Медет Болысбеков: "Техникалық инспектор мәртебесі – қауіпсіз еңбектің заңды негізі"

Салалық және өңірлік жаңалықтар 17.06.2026

Медет Болысбеков: "Техникалық инспектор мәртебесі – қауіпсіз еңбектің заңды негізі"

Қазақстан Республикасының Еңбек заңнамасына енгізілген соңғы өзгерістер – еңбек қауіпсіздігі мен қызметкерлердің заңды құқықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтерген тарихи қадам болды. Атап айтқанда, Еңбек кодексінің 203-5-бабына енгізілген түзетулер еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың мәртебесін, құқықтары мен өкілеттіктерін заң жүзінде бекітті. Бұл маңызды шешім Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының бастамашыл, жүйелі әрі қажырлы жұмысының тікелей нәтижесі.

 

Бұл – өндірістегі әрбір адамның өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған дер кезінде жасалған өте маңызды қадам.

 

Мен «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты Тау-Далин филиалының еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторы ретінде бұл реформаны толық қолдаймын. Жаңа заңнамалық нормалар аясында біздің қоғамдық бақылау жүргізудегі, жұмыс орындарын тексеруге қатысудағы және өндірістік жарақаттанудың алдын алудағы рөліміз еселеп артты.

 

Ендігі жерде техникалық инспектор қызметкерлердің жеке қорғаныш құралдарымен толық қамтамасыз етілуін бақылауға, жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеруге тең құқылы мүше ретінде қатысуға және еңбек қауіпсіздігі мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын кедергісіз жүргізуге заңды түрде өкілетті. Кәсіподақ пен техникалық инспекторлардың осылайша бірлесе қимылдауы өндірістік қауіпсіздік деңгейін арттырып, еңбек тәртібін нығайтуға үлкен септігін тигізуде.

 

Техникалық инспектордың беделі мен құқығы заңмен қорғалған жерде қызметкерлердің де қауіпсіз еңбек жағдайларына деген заңды құқықтары нық қорғалады.

Қауіпсіз еңбек – бәріміздің ортақ құндылығымыз!

 

Болысбеков Медет Нұрланұлы, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының Тау-Далин филиалының еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторы