2026 жылғы 12 маусымда Женева қаласында 187 мүше мемлекеттің үкіметтері, жұмыс берушілері мен жұмыскерлерінің өкілдерін біріктірген Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) ұйымдастырған Халықаралық еңбек конференциясының 114-сессиясы өз жұмысын аяқтады. Конференция еңбек саласының болашағын, әлеуметтік әділеттілік пен орнықты дамуды айқындайтын шешімдер қабылданатын маңызды халықаралық алаң ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте растады.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы делегациясы Федерация төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің жетекшілігімен пленарлық отырыстарға, халықаралық консультацияларға, ХЕҰ мен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының салалық комитеттерінің жұмысына белсенді қатысып, сондай-ақ халықаралық әріптестермен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Биылғы сессияның басты тақырыбы цифрландыру мен жасанды интеллекттің ықпалымен еңбек нарығында болып жатқан өзгерістер болды. Қатысушылар ХЕҰ Бас директоры Жильбер Унгбоның «Таңдау сәті: лайықты еңбекті қамтамасыз ету үшін жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану» атты баяндамасын кеңінен талқылады. Құжатта технологиялық өзгерістерді адамға бағдарланған тәсіл арқылы жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілген.
.jpeg)
Халықаралық еңбек конференциясының жалпы пікірталасы барысында Сатыбалды Дәулеталин қазақстандық кәсіподақтардың цифрлық трансформация мен жасанды интеллектті енгізуге қатысты ұстанымын таныстырды.

– Қазақстан кәсіподақтары мен Орталық Азия өңірінің миллиондаған еңбеккерлерінің атынан сөз сөйлеу – мен үшін үлкен мәртебе. Бүгінде жасанды интеллект еңбек процесін ұйымдастыруға, жұмыскерлерді бағалауға және жұмыспен қамту құрылымына тікелей ықпал етіп отыр. Сондықтан біз технология адамның игілігіне қызмет етуі тиіс деген қағидатты толық қолдаймыз. Қазақстан мен Орталық Азия елдері үшін бұл мәселе ерекше өзекті, – деді кәсіподақтар көшбасшысы.

Өз сөзінде ҚРКФ төрағасы ұлттық цифрлық трансформация мәселелеріне және еңбек адамының құқықтарын қорғау тетіктерін қалыптастырудың маңыздылығына ерекше тоқталды.


– Қазақстанда 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Федерацияның 2030 жылға дейінгі стратегиясында цифрландыру жағдайында жұмыскерлердің құқықтарын қорғау басым бағыттардың бірі ретінде белгіленген. Сонымен қатар жасанды интеллектті қолдану кезінде жұмыскерлердің құқықтарын қорғау стандарттары әзірленді. Бұл тек реттеу мәселесі ғана емес, бұл – сенім мәселесі. Жұмыскерлердің сенімінсіз ешқандай цифрлық трансформация тұрақты болмайды, – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Үшжақты әріптестіктің маңызын атап өткен ҚРКФ төрағасы әлеуметтік диалог технологиялық өзгерістер басталған сәттен-ақ қатар жүруі қажет екенін айтты.

– Әділетті цифрлық көшу мемлекет, жұмыс берушілер және жұмыскерлер арасындағы серіктестіксіз мүмкін емес, – деді ол.

Халықаралық еңбек конференциясының мінберінен Қазақстан кәсіподақтарының жетекшісі халықаралық жұмыстың үш негізгі бағытын ұсынды: жұмыскердің шешім қабылдау үдерісіне адамның қатысу құқығын сақтау, адами капиталды дамытуға инвестиция салу және еңбек саласында жасанды интеллектті қолданудың халықаралық стандарттарын қалыптастыру.

– Біз ХЕҰ-ның трансформациялық күн тәртібін қолдаймыз және күш-жігерді осы үш бағытқа жұмылдыру қажет деп санаймыз. Қазақстан мен Орталық Азия кәсіподақтары бұл жұмысқа белсенді қатысуға дайын, – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Сөзінің соңында ол кәсіподақ қозғалысының басты қағидатын атап өтті:
– Бүгін біз технология мен адам арасынан таңдау жасап отырған жоқпыз. Біз дамудың қандай болатынын таңдап отырмыз. Біздің әдісіміз – диалог, күшіміз – ынтымақ, ал басты құндылығымыз – еңбек адамы.
Конференция аясында ҚРКФ делегациясы халықаралық әріптестермен бірқатар маңызды кездесулер өткізді.
.jpeg)




ХЕҰ Бас директоры кеңсесінің директоры, Бас директордың орынбасары Беата Андреспен өткен келіссөздер барысында ХЕҰ мен өңірдегі ұлттық кәсіподақ орталықтары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту, еңбек нарығына әсер ететін заманауи сын-қатерлердің салдарын азайту, лайықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және цифрлық трансформация жағдайында жұмыскерлердің құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды.


Қазақстан делегациясы сондай-ақ Орталық Азия елдері мен Әзербайжан кәсіподақ орталықтарының қатысуымен өткен «ХЕҰ + Орталық Азия» форматындағы кеңеске қатысты. Кездесу барысында өңірлік ынтымақтастықты дамыту, кәсіподақтар ынтымағын нығайту, үздік тәжірибелермен алмасу және еңбек нарығындағы заманауи сын-қатерлерге ортақ тәсілдер қалыптастыру мәселелері қарастырылды.

Халықаралық бағдарлама шеңберінде Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Панеуропалық өңірлік кеңесінің атқарушы хатшысы Антон Леппикпен, Түркияның TÜRK-İŞ конфедерациясының төрағасы Эргюн Аталаймен, HAK-İŞ конфедерациясының бас хатшысы Махмуд Арсланмен және Жапонияның RENGO конфедерациясының атқарушы хатшысы Рио Саитомен кездесулер өтті.

Келіссөздердің негізгі тақырыптары халықаралық кәсіподақ ынтымақтастығын нығайту, әлеуметтік диалогты дамыту, жұмыскерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау және қазіргі экономикалық өзгерістер жағдайындағы бірлескен іс-қимылдарды үйлестіру болды.

Қазақстандық делегацияның қатысуындағы маңызды бағыттардың бірі ХЕҰ комитеттерінің жұмыстарында өтті.

ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев Халықаралық еңбек стандарттарын қолдану комитетінің жұмысына қатысып, халықаралық еңбек конвенцияларының орындалуы, жұмыскерлердің негізгі құқықтарын қамтамасыз ету және халықаралық міндеттемелердің сақталуын бақылау тетіктерін жетілдіру мәселелерін талқылады.

Платформалық экономикадағы лайықты еңбек стандарттарын әзірлеу жөніндегі комитеттің жұмысына Түркістан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Жандос Шайдулла мен «Серіктес» жергілікті кәсіподағының төрағасы Сабыржан Қали қатысты. Комитет отырыстарында платформалық жұмыспен қамтылған жұмыскерлерді әлеуметтік қорғау, еңбек жағдайларын реттеу, алгоритмдік басқару және цифрлық экономикадағы әділ еңбек қатынастары мәселелері қаралды.

Әлеуметтік диалог және үшжақтылық жөніндегі комитеттің жұмысына «QazaqGaz» ҰК» АҚ жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Талғат Байсейітов қатысты.

Ал Қарағанды облыстық білім, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Алмагүл Рақышева еңбек саласындағы гендерлік теңдікті қамтамасыз ету жөніндегі трансформациялық күн тәртібін талқылау комитетінің жұмысына қатысты.

114-сессияның ең маңызды нәтижелерінің бірі – платформалық экономикадағы лайықты еңбек туралы жаңа ХЕҰ конвенциясының қабылдануы болды. Бұл платформалық жұмыспен қамтылған жұмыскерлердің құқықтарын қорғауға арналған алғашқы жаһандық халықаралық стандарт болып табылады.

Құжат платформалық экономикаға іргелі еңбек құқықтарын толық қолдануды қамтамасыз етеді, жұмыспен қамту мәртебесін заңсыз айқындаудан қорғауды күшейтеді, алгоритмдік басқарудың ашықтығына, әлеуметтік қорғауға және лайықты еңбек кепілдіктеріне қойылатын талаптарды нақтылайды.

Халықаралық еңбек конференциясының 114-сессиясына қатысу Қазақстан кәсіподақтарының халықаралық еңбек күн тәртібіне белсенді түрде тартылғанын және заманауи халықаралық еңбек стандарттарын қалыптастыруға нақты үлес қосуға дайын екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Қазақстан кәсіподақтары халықаралық ынтымақтастықты нығайту, әділетті цифрлық көшуді қамтамасыз ету және кез келген өзгерістің өзегінде еңбек адамының мүддесі тұруы тиіс деген ұстанымды дәйекті түрде қолдай береді.







.jpeg)


