Бейсенбіде, 25 маусымда, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының орталық кеңсесінде ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ХЕҰ-ның Лайықты еңбек мәселелері жөніндегі техникалық қолдау тобының және ХЕҰ-ның Еуропа мен Орталық Азиядағы өкілдігінің директоры Михаил Пушкин бастап келген Халықаралық еңбек ұйымының делегациясымен кездесті.

ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Халықаралық еңбек ұйымындағы әріптестерімен қайта жүздескеніне қуанышты екенін атап өтті.
«Бүгінгі кездесу өзара түсіністігіміз бен ынтымақтастығымызды арттыра түсуге қызмет етеді. Сіздердің Қазақстанға, оның ішінде Кәсіподақтар федерациясына жасаған әрбір сапарларыңыз бізге лайықты еңбек қағидаларын ілгерілетуде кең көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осындай әрбір жүздесу бізге үлкен тәжірибе мен игі нәтиже береді», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Бірлескен қызметке тоқталған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Халықаралық еңбек ұйымымен бірге жүзеге асырылған «Қазақстанның тау-кен өндірісі өнеркәсібіндегі әлеуметтік диалог арқылы еңбекті қорғауға ықпал ету» жобасының сәтті аяқталғанын тілге тиек етті.
«Біз, ең алдымен, тау-кен өндірісі саласы үшін өте маңызды жобаны тәмамдадық. Бұл жоба аясында аталған сала үшін лайықты еңбек қадиларын ілгерілету шаралары мен өзекті мәселелер қамтылды. Жоба көптеген мәселелердің шешілуіне, соның ішінде №176 «Шахталардағы еңбек гигиенасы және қауіпсіздігі туралы» конвенцияны ратификациялау мәселесін қарастыруға септігін тигізді. Сондықтан мен сіздерге және ХЕҰ-дағы барлық әріптестерімізге белсенді жұмыстарыңыз үшін алғыс айтқым келеді. Біз бұл қолдау мен түсіністікті әрдайым сезінеміз, бұл тек техникалық көмек қана емес, көбіне адами тұрғыдағы үлкен қолдау», – деді Қазақстанның кәсіподақ көшбасшысы.

Өз кезегінде ХЕҰ-ның Лайықты еңбек мәселелері жөніндегі техникалық қолдау тобының және ХЕҰ-ның Еуропа мен Орталық Азиядағы өкілдігінің директоры Михаил Пушкин ХЕҰ мен ҚРКФ арасындағы ынтымақтастықтың беріктігін атап өтіп, алғашқы ресми кездесуді кәсіподақтармен өткізу игі дәстүрге айналғанын айтты.
«Біз Қазақ елінде қонақта болуға әрдайым қуаныштымыз. Өзіміз бірлесіп жұмыс істейтін Қазақстанның және басқа да елдердің кәсіподақтарын әрқашан сөзсіз қолдаймыз. Өйткені кәсіподақ – бұл еңбек өмірінің маңызды ғана емес, ажырамас бөлігі, әлеуметтік диалогтың негізгі өзегі, сондай-ақ лайықты еңбек қағидаларын, әлеуметтік саланы және қауіпсіздікті ілгерілетуші басты күш. Кезінде Халықаралық еңбек ұйымының құрылу бастауында дәл осы кәсіподақтар тұрған болатын, олар бүгін де біздің күн тәртібімізді айқындайтын ХЕҰ-ның мүшелері болып қала береді. Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының тек ел ішінде ғана емес, одан тыс жерлерде де үлкен ықпалы мен беделі бар қуатты ұйым екеніне өте қуаныштымыз», – деп атап өтті Михаил Пушкин.

Тау-кен өндірісі саласындағы бірлескен жоба тақырыбын жалғастыра отырып, халықаралық сарапшы бұл бастаманы жоғары бағалады.
«Бұл жоба қазақстандық әріптестердің дер кезінде көтерген өзекті сұранысына берген біздің жауабымыз болды. Менің ойымша, жоба өте сәтті өтті, оның мақсаттары ауқымды, шаралары өте көп болды. Ол қызметкерлердің, жұмыс берушілердің, үкіметтің және еңбек инспекциясының түрлі санаттарын кеңінен қамтыды. Қарағандыда іс-шара ұйымдастырып, шахтаға баруға жағдай жасағандарыңыз үшін сіздерге ерекше алғыс айтамын. Біз кеншілердің қалай жұмыс істейтінін, шахтадағы еңбек жағдайлары қандай екенін өз көзімізбен көрдік. Біз үшін әрбір адамның денсаулығы мен өмірі – ең жоғары құндылық», – деді Михаил Пушкин.
Кездесу барысында тараптар Женевада өткен Халықаралық еңбек конференциясының 114-ші сессиясында ХЕҰ-ның №193 Конвенциясының қабылдануы жаһандық еңбек нарығы үшін өте маңызды екенін, сондай-ақ осыдан екі жыл бұрын Женевада ХЕҰ мен Қазақстанның әлеуметтік әріптестері, соның ішінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы арасында қол қойылған Лайықты еңбек жөніндегі жол картасының іске асырылу барысын талқылады.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ҚРКФ-ның лайықты еңбек қағидаларын айқындау бойынша нақты ұстанымы қалыптасқанын атап өтті.
«Біздің лайықты еңбек ұғымының мән-мағынасына қатысты нақты ұстанымымыз бар. Лайықты еңбек – бұл қауіпсіз еңбек жағдайлары, әділ жалақы, еңбекке және еңбек адамына деген құрмет, сондай-ақ ертеңгі күнге деген сенімділік. Жол картасына қол қойылғаннан кейінгі екі жыл ішінде мемлекет, кәсіподақтар және жұмыс берушілер әлеуметтік диалогты қолдана отырып, бірлескен күш-жігермен шешімдер қабылдауға болатынын дәлелдеді. Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап жаңа Конституцияның күшіне енуімен жұмыскерлердің әл-ауқатын жақсарту жөніндегі міндеттерді іске асыру үшін жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Оның үстіне, жаңа Конституцияда еңбек ету құқығы бекітілген. Бұл адамды бірінші орынға қойған Конституция, ол бізге белгілі бір құралдар мен тікелей қолданылатын тетіктерді береді. Құрамына қоғамдық ұйымдардан 42 өкіл кіретін Халық кеңесі құрылады. Біз де сол жерде өкілдігіміз болады деген үміттеміз. Конституцияға сәйкес, Халық кеңесіне заңнамалық бастамашылық өкілеттіктер берілген. Бұл ретте біз үшін еңбек заңнамасын жетілдіру мәселесі өте маңызды», – деп баса айтты Сатыбалды Дәулеталин.
Кездесу барысында Жол картасын іске асыру жұмыстары одан әрі жалғасатыны атап өтілді. Алда Халықаралық еңбек ұйымының №102, №176, №190, №193 Конвенцияларын ратификациялауға дайындық жұмыстары және ХЕҰ-мен ынтымақтастықтың келесі кезеңі болып табылатын Лайықты еңбектің ұлттық бағдарламасын әзірлеу бойынша әлеуметтік әріптестердің бірлескен қызметі күтіп тұр.
«Соңғы екі жылда болашақ Лайықты еңбектің ұлттық бағдарламасының негізгі бағыттары іс жүзінде пысықталды: олар – еңбек қауіпсіздігі; әділ еңбекақы; әлеуметтік қорғау; бірлестіктер бостандығы; әлеуметтік диалог. Көптеген бағыттар бойынша ілгерілеушілікке қол жеткізілді. Біраз мәселелер бойынша жұмыстар әлі де жалғасуда. Бұл біздің келесі кезеңге өтуге дайын екенімізді көрсетеді. Бүгінде аймағымыздағы мемлекеттердің көпшілігі лайықты еңбек бағдарламаларын ХЕҰ-мен ынтымақтастықтың негізгі тетігі ретінде пайдаланады. Өзбекстан бағдарламаның кезекті кезеңін аяқтап, жаңасына дайындалып жатыр. Әзірбайжан жаңа бағдарламаға қол қойды. Тәжікстан көптеген жылдар бойы ынтымақтастықтың осы форматын жүзеге асырып келеді. Осы орайда, ауқымды әлеуметтік-еңбек реформаларын жүргізіп жатқан және ХЕҰ-мен белсенді өзара іс-қимыл жасап отырған Қазақстанның ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастау үшін барлық қажетті алғышарттары бар», – деп түйіндеді сөзін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы.

Кездесу соңында тараптар Қазақстанның еңбек саласындағы халықаралық стандарттарды ілгерілету бойынша бірлескен қызметті жалғастыруға дайын екендігін тағы бір мәрте растады.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы