзара іс-қимылына қатысты жекелеген нормалар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Өзгерістердің басым бөлігі Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне енгізілді.
Ең маңызды жаңашылдықтардың бірі – еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың өкілеттіктерін кеңейту болды. Техникалық инспекторлар институты бұған дейін де болғанымен, енді олардың мәртебесі, құқықтары мен қызмет ету тетіктері Еңбек кодексінде нақты әрі жан-жақты бекітілді.
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторларға жұмыс берушіден қажетті ақпаратты сұрату, өндірістік объектілер мен құрылымдық бөлімшелерге бару, жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеруге қатысу, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында ішкі бақылау жүргізу, еңбек жағдайларын жақсарту жөнінде ұсыныстар енгізу және еңбек қауіпсіздігі мәселелері бойынша ұйымның ішкі актілерін әзірлеуге қатысу құқығы берілді.
Іс жүзінде бұл өндірістік жарақаттанудың алдын алу жұмыстарын күшейтуге, қауіпсіздік талаптарының бұзылуын тікелей жұмыс орындарында жедел анықтауға, қауіпті еңбек жағдайларына уақтылы ден қоюға және жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне қатысу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша ұйымдар ішіндегі еңбек қауіпсіздігіне қоғамдық бақылау тетігі едәуір нығаяды.
Түзетулердің жеке бір бөлігі жұмыскерге құрметпен қарау кепілдіктерін күшейтуге бағытталған.
Еңбек кодексінде алғаш рет жұмыскердің құрметке ие болу, еңбек саласында ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау, сондай-ақ жұмыс орнындағы жеке өміріне қол сұқпаушылық құқықтары бекітілді.
Бұл өзгерістер еңбек адамына қатысты қорлау, психологиялық қысым көрсету, дөрекі қарым-қатынас жасау және өзге де құрметсіздік көріністеріне жол берілмейтін заманауи еңбек ортасын қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар олар еңбек даулары мен жанжалды жағдайлар туындаған кезде жұмыскерлердің құқықтарын қорғауға қосымша құқықтық негіз қалыптастырады.
Жұмыскерлердің әлеуметтік кепілдіктері де едәуір күшейтілді.
Енді жұмыс берушілер жұмыскерлерге скринингтік зерттеулерден өту үшін жұмыс орны мен орташа жалақысы сақталатын демалыс беруге міндетті.
Жұмыскерлердің денсаулығын сақтау және кәсіптік аурулардың алдын алу тетіктеріне қатысты маңызды өзгерістер енгізілді. Заң шығарушы скринингтік тексерулерден өту үшін берілетін ақылы демалыс тәртібін түбегейлі жаңғыртты.
Айта кету керек, жұмыс орны мен орташа жалақысы сақтала отырып берілетін үш күндік демалыс құқығы жаңа норма емес. Бұл құқық Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде 2020 жылдан бері, яғни алты жылдан астам уақыт бойы қарастырылған. Алайда осы уақытқа дейін оны іске асырудың нақты әрі ашық тетігінің болмауына байланысты норма көбіне декларативтік сипатта қалып келді.
Жаңа өзгерістер бұл үдерісті толықтай қайта құрып, цифрлық бақылау жүйесіне көшіреді және жұмыс беруші тарапынан субъективті көзқарасқа жол бермейді. Енді жұмыс беруші тек жұмыскердің жұмыс орнын сақтаумен шектелмей, оларды профилактикалық тексерулер мен скринингтік зерттеулерден өтуге бағыттау бойынша белсенді шаралар қабылдауға міндетті болады. Бұл талаптарды орындамағаны үшін тікелей заңдық жауапкершілік көзделіп отыр.
Денсаулық сақтау жүйесін, цифрлық экожүйені және жұмыс берушілерді бірыңғай профилактикалық бақылау тізбегіне біріктіретін бұл нормалар еңбек қауіпсіздігі жүйесін салдармен күресуден алдын алу қағидатына көшіруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде еңбек адамының денсаулығына төнетін қауіптерді ерте кезеңде анықтап, кәсіптік аурулардың алдын алуға бағытталған заманауи әрі тиімді жүйе қалыптасады.
Сондай-ақ заңмен уақытша еңбекке жарамсыздық кезеңіндегі және әлеуметтік демалыстар кезіндегі жұмыскерлердің кепілдіктері күшейтілді.
Егер еңбек шартының тоқтатылу күні жұмыскердің еңбекке уақытша жарамсыздығы немесе әлеуметтік демалыс кезеңімен сәйкес келсе, жұмыстан босату мұндай кезең аяқталғаннан кейінгі күнге ауыстырылады.
Аталған норма жұмыскерлерді әлеуметтік тұрғыдан ең осал кезеңде жұмыстан шығарудан қосымша қорғауға бағытталған және ауру немесе әлеуметтік демалыс кезінде еңбек қатынастарын тоқтату жағдайларын болдырмауға мүмкіндік береді.
Түзетулер еңбек қатынастарының ашықтығын арттыруды да көздейді.
Енді жұмыс беруші заңнамада көзделген жағдайларда еңбек шартын жасасудан бас тарту себептерін жазбаша түрде түсіндіруге міндетті. Сонымен қатар тәртіптік жаза қолдану кезінде теріс қылықтың сипаты, оның жасалу мән-жайлары және жұмыскердің өз әрекетіне өкіну дәрежесі ескерілуі тиіс.
Бұл жұмыс берушінің кадрлық шешімдерді қабылдау кезінде негізділікті қамтамасыз етуге және негізсіз бас тартулар мен шамадан тыс қатаң тәртіптік шаралардың тәуекелін азайтуға мүмкіндік береді.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексіне енгізілген өзгерістер медициналық ұйымдар, жұмыскерлер және жұмыс берушілер арасындағы цифрлық өзара іс-қимылды енгізуді көздейді.
Медициналық ұйымдар жұмыскерлерге скринингтік тексерулерден өту қажеттілігі туралы хабарлай алады, сондай-ақ тексеруден өтуге тиіс жұмыскерлер жөніндегі мәліметтерді жұмыс берушілерге жолдай алады.
Бұл шаралар профилактикалық медицинаның тиімділігін арттырып, жұмыскерлерді скринингтік зерттеулермен қамтуды жақсартады және кәсіпорындарда профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруды жеңілдетеді деп күтілуде.
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген өзгерістер еңбек, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау салаларындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктерін күшейтеді.
Тәжірибеде бұл әкімдіктерге еңбек жанжалдарының алдын алу, өңірлердегі әлеуметтік әріптестікті үйлестіру, еңбек қауіпсіздігі жағдайын бақылау және кәсіпорындардағы өзекті мәселелерге жедел әрекет ету бағыттарында белсендірек жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Қабылданған өзгерістер еңбек заңнамасын одан әрі жетілдіруге, еңбек қауіпсіздігін нығайтуға және Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбек құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға бағытталған.
ҚРКФ Құқықтық қамтамасыз ету департаменті