Ағымдағы жылдың 22 маусым күні Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекесі – Мемлекеттік қызметшілер күнімен құттықтады. Салтанатты шараға Батыс Қазақстан облысы «Кәсіподақтар орталығының» төрайымы Айгүл Есекенова қатысты.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті мен Батыс Қазақстан облысы әкімінің аппаратының ұйымдастыруымен өтті. Оған мемлекеттік қызмет ардагерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, мемлекеттік органдардың басшылары және мемлекеттік қызметшілер қатысты.

Мерекелік жиында Департамент басшысы Мұрат Байсалов құттықтау сөз сөйлеп, мемлекеттік қызметшілерге ізгі тілектерін жеткізді.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер арасында өткен облыстық спартакиаданың жеңімпаздары марапатталды. Нәтижесінде І орынды Бөрлі ауданы әкімі аппаратының командасы, ІІ орынды Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының командасы, ІІІ орынды Казталов ауданы әкімі аппаратының командасы иеленді.

Мемлекеттік қызметшілер күніне орай сала өкілдері мен облыс аумағындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының белсенді мүшелері марапатқа ие болды. Барлығы 74 кәсіподақ мүшесіне «Мемлекеттік қызметінің үздігі», «Өз ісінің маманы» медальдары, Батыс Қазақстан облысы әкімінің Алғыс хаттары, облыстық кәсіподақ ұйымының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгілері мен Құрмет грамоталары табысталды.