Киелі сахнаның шымылдығы жабылып, көрермен қол шапалағы басылған сәтте, театрдың тылсым өмірі өзге бір арнада жалғасып жатады. Ол — тарих парақтары мен өткен күннің белгісіндей сақталған жәдігерлер мекені.
Сахна сыртындағы осынау үлкен рухани қазынаны көздің қарашығындай сақтап, болашаққа аманаттап жүрген нағыз еңбек адамы — Ж. Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры музейінің меңгерушісі Қымбат Молдиева. Бүгінде алпыстың асқаралы белесіне шыққан аяулы ана, білікті маман өзінің саналы ғұмырын Шымкент шаһарының мәдениетін өркендетуге және театрдың өшпес тарихын түгендеуге арнап келеді.
Қымбат Махамбетқызы 2012 жылдан бері осы қара шаңырақтың музейін басқарып, өнер ошағының өткені мен бүгінін жалғаған алтын көпірге айналды. Оның күнделікті атқарып жүрген жұмысы сырт көзге біліне бермейтін тынымсыз еңбекті қажет етеді. Театрдың небір дүлдүлдері киген сахналық киімдерді, көне қойылымдардың афишаларын, сирек кездесетін қолжазбалар мен фотосуреттерді, ұжымның халықаралық деңгейде алған биік марапаттарын жинақтап, оларды жүйелеу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Қымбат Махамбетқызы әрбір жәдігерге жай ғана атқарылатын жұмыс ретінде емес, ұлттық мәдениеттің үлкен байлығы ретінде қарайды.
Оның бойындағы жоғары жауапкершілік пен ісіне деген ұқыптылық театр музейінің бүгінгі таңда заманауи үлгіде қалыптасып, дамуына тікелей ықпал етті.

Нағыз кәсіби маманның басты қасиеті — өз ісіне деген адалдығы мен ұжымға деген жанашырлығынан көрінеді. Театрдың мәдени мұрасын сақтау жолында аянбай тер төгіп жүрген Қымбат Махамбетқызы өнер ұжымының арасында үлкен абырой мен шынайы құрметке ие. Әріптестері оны тапсырылған кез келген істі сапалы әрі уақытында орындайтын, қиын сәтте жол көрсете білетін тәжірибелі тәлімгер ретінде бағалайды. Оның жылы жүзі мен айналасына деген жақсы қарым-қатынасы бүкіл ұжымның бірлігін бекемдей түседі. Ол — өз ісінің шебері ғана емес, театрдың қара шаңырағына жан-тәнімен берілген шынайы жанашыры.
Қызметтегі биік белестерімен қатар, Қымбат Махамбетқызы — отбасының берекесін кіргізіп отырған аяулы жар, үлгілі ана. Бүгінде жолдасымен бірге ұядан 3 қыз, 1 ұлды ұшырып, олардан өрбіген немерелердің сүйікті әжесі болып отырған жайы бар.
Жанұядағы жылылық пен жұмыстағы жауапкершілікті тең ұстаған бұл жанды бүгінгі қоғамның нағыз үлгі тұтар тұлғасы деуге толық негіз бар.
Театрдың мәдени шежіресін күзеткен еңбек адамының маңдай тері мен өнегелі ғұмыры өскелең ұрпаққа әрқашан үлгі болып қала бермек.