Абай облысының медицина қызметкерлері арасындағы аймақтық спорттық бәсеке мәресіне жетті

Салалық және өңірлік жаңалықтар 18.06.2026

Абай облысының медицина қызметкерлері арасындағы аймақтық спорттық бәсеке мәресіне жетті

Медицина қызметкері күні қарсаңында «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Абай облыстық филиалы өңірдегі медициналық ұйымдардың қызметкерлері арасында облыстық спорттық турнир ұйымдастырды.

Бұл жарысқа аудандық, қалалық және облыстық денсаулық сақтау мекемелерінен келген мамандар қатысып, шахмат, үстел теннисі және футболдан өзара бақ сынасты. Шараның негізгі мақсаты – ұжымның бірлігін нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау, мекемеішілік мәдениетті дамыту және медицина қызметкерлерінің спортқа деген ынтасын арттыру болды.

Шахмат пен үстел теннисінен өткен ойындар Семей медицина университетінде ұйымдастырылды. 

Бұл жарыстардың жоғары деңгейде өтуіне университет ректоры, профессор, Абай облыстық үстел теннисі федерациясының президенті Алтай Дүйсіпов тікелей қолдау көрсетті.

Спорттық шараға жалпы саны 35 команда қатысты: шахмат пен үстел теннисінен – 10 командадан, ал футболдан – 15 команда бақ сынады.

Жарысқа қатысушыларды «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы Абай облыстық филиалының төрағасы Марат Қожахметұлы Бекбаев құттықтап, мұндай спорттық шаралардың кәсіби бірлік пен ұжымдық ынтымақтастықты нығайтудағы маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ құттықтау сөз сөйлегендер қатарында Абай облысы Кәсіподақтар орталығының заңгері Сұлтанбек Оралбеков пен «Семей медицина университеті» КеАҚ жергілікті кәсіподағының төрағасы Асқар Бұғатов болды.

Жарыс қорытындысы бойынша озық шыққан жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, медальдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Турнирді қорытындылаған Марат Қожахметұлы Бекбаев «SENIM» салалық кәсіподағы денсаулық сақтау қызметкерлері арасында спортты дамытуға және салауатты өмір салтын орнықтыруға әрдайым ерекше көңіл бөлетінін жеткізді.

«Осындай іс-шаралар денсаулықты нығайтып қана қоймай, командалық рухтың, өзара қолдау мен кәсіби ынтымақтастықтың артуына зор ықпал етеді. Бүгінгі турнир медицина қызметкерлерінің спорттық дайындығы өте жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді», – деді ол.

Бұл турнир достық, өзара сыйластық және спорттық бәсекелестік жағдайында өтіп, қатысушыларға жарқын әсер, жаңа таныстықтар мен ұмытылмас естеліктер сыйлады.