Қызылорда қаласында кәсіподақ белсенділерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға және кәсіподақ ұйымдарының қызметін жетілдіруге бағытталған оқыту семинары ұйымдастырылды. Іс-шараны «Қазақстандық салалық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлері салалық кәсіподағы» Қызылорда облыстық филиалы мен Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі бірлесіп өткізді.

Семинарға салалық кәсіподақ құрамындағы 30-ға жуық бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, келісу комиссияларының мүшелері және кәсіподақ белсенділері қатысып, еңбек қатынастары саласындағы өзекті мәселелер бойынша білімдерін толықтырды.

Оқу алаңы тәжірибе алмасуға, еңбек заңнамасындағы өзгерістерді талқылауға және кәсіподақ қызметінің тиімділігін арттыру жолдарын қарастыруға мүмкіндік берді.

Семинардың ашылуында Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев сөз сөйлеп, кәсіподақ кадрларының кәсіби біліктілігін үздіксіз жетілдірудің маңыздылығына тоқталды. Ол еңбеккерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда кәсіподақ белсенділерінің құқықтық білім деңгейі шешуші рөл атқаратынын атап өтіп, қатысушыларға нәтижелі оқу мен жемісті қызмет тіледі.

Оқу семинарын Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының дәріскері Майра Боранбаева жүргізді. Семинар бағдарламасы аясында еңбек заңнамасына биылғы 7 сәуір мен 3 маусым күндері енгізілген өзгерістерге ерекше назар аударылды.

Дәріс барысында жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғаудың заманауи тетіктері, әлеуметтік әріптестікті дамыту мәселелері, ұжымдық шарттардың әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі орны және кәсіподақтардың әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеудегі рөлі жан-жақты түсіндірілді.


Сонымен қатар қатысушылар еңбек дауларын шешу тәжірибесі, келісу комиссияларының жұмысын ұйымдастыру тәртібі және еңбек қатынастарын құқықтық реттеудің өзекті бағыттары жөнінде пайдалы ақпарат алды.

Семинар барысында нақты тәжірибелік жағдайлар талданып, қатысушылар өз пікірлерімен бөлісіп, сала мамандарына көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.