17 маусым, сәрсенбі күні Астана қаласында «Іскерлік ортада жауапты бизнес жүргізу және адам құқықтарын сақтау арқылы тұрақты дамуды қамтамасыз ету» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Бұл шараны Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі қолдауымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) еліміздегі өкілдігі ұйымдастырды.

Дөңгелек үстел жұмысына мемлекеттік мекемелердің, халықаралық ұйымдардың, бизнес ортаның және қоғамдық институттардың өкілдері қатысты. Ал Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының атынан бұл шараға Құқықтық қамтамасыз ету департаментінің басшысы Тимур Нұғманов пен Әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік әріптестік жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Айжан Ибраева барып қатысты.

Кездесуді аша отырып, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағнаев бизнесті жүргізу ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігімен тікелей байланысты екенін атап өтті. Өз кезегінде БҰҰДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа болашақта тұрақты даму мақсаттарына жету үшін мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам институттарының күш-жігерін бір арнаға тоғыстыру қажеттілігіне назар аударды.
Бұл ойды Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың жетекшісі Динара Тәженова да жалғастырды. Ол кәсіпкерлік саласында адам құқықтарының бұзылуын алдын алатын тиімді жолдарды қалыптастыру және экономикалық үдерістерге қатысушы барлық тараптардың жауапкершілігін арттыру өте маңызды екенін баса айтты.
Талқылау барысында халықаралық тәжірибені БҰҰДБ-ның бизнес және адам құқықтары мәселелері жөніндегі бағдарламалық маманы Олена Уварова таныстырды. Оның айтуынша, соңғы жылдары әлемдік тәжірибе компаниялардың ерікті бастамаларынан адам құқықтарын сақтау және тиісті тексеру рәсімдерін жүргізу жөніндегі міндетті талаптарға көшу үрдісін көрсетіп отыр.
Осы қағидаттарды іс жүзінде жүзеге асыру мәселелері бірінші панельдік пікірталастың арқауы болды. Қатысушылар бизнес және адам құқықтары саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспарларын енгізу бойынша түрлі мемлекеттердің тәжірибесін қарастырды. Моңғолияның тәжірибесін Премьер-министрдің кеңесшісі Чимгуундари Наваан-Юнден таныстырып, тұжырымдаманы әзірлеуден бастап ұлттық іс-қимыл жоспарын іс жүзінде жүзеге асыруға дейінгі даму жолы туралы баяндады.
Тақырыпты жалғастыра отырып, қатысушылар бизнестің экологиялық жауапкершілігі мәселелерін қарастырды. Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық мәдениет және экологиялық саясат департаментінің директоры Дәулет Есмағамбетов азаматтардың экологиялық құқықтарын қорғау заманауи іскерлік саясат пен тұрақты дамудың маңызды элементіне айналып келе жатқанын атап өтті.
Талқылау барысында қазақстандық компаниялардың жаңа халықаралық талаптарға дайындығы мәселелері ерекше орын алды. «Самұрық-Қазына» АҚ Бас директорының орынбасары Ілияс Дүйсеновтің пікірінше, отандық бизнес бизнесті жауапты жүргізудің жаһандық стандарттарына бейімделу қажеттілігімен қазірдің өзінде бетпе-бет келіп отыр.

Қазақстанда мекемелерді ортақ басқару, қоғамдық бақылау жүргізу және бизнесті жүргізудің халықаралық стандарттарын енгізу құралдарын пікірталас барысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, ЭЫДҰ (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) Ұлттық байланыс орталығының және бизнес-омбудсмен институтының өкілдері де қозғады.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының өкілдері еңбек саласында адам құқықтарын сақтау, лайықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және әлеуметтік диалогты дамыту мәселелері тұрақты даму мен әлеуметтік тұрақтылықтың ең маңызды шарттары болып қала беретінін атап өтті.
Сарапшылар мемлекет, жұмыс берушілер және қызметкерлер өкілдері арасында тиімді өзара іс-қимылды құрудың маңыздылығын атап өтті. Қатысушылар іргелі еңбек құқықтарын сақтамай, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етпей және әлеуметтік әріптестік мәдениетін нығайтпай тұрақты даму мүмкін емес деген ортақ пікірге келді.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар маңызды ұсыныстар тізімін дайындады. Бұл ұсыныстар алдағы уақытта Қазақстан Республикасында адам құқықтарын сақтай отырып, жауапты бизнесті дамытудың ұлттық бағыттары мен іс-қимыл жоспарын жасау кезінде міндетті түрде ескерілетін болады.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы