Павлодар облысында қоныс аударушыларды өңірлік квотаға қосу жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында арнайы бағдарламамен аймаққа көшіп келген 67 азаматтың өтініші талқыланды. Құжаттарды қарау қорытындысы бойынша, үміткерлердің барлығы өңірлік квотаға ілікті. Комиссия жұмысына Павлодар облысы Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Динара Айтжанова да қатысты.

Бұл квота қоныс аударушылардың заңда қарастырылған мемлекеттік көмекті кедергісіз алып, жаңа ортаға тез сіңісіп кетуіне жол ашады. Келген азаматтардың көбі — нарықта сұранысқа ие маман иелері және олар бос жұмыс орындарына орналасуға ниетті. Бұл аймақтағы халықты жұмыспен қамту және кәсіпорындардағы маман тапшылығын жою мәселесін қатар шешуге септігін тигізбек.

Көшуге ниетті жандарға бағыт-бағдар беру үшін жергілікті атқарушы органдар да бос отырған жоқ. Олар жұмыс күші артық өңірлерді аралап, тұрғындармен кездесулер өткізуде. Мұндай басқосуларда Павлодар өңіріндегі бос жұмыс орындары, тұрмыс жағдайы мен мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер кеңінен таныстырылып жатыр.

Жобаға қатысу үшін құжат тапсыру да әлдеқайда жеңілдеді. Өтінімді онлайн жолдауға болатындықтан, атамекен ауыстыруды ұйғарған азаматтар үшін бағдарламаның қолжетімділігі арта түсті.
Комиссияның бұл қызметі азаматтардың өз еркімен қоныс аударуына жағдай жасаумен қатар, аймақтың еңбек нарығын реттеп, теңгерімді сақтауды көздейді.