22-25 маусым аралығында Ақмола облысының Бурабай шипажай аймағында Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан және Тәжікстанның ұстаздар қауымы мен кәсіподақ жастарының басын қосқан Жас мұғалімдердің халықаралық жазғы лагері өтуде. Айтулы шараны Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ең ірі әрі белді мүшелік ұйымы – Қазақстандық оқу-ағарту, жоғары білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы ұйымдастырды.

Лагерьдің салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин қатысты. Федерация жетекшісі қатысушылар алдында құрғақ ресми баяндама жасаудан бас тартып, мұғалімдік мамандықтың қадір-қасиеті, адами құндылықтар мен халықаралық диалогтың маңызы төңірегінде емен-жарқын, ашық сұхбат құрды.

Сатыбалды Дәулеталин өз сөзінде мұғалім мамандығы қоғам үшін ең күрделі, сонымен бірге ең жауапты әрі маңызды мамандықтардың бірі болып қала беретінін атап өтті.
«Ұстаздық мамандық — бұл тек сабақ беру мен оқу бағдарламасын орындаудан әлдеқайда жоғары ұғым. Адаммен жұмыс істеу — дүниедегі ең күрделі істің бірі. Әсіресе, ол адамдар — балалар, жасөспірімдер мен жас буын болған кезде жауапкершілік еселене түспек. Жақын арада адамның орнын технология басады деген болжамдарға өте сабырмен қараймын. Себебі жақсы мұғалімді ешқандай технология алмастыра алмайды. Адамдар арасындағы шынайы сенімді, құрмет пен жылы жанашырлықты айырбастау мүмкін емес сияқты. Міне, сондықтан да сіздердің мамандықтарыңыз қай заманда да өз құндылығын жоймаған және ешқашан жоймақ емес», — деді ҚРКФ Төрағасы.

Сондай-ақ, ол өз сөзінде ұстаздар шаңырағында тәрбиеленіп өскенін тілге тиек етіп, өзінің алғашқы мұғалімі Сәуле апай туралы естеліктерімен бөлісті. Нағыз ұстаз адамға тек іргелі білім беріп қана қоймай, оның бойында өзара құрмет, жауапкершілік сезімін оятып, өз күшіне деген сенімін бекемдейтінін жеткізді.
.jpg)
«Біз уақыт өте келе қолдағы оқулықты да, өткен сабақтың тақырыбын да ұмытуымыз мүмкін, бірақ әрбір адам өзіне дер кезінде демеу болып, сенім артқан, қиын сәтте жігерін жаныған аяулы ұстазын өмір бойы жадында сақтайды. Расымен де, жақсы мұғалімнің орнын ештеңе баса алмайды», — деді Сатыбалды Дәулеталин.

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы халықаралық қарым-қатынас пен адами байланыстарды нығайтудың өзектілігіне ерекше назар аударды. Оның пайымдауынша, мұндай басқосулардың басты құндылығы тек білім беру бағдарламасымен шектелмейді, бұл — пікірлестер табу, кәсіби ынтымақтастық орнату және өмірлік достықтың іргетасын қалау мүмкіндігі. Лагерь қатысушыларына үндеу тастаған ҚРКФ Төрағасы, шынайы сұхбат құрып, бір-бірін терең ұғынысу үшін бағдарлама аяқталғанға дейін әркімді өзге елден келген кем дегенде бір әріптесімен жақын танысып, тіл табысуға үндеді.

«Кәсіподақтар үшін жастар — бұл қағаздағы стратегияның бір бөлімі немесе жұмыс жоспарының жай ғана кезекті бір тармағы емес. Біз үшін бұл — бүгініміз бен болашағымыздың мәселесі. Сіздердің немен тыныстайтындарыңызды, не нәрсеге алаңдайтындарыңызды, жұмыста қандай кедергілер бар екенін және алға жылжуға не көмектесетінін түсіну біз үшін өте маңызды. Өйткені білім беру саласының болашағына қатысты шешімдерді күнделікті сыныпқа кіріп, оқушылардың алдында тұратын жандардың қатысуынсыз қабылдау мүмкін емес», — деп Сатыбалды Дәулеталин халықаралық лагерь қатысушыларының жұмысына шығармашылық табыс тіледі.

Халықаралық лагерь жас педагогтардың кәсіби және тұлғалық тұрғыдан өсуіне, халықаралық ықпалдастықты нығайтуға, өзара тәжірибе алмасуға және кәсіподақ қозғалысын дамытудың заманауи тәсілдерін ілгерілетуге арналған бірегей диалог алаңы ретінде ұйымдастырылған. Мұнда халықаралық диалогқа ашық, мәдени әртүрлілікті құрметтейтін, сондай-ақ жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды ту ететін жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыруға басымдық берілген.

Лагерь бағдарламасы ауқымды міндеттерді шешуді көздейді: оның ішінде жас көшбасшыларды анықтау және қолдау, халықаралық кадрлық резервті жасақтау, мәдениетаралық коммуникацияны дамыту және озық білім беру тәжірибелерімен бөлісу жұмыстары бар.
Төрт күн бойы қатысушыларды көшбасшылық қабілеттерді, кәсіби шеберлікті, әлеуметтік және құқықтық сауаттылықты арттыруға, сондай-ақ халықаралық кәсіподақ ынтымақтастығын бекемдеуге бағытталған арнайы оқу модульдері, тренингтер, шеберлік сабақтары, пікірталас алаңдары мен мәдени іс-шаралар күтеді.

Білім беру бағдарламасы аясында елімізге белгілі сарапшылар мен білікті мамандар дәріс оқиды. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Заманауи зерттеулер институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, саяси ғылымдардың докторы, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаров Қазақ мемлекеті мен түркі елдерінің тарихи картографиясы және тарихи географиясы тақырыбында танымдық дәріс жүргізеді.
Салалық кәсіподақтың құқықтық жұмыс, еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы бөлімінің басшысы Райхан Қыдырбаева жас мұғалімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Өз құқығыңды біл» атты практикалық сабақ өткізеді.

Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің аға оқытушысы, әлеуметтанушы Жарқын Түсіпбеков жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты сақтаудағы Абай мен Шәкәрім мұрасының рөлі мен маңызы туралы дәріс оқиды.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Халықаралық қатынастар факультеті аймақтану кафедрасының доценті міндетін атқарушы, PhD докторы Айнагүл Бекебаева жасанды интеллект дәуіріндегі оқытудың заманауи және инновациялық тәсілдерін таныстырады.
Адам ресурстары жөніндегі халықаралық сарапшы, PhD докторы Гүлзи Әскенқызы Нәби кәсіподақ жастары көшбасшысының психологиялық дағдыларын дамытуға арналған арнайы тренинг өткізеді.

Бағдарламада тұрақты кәсіби байланыстарды қалыптастыруға және бірлескен халықаралық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасауға бағытталған мәдени, танымдық және спорттық іс-шараларға үлкен орын берілген.
Жас мұғалімдердің халықаралық жазғы лагері өз жұмысын 25 маусымға дейін жалғастырады. Бұл шара достықты нығайтудың, өзара тәжірибе алмасудың және білім беру мен кәсіподақ қозғалысының жас көшбасшылары қауымдастығын қалыптастырудың таптырмас алаңына айналмақ.