ХЕҰ Қазақстандағы еңбекті қорғау жүйесін одан әрі дамыту жөніндегі ұсынымдарын жариялады

Федерация жаңалықтары 25.06.2026

ХЕҰ Қазақстандағы еңбекті қорғау жүйесін одан әрі дамыту жөніндегі ұсынымдарын жариялады

Бейсенбі, 25 маусымда, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев Халықаралық еңбек ұйымының «Қазақстанның тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі әлеуметтік диалог арқылы еңбекті қорғауға ықпал ету» жобасын қорытындылаған «Негізгі қызмет, нәтижелер мен ұсынымдар» атты үшжақты шолу сессиясына қатысты.

Бұл жиында халықаралық сарапшылар, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің және «PARYZ» Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясының өкілдері бас қосты.

 

Басқосу барысында қатысушылар 2024 жылы ХЕҰ мен елдегі әлеуметтік әріптестер арасында бекітілген Қазақстан Республикасындағы лайықты еңбекке ықпал ету жөніндегі жол картасының маңыздылығын атап өтті. Аталған құжаттың басты бағыттарының бірі — еңбек қауіпсіздігі мен өндірістік санитария жүйесін жетілдіру, сондай-ақ ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкестендіру.

 

ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын қорғау мәселелерінде Халықаралық еңбек ұйымымен серіктестіктің маңызы зор екеніне тоқталды.

«Кәсіподақтар федерациясы Халықаралық еңбек ұйымының қолдауын жоғары бағалайды. Соңғы жылдары еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау саласындағы заңнамаға маңызды өзгерістер енгізілді. Бүгінде өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи тәсілдері негізінде жұмыс істейтін еңбек жөніндегі техникалық инспекторлардың мәртебесі айтарлықтай нығайды», — деді Мұхтар Тінікеев.

Ол еңбекті қорғау мәселелерін өндірістегі шынайы жағдайды ескермей, тек нормативтік құжаттар аясында ғана шешу мүмкін еместігін айтты.

 

«Біз шахталарды өзіміз аралап, кеншілер еңбегінің қаншалықты ауыр әрі жауапты екенін көзімізбен көрдік. Дәл осы себепті қауіпті өндірістік нысандардағы қауіпсіздік жүйесін одан әрі жетілдіру біздің негізгі міндеттеріміздің бірі болып қала бермек», — деді ҚРКФ Төрағасының бірінші орынбасары.

Мұхтар Тінікеев өз сөзінде халықаралық стандарттарды енгізу мәселесіне ерекше назар аударды.

 

«Бүгінгі таңда алдымызда маңызды міндет — №176 Конвенцияны ратификациялау жұмысын аяқтау тұр. Халықаралық және әлеуметтік әріптестеріміздің қолдауымен осы бір маңызды қадамды жүзеге асыра алатынымызға сенімдімін. Бұл мәселе тау-кен өндіру саласындағы еңбек қауіпсіздігін бақылау мен қадағалау тетіктерін күшейтуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті ол.

 

ХЕҰ-ның Қазақстандағы ұлттық үйлестірушісі Сәуле Исабекова №176 Конвенцияны ратификациялауға дайындық жұмыстары әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптарының белсенді қатысуымен жүргізіліп жатқанын, ал тиісті заң жобасы қоғамдық талқылау кезеңінен өткенін мәлімдеді.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік әріптестік және еңбек департаментінің директоры Ерболат Әбілхатин қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басымдықтарының бірі және 2024–2030 жылдарға арналған Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын іске асырудың маңызды бағыты болып қала беретінін атап өтті.

ХЕҰ-ның Қазақстандағы ұлттық үйлестірушісі Сәуле Исабекова 2024 жылдың маусымында ХЕҰ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Кәсіподақтар федерациясы және «PARYZ» Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы арасында Лайықты еңбекке ықпал ету жөніндегі жол картасына қол қойылғанын еске салды.

Оның айтуынша, құжаттың бес негізгі бағытының бірі еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы жүйесін жетілдіру, сондай-ақ ұлттық заңнаманы халықаралық еңбек стандарттарына сәйкестендіру болды.

 

Қазақстан Республикасы «PARYZ» Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы Төрағасы Жұмабек Жанықұлов қол жеткізілген нәтижелер әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптарының бірлескен жұмысының жемісі екенін тілге тиек етті.

«Бүгін біз талқылап отырған барлық шешімдер мен жетістіктер — мемлекеттің, жұмыс берушілердің, кәсіподақтардың және Халықаралық еңбек ұйымының бірлескен жұмысының нәтижесі. Тек сындарлы диалог арқылы ғана жұмыскерлер үшін де, жұмыс берушілер үшін де тиімді болатын шешімдерді табуға болады», — деді ол.

БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі кеңсесінің басшысы Куртмолла Абдулганиев қауіпсіз жұмыс орнында еңбек ету — әр адамның негізгі құқығы екенін баса айтты.

«Әлеуметтік ынтымақтастық арқылы еңбекті қорғауды нығайту жөніндегі ХЕҰ-ның ұлттық жобасы — жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғауға, кәсіптік тәуекелдерді азайтуға және өндірістегі қауіпсіздіктің заманауи мәдениетін қалыптастыруға көмектесетін дер кезінде қолға алынған бастама», — деді БҰҰ өкілі.

Ол сондай-ақ Қазақстанның ұлттық заңнаманы халықаралық еңбек стандарттарымен үйлестіру мәселелеріндегі ілгерілеуін атап өтіп, ХЕҰ-ның №176, №102 және №190 конвенцияларын одан әрі ілгерілетуге қолдау білдіретінін жеткізді.

 

ХЕҰ-ның Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы аймақтық бюросы және Лайықты еңбек мәселелері жөніндегі техникалық қолдау тобының директоры Михаил Пушкин бұл жоба 2023 жылы Костенко атындағы шахтада болған қайғылы оқиғалардан кейін қолға алынғанын және Қазақстанның тау-кен өндіру саласындағы еңбек қауіпсіздігі жүйесін күшейту туралы сұранысына жауап ретінде басталғанын еске салды.

 

«Бұл жоба еңбекті қорғау жүйесін жетілдіру құралы ғана емес, сонымен бірге Қазақстандағы әлеуметтік диалогты дамытуға қуатты серпін берді. Бүгінде ел лайықты еңбек, әлеуметтік әділеттілік және жұмыскерлердің қауіпсіздігі қағидаттарын ілгерілетуде елеулі ілгерілеушілік көрсетіп отыр», — деп атап өтті Михаил Пушкин.

 

Сессия барысында ХЕҰ-ның халықаралық сарапшысы Дарко Дочински 2024 жылдың желтоқсанынан бастап жүзеге асырылған жобаның нәтижелерін, сондай-ақ ұлттық еңбекті қорғау және еңбек инспекциясы жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі ұсынымдарды таныстырды.

ХЕҰ мәліметтері бойынша, жобаны іске асыру кезеңінде 10 талдау құжаты дайындалды, оның ішінде Еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы жөніндегі ұлттық бейін, №176 Конвенцияны ратификациялауға дайындық деңгейін талдау және еңбек инспекциясы жүйесін жаңғырту жөніндегі ұсыныстар бар.

 

Бұдан бөлек, 9 семинар, 10 мамандандырылған тренинг пен оқыту іс-шаралары өткізілді. Оларға мемлекеттік органдардың, кәсіподақтардың, жұмыс берушілердің және еңбек инспектордарының өкілдерін қосқанда 600-ден астам адам қатысты. Жоба тау-кен өндіру саласының 68 кәсіпорнын қамтыды, ал қатысушылар арасындағы әйелдердің үлесі 32 пайызды құрады.

 

Жобаның негізгі қорытындыларын таныстыра отырып, ХЕҰ-ның еңбекті қорғау және еңбек инспекциясы мәселелері жөніндегі маманы Дарко Дочински Қазақстандағы еңбек қауіпсіздігі жүйесін одан әрі дамыту үшін өтемақы төлеу моделінен тәуекелге бағытталған алдын алу тәсіліне көшу қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, басты міндет — өндірістік тәуекелдер мен жазатайым оқиғалардың алдын алып, олардың орын алуына жол бермеу болуы тиіс.

ХЕҰ-ның негізгі ұсынымдарының қатарында — ұлттық заңнаманы халықаралық еңбек стандарттарына сәйкестендіру жұмысын аяқтау, шахталардағы еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы туралы №176 Конвенцияны ратификациялауды және іс жүзінде енгізуді ілгерілету, сондай-ақ еңбек инспекциясы жүйесін жетілдіру бар.

Сарапшы кәсіптік даярлық пен біліктілікті арттырудың орнықты жүйесін құру арқылы еңбек инспектордарының кадрлық әлеуетін нығайту қажеттігін баса айтты. Атап айтқанда, инспекторларды үздіксіз оқыту тетіктерін әзірлеу, еңбекті қорғау саласындағы мамандарды кәсіптік сертификаттаудың заманауи талаптарын енгізу және кадрларды даярлауға жауапты мамандандырылған құрылымдарды қалыптастыру ұсынылды.

Ұсынымдарда өндірістік жарақаттанудың алдын алу мәдениетін дамытуға ерекше назар аударылды. Дарко Дочинскидің пікірінше, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңейту, жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің еңбек қауіпсіздігі мәселелері бойынша хабардарлығын арттыру, өндірісте қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру үшін Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні мен басқа да қоғамдық науқандардың мүмкіндіктерін белсендірек пайдалану қажет.

Ұсынымдардың арасында еңбекті қорғау мәселелері бойынша статистикалық есепке алу мен есептілік жүйесін күшейту, әлеуметтік диалог тетіктерін дамыту, еңбек қауіпсіздігі мәселелері бойынша үшжақты консультациялар тәжірибесін кеңейту, сондай-ақ Қазақстан Республикасында еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік мәселелерін кешенді түрде реттейтін жеке заң әзірлеу мүмкіндігін қарастыру да аталды.

ХЕҰ тау-кен өндіру секторындағы шағын және орта кәсіпорындарды қолдау қажеттілігіне ерекше екпін түсірді, өйткені олар үшін еңбек қауіпсіздігінің заманауи халықаралық стандарттарын енгізу жиі қиындық тудырады. Сарапшылардың пікірінше, үздік тәжірибелерді тарату және кәсіпорындар арасында білім алмасу әлеуметтік серіктестердің алдағы жұмысының негізгі бағыттарының біріне айналуы тиіс.

Кездесуге қатысушылар еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы саласында тәжірибе алмасуға, оқытуға және үздік тәжірибелерді таратуға арналған E-Collab.OSH цифрлық порталының жұмысымен де танысты.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы