Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Білім беру марафоны» жобасы аясында Қызылорда облысының кәсіподақ ұйымдары өкілдерінің қатысуымен «Әлеуметтік әріптестік: ұжымдық келіссөздерді жүргізу, ұжымдық шартты әзірлеу және жасасу» тақырыбында онлайн-оқыту семинары өткізілді.
Іс-шараға облыстың білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, құрылыс, мемлекеттік қызметшілер, теміржол және өзге де салалық кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен белсенділері қатысты.

Семинардың ашылуында ҚР Кәсіподақтар федерациясының Оқу орталығының директоры Ләззат Есжанова сөз сөйлеп, кәсіподақ кадрларын даярлау мен олардың кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған білім беру бастамалары жөнінде ақпарат берді.

Оқыту барысында ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникациялар орталығының бас сарапшысы Майра Боранбаева әлеуметтік әріптестік институтының еңбек қатынастарын реттеудегі рөліне тоқталып, ұжымдық келіссөздерді жүргізудің тәртібі мен ұжымдық шарттарды әзірлеудің құқықтық тетіктерін түсіндірді. Сонымен қатар еңбек заңнамасының талаптары мен жұмыс берушілердің міндеттері туралы жан-жақты мәлімет ұсынылды.

Семинар аясында қатысушылар еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік кепілдіктерді кеңейту және ұжымдық шарттардың тиімділігін арттыру мәселелерін талқылап, тәжірибе алмасты.

Қатысушылар оқыту бағдарламасының өзектілігі мен тәжірибелік маңызын атап өтіп, мұндай білім беру алаңдарының кәсіподақ қызметінің сапасын арттыруға және әлеуметтік әріптестікті нығайтуға елеулі үлес қосатынын жеткізді.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының білім беру жобалары кәсіподақ ұйымдарының әлеуетін күшейтуге, кәсіподақ кадрларының кәсіби құзыреттерін жетілдіруге және еңбек адамдарының құқықтары мен мүдделерін қорғау тетіктерін дамытуға бағытталған.