Қазақстан Республикасының Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Шымкент қаласының Кәсіподақтар орталығында денсаулық сақтау саласы мамандарының құрметіне арналған салтанатты іс-шара өтті. Сала мамандарының төл мерекесіне орайластырылған бұл жиынды «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалы ұйымдастырды. Мерекелік шараның басты мақсаты – халық денсаулығын жақсарту жолында еңбек етіп жүрген кәсіподақ мүшелерінің мәртебесін көтеру және олардың еңбегін тиісті деңгейде ұлықтау болды.

Салтанатты жиынға «SENIM» кәсіподағының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Қобланбек Түлкібекұлы Оңалбеков арнайы қатысып, жиналған қауымды кәсіби мерекелерімен құттықтады. Өз сөзінде ұйым жетекшісі кәсіподақ қатарындағы әрбір медицина қызметкерінің құқығын қорғау, оларға лайықты еңбек жағдайын жасау және әлеуметтік қолдау көрсету бірлестіктің басты міндеті екенін атап өтті. Ол бұл атаулы күннің тек кәсіби мейрам ғана емес, өз өмірін өзгелердің саулығына арнаған және кәсіподақ ұйымының ажырамас бөлігіне айналған нағыз мамандардың мәртебесі айқындалатын күн екенін жеткізді. Сонымен қатар, кәсіподақ мүшелері тек өз ісінің білікті маманы ғана емес, қоғам тұрақтылығы мен халық денсаулығының басты кепілі екенін атап көрсетті.

Іс-шара барысында денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген, кәсіподақ қозғалысының белсенді мүшелері болып табылатын бірқатар медицина қызметкерлеріне ерекше құрмет көрсетілді. Саланың озық шыққан дәрігерлері, мейіргерлері мен өзге де мамандары «SENIM» кәсіподағының арнайы төсбелгілерімен, Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Марапат иелері бұл құрметті тек өз еңбектерінің бағалануы ғана емес, сонымен бірге кәсіподақ ұйымы тарапынан көрсетілген үлкен қолдау мен қамқорлықтың айқын көрінісі ретінде қабылдайтындарын білдірді.

Өткізілген салтанатты кеш «SENIM» кәсіподағының Шымкент қаласындағы медицина саласы қызметкерлерінің құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан әрдайым сенімді қорғаушысы екенін тағы бір мәрте айғақтады.