12 маусым күні ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында вице-министр Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің өңірлік департаментінің тыныс-тіршілігімен танысып, еңбек саласындағы ең өзекті мәселелер арқау болған кеңейтілген жиын өткізді.

Ауқымды басқосуға Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Амангелды Әліш, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департамент басшысы Бегман Нұрмаханов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы және бірқатар салалық кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мен өкілдері қатысты. Нақтырақ айтқанда, Түркістан қаласы құрылыс кешені және ТҮКШ саласы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы ҚБ төрағасы Бектас Шірікбаев, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіподағы облыстық филиалының төрайымы Күлдар Есебаева, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының өкілі Ержан Исатаев, сондай-ақ мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының өкілі Темірхан Асылхан және департамент мамандары бас қосты.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Амангелді Әліш егжей-тегжейлі баяндама жасады. Ол өз сөзінде еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау, өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу, техникалық қауіпсіздік талаптарының орындалуы, сондай-ақ азаматтар мен жұмыс берушілерден келіп түскен арыз-шағымдарды қарау бағытындағы атқарылған ауқымды жұмыстарды жіпке тізді.
Сонымен қатар жиында өңірдегі еңбек қатынастарының жалпы ахуалы, өндірістік жарақаттану көрсеткіштері, еңбек дауларының алдын алу және кәсіпорындардағы қауіпсіздікті күшейту мәселелері қызу талқыға түсті. Басқосуға қатысушылар еңбек қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру мен жұмыс берушілердің жауапкершілігін еселеу қажеттігіне ерекше екпін түсірді.
Алқалы отырысты қорытындылаған бірінші вице-министр Ербол Тұяқбаев еңбек инспекциясы органдары мен салалық құрылымдардың алдына бірқатар нақты міндеттер қойды. Атап айтқанда, еңбек құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру, өндірістік жарақаттанудың алдын алу шараларының тиімділігін арттыру және аймақтағы әлеуметтік әріптестікті нығайту бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.