Бүгін, 15 маусымда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Кәсіподақтық коммуникация орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің ақпараттық жұмыс мамандарына арналған ауқымды оқыту семинарын өткізді.

Шараның басты мақсаты — өңірлердегі кәсіподақ ұйымдарының ақпараттық жұмысын жаңа деңгейге көтеру, заманауи медиа құралдарын тиімді пайдалану дағдыларын дамыту және бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі визуалды контенттің сапасын арттыру. Қазіргі ақпараттық қоғамда кез келген ұйымның оң имиджін қалыптастыруда сапалы медиа-өнімдердің рөлі зор екенін ескерсек, бұл жиынның маңызы ерекше.
Жиын барысында Кәсіподақтық коммуникация орталығының директоры Гүлмира Қаракөзова ақпараттық жұмысты жаңғыртудың маңыздылығына тоқталып, жаңа талаптарды атап өтті.
«Заман ағымына сай Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы өз жұмысының ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында жаңартылған ресми сайтты іске қосты. Ендігі біздің басты міндетіміз — осы заманауи платформаға сай жоғары сапалы, мазмұнды әрі тартымды контент дайындау. Әрбір өңірдегі ақпарат маманы тек мәтін жазып қана қоймай, оны заманауи талаптарға сай байыта білуі тиіс. Бүгінгі семинар сіздердің осы бағыттағы кәсіби шеберліктеріңізді шыңдауға арналған», – деді Гүлмира Қаракөзова.
Оқыту семинарын ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығының бас сарапшысы, фотосурет пен видео саласының тәжірибелі маманы Бағдат Әшім жүргізді. Кәсіподақтар федерациясында фото және видео бағытына тікелей жауапты маман ретінде ол қатысушыларға өз тәжірибесімен бөлісіп, ресми іс-шаралар мен күнделікті кәсіподақ өмірін таспалаудың қыр-сырын көрсетті. Семинар барысында теориялық біліммен қатар, күнделікті жұмыста жиі кездесетін қателіктер мен оларды түзету жолдарына баса назар аударылды.

Жиынның негізгі бөлімінде қазіргі заманғы түсірілім құрылғылары мен камералардың техникалық мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдалану мәселелері талқыланды. Бағдат Әшім камераны қалай жақсырақ қолдану керек екенін, жарық пен экспозицияны дұрыс таңдаудың маңыздылығын және кез келген кадрдың сапасын техникалық тұрғыдан қалай жақсартуға болатынын көрсетті. Спикердің айтуынша, заманауи контент тек ақпараттық емес, сонымен бірге визуалды түрде де тартымды әрі жанды болуы тиіс.

Семинар қатысушылары қызықтырған сұрақтарын қойып, кәсіби тұрғыда өзара пікір және тәжірибе алмасты. Олар өз жұмыстарында кездесетін нақты жағдайларды мысалға келтіріп, сарапшыдан пайдалы кеңестер алды. Жиын соңында қатысушылар мұндай дәрістердің маңыздылығын атап өтіп, алған білімдерін өз өңірлеріндегі кәсіподақ қызметін кеңінен насихаттауға жұмсайтындарын жеткізді.

Кәсіподақ белсенділері мен медиа мамандарының біліктілігін арттыруға бағытталған мұндай оқыту шаралары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын таппақ.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы