Кәсіподақ қызметін заман талабына сай дамыту, еңбек адамдарының құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды жетілдіру мақсатында Түркістан қаласында «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Түркістан облысының кәсіподақ ұйымы» қоғамдық бірлестігінің кезекті V Пленумы өтті.

Алқалы жиында кәсіподақ қозғалысының бүгінгі жай-күйі сараланып, білім беру саласындағы цифрландыру үдерісі жағдайында кәсіподақ ұйымдарының атқаратын рөлі мен алдағы міндеттері кеңінен талқыланды. Сондай-ақ еңбек заңнамасындағы өзгерістер, қызметкерлердің құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру, әлеуметтік әріптестікті нығайту және кәсіподақ мүшелерімен тиімді кері байланыс орнату мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Пленум барысында еңбек қатынастарын цифрландыру, құқықтық қорғау жұмыстарын күшейте түсу, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жастардың кәсіподақ қозғалысына белсенді қатысуын арттыру және халықаралық тәжірибені тиімді пайдалану бағытындағы өзекті мәселелер көтерілді.

Қатысушылар кәсіподақ қызметінің тиімділігін арттыруға қатысты ұсыныстарын ортаға салып, білім саласы қызметкерлерінің кәсіби және әлеуметтік мүдделерін қорғау жұмыстарын жаңа деңгейге көтерудің нақты жолдарын белгіледі.

Бұл жиын кәсіподақ ұйымдарының бірлігі мен ынтымақтастығын нығайтып, еңбек адамының құқықтарын қорғаудағы ортақ мақсаттарды айқындаған маңызды басқосу болды.


Жиын қорытындысында кәсіподақ қозғалысының дамуына үлес қосып, білім саласы қызметкерлерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жолында белсенділік танытып жүрген бірқатар кәсіподақ мүшелері марапатталды.

Олардың қатарында Кентау қаласының кәсіподақ ұйымының белсенділері – М. Әуезов атындағы №22 мектеп-гимназиясының даярлық сынып мұғалімі, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Насиба Дүйметова және Ақын-тұма жалпы білім беретін мектебінің Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Хуршид Раджанов бар.

Олар Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Түркістан облысының кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасымен марапатталып, кәсіподақ саласындағы жемісті еңбектері мен белсенді қоғамдық қызметтері жоғары бағаланды.