QazaqGaz жергілікті кәсіподағының төрағасы 114-ші ХЕК қорытындылары бойынша кәсіподақ активімен кездесті

Федерация жаңалықтары 09.06.2026

QazaqGaz жергілікті кәсіподағының төрағасы 114-ші ХЕК қорытындылары бойынша кәсіподақ активімен кездесті

QazaqGaz жергілікті кәсіподағының төрағасы Талғат Байсейітов кәсіподақ активімен кездесу өткізіп, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы делегациясының құрамында Женева қаласында өткен Халықаралық еңбек ұйымының 114-ші Халықаралық еңбек конференциясына қатысу қорытындыларымен бөлісті.

 

Өз сөзінде Талғат Байсейітов еңбек саласындағы ең ірі халықаралық алаңға қатысу қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік әріптестікті дамыту және кәсіподақтардың рөлін күшейту бағытындағы озық халықаралық тәжірибелерді зерделеуге мүмкіндік бергенін атап өтті.

Конференция барысында әлеуметтік диалог, үшжақты әріптестік, лайықты еңбек, еңбек қауіпсіздігі және цифрлық дәуірдің жаңа сын-қатерлеріне бейімделу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Алынған білім мен тәжірибе QazaqGaz компаниялар тобы қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау жұмысына тиімді пайдаланылатын болады.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Телағысұлы Дәулеталиннің экономиканы цифрлық трансформациялау, жасанды интеллект технологияларын енгізу және олардың еңбек нарығына әсері мәселелеріне арналған баяндамасы ерекше қызығушылық тудырғаны атап өтілді. Талқылаулар барысында цифрлық экономикаға әділ көшу, жұмыспен қамтуды сақтау, қызметкерлердің біліктілігін арттыру және цифрландыру үдерістерін реттеуге кәсіподақтардың белсенді қатысуының маңыздылығы айтылды.

Сондай-ақ конференция аясында Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан және Моңғолия кәсіподақтарының өкілдері қатысқан түркі мемлекеттері кәсіподақтарының кездесуі өтті. Кездесуде еңбеккерлердің құқықтарын қорғау, әлеуметтік әріптестікті дамыту және бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Кездесу барысында Қазақстанның Халықаралық еңбек ұйымы мен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы аясындағы қызметінің еңбеккерлер үшін маңызы ерекше екені атап өтілді. Оның негізгі артықшылықтары ретінде мыналар көрсетілді:

* халықаралық еңбек стандарттарын қолдану мүмкіндігі;
* еңбек құқықтары мен кепілдіктерін нығайту;
* әлеуметтік диалог жүйесін дамыту;
* ұлттық еңбек заңнамасын халықаралық тәжірибеге сәйкес жетілдіру;
* кәсіподақ кадрларын оқыту және олардың біліктілігін арттыру мүмкіндіктерін кеңейту;
* халықаралық ынтымақтастық пен қолдауды күшейту;
* лайықты еңбек және қауіпсіз еңбек қағидаттарын ілгерілету;
* әлеуметтік-еңбек саласындағы озық тәжірибелермен алмасу.

Кездесу қорытындысында Талғат Байсейітов Халықаралық еңбек конференциясына қатысу жаңа тәжірибе жинақтауға, халықаралық әріптестік байланыстар орнатуға және еңбек қатынастарының заманауи үрдістерімен танысуға мүмкіндік бергенін атап өтіп, бұл кәсіподақ қызметін одан әрі дамытуға және қызметкерлердің мүдделерін тиімді қорғауға ықпал ететінін жеткізді.