Мырзақали Әдепбаев 1963 жылы Целиноград облысы Атбасар ауданының Қаражар ауылында дүниеге келген. Ауылдың еңбекқор ортасында тәрбиеленіп, жастайынан адал еңбек пен жауапкершілікті өмірлік ұстанымына айналдырды.
Мектеп қабырғасынан кейін 1978–1981 жылдары Целиноград қаласындағы №29 орта кәсіптік-техникалық училищеде білім алып, еңбек жолына қажетті кәсіби машықтарды меңгерді. 1982–1984 жылдары Қиыр Шығыстағы Байкал-Амур магистралі теміржол әскерлері құрамында Кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтеді. Әскери қызмет жылдары оның тәртіпке беріктігін, төзімділігі мен жауапкершілік қасиеттерін шыңдай түсті.
1985 жылдан бастап еңбекке араласып, жүргізуші, кейін жабдықтаушы қызметтерін атқарды. Осы жылдары мол тәжірибе жинақтап, адал еңбегімен және жауапкершілігімен көзге түсті.
1997 жылы елордадаға көшіп келгеннен кейін теміржол саласында еңбек ете бастады. Жол жөндеуші-монтер қызметін атқара жүріп, өндірістік тәжірибесін шыңдады. Локомотив депосында слесарь болып жұмыс істеп, техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстарында кәсіби шеберлігін көрсетті. Осы кезеңде жинақтаған тәжірибесі оның теміржол көлігіндегі қауіпсіздік пен сапа талаптарын терең түсінуіне мүмкіндік берді. Кәсіби білімін толықтыру мақсатында Қазақстан жол қатынастары университетінің сырттай бөлімінде оқыды.

2000 жылдан бастап жолаушылар вагондарын қабылдау саласында қызмет атқарды. Алғашында 2016 жылға дейін «Жолаушылар вагондарын лизингке беру компаниясы» акционерлік қоғамында еңбек етсе, кейін «Вагонсервис» акционерлік қоғамына ауысып, бүгінде жолаушылар, пошта және жүк вагондарын қабылдау жұмыстарын абыроймен атқарып келеді.
Мырзақали Қаниұлының қызметі теміржол көлігіндегі қауіпсіздік пен сапаны қамтамасыз етуде ерекше маңызға ие. Ол жылжымалы құрамның техникалық жай-күйін мұқият тексеріп, вагондарды қабылдау және тапсыру жұмыстарын бақылайды, қажетті техникалық құжаттамаларды рәсімдейді. Сонымен қатар вагондардың арбашықтары, тежегіш жабдықтары мен автотіркегіш құрылғыларының жарамдылығын қадағалап, анықталған ақаулар бойынша тиісті актілер толтырады. Жөндеу бригадаларымен тығыз байланыста жұмыс істеп, қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді.
Көп жылғы еңбек тәжірибесі мен жоғары кәсібилігінің арқасында ол қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жолаушылар тасымалы сапасын арттыруға және теміржол саласының тұрақты жұмысына өз үлесін қосып келеді. Әріптестері арасында жауапкершілігі жоғары, ісіне адал, тәжірибелі маман ретінде танылған.
Отбасылық өмірінде де өнегелі жан. 1988 жылы Қуанышпекқызы Гүлістанмен шаңырақ көтеріп, екі ұл тәрбиелеп өсірді. Бүгінде саналы ғұмырын адал еңбекке арнап келе жатқан Мырзақали Қаниұлы жас мамандарға үлгі боларлық еңбек жолының иесі.