«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында еңбек ұжымымен кездесу өтті

Салалық және өңірлік жаңалықтар 15.06.2026

«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында еңбек ұжымымен кездесу өтті

Қызылорда облысында «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясындағы кездесулер легі қарқынды жалғасуда. Бұл маңызды науқанның негізгі мақсаты — бастауыш кәсіподақ ұйымдарының шынайы тыныс-тіршілігімен етене танысу, еңбек ұжымдарындағы ең өзекті мәселелерді жіті зерделеу, жұмыскерлермен ашық пікір алмасып, олардың әлеуметтік-еңбек құқықтарының сақталу деңгейіне нәтижелі мониторинг жүргізу.

Осыған орай, «Байқоңыр қаласының көпбейінді ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнында еңбек ұжымымен жүздесу ұйымдастырылды.

Кездесуге Қызылорда облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов пен «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Сәулебек Ысқақов арнайы қатысты.

Жиын барысында кәсіподақ өкілдері медицина жұмыскерлерімен ресми қалыптан тыс, еркін форматта пікір алмасып, ақ халаттылардың еңбек жағдайлары, әлеуметтік қорғалуы, еңбекақы төлеу мәселелері, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәсіподақ мүшелеріне көрсетілетін қолдау шаралары төңірегінде ашық әңгіме өрбітті.

Марат Бәйімбетов өз сөзінде бастауыш кәсіподақ ұйымдарының еңбек ұжымындағы тұрақтылық пен әлеуметтік әріптестікті нығайтудағы өлшеусіз рөліне ерекше тоқталды. Ол кәсіподақтардың негізгі міндеті әрбір жұмыскердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау екенін қадап айтып, бүгінде еңбек адамының әл-ауқатын арттыру бағытында жүйелі де ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.

Ал Сәулебек Ысқақов денсаулық сақтау саласы жұмыскерлерінің қоғамдағы маңызды миссиясына назар аударып, салалық кәсіподақ тарапынан медицина мамандарының еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік кепілдіктерін нығайту және кәсіби мүдделерін қолдау бағытында қолға алынған толымды істер туралы кеңінен баяндады.

Кездесу барысында аурухана жұмыскерлері өздерін толғандырған көкейкесті сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Өз кезегінде кәсіподақ өкілдері көтерілген әрбір мәселенің міндетті түрде назарға алынатынын айтып, олардың қолданыстағы заңнама аясында оңтайлы шешілу жолдары бойынша жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.