Жұма күні, 26 маусымда, ҚРКФ бас кеңсесінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің жетекшілігімен Бас кеңестің кезекті отырысы өтті.

Жиынды аша отырып, Сатыбалды Дәулеталин бүгінгі таңда кәсіподақ қозғалысы қоғамдық өмірдің барлық саласын қамтыған өте қарқынды өзгерістер кезеңінде екенін атап өтті. ҚРКФ басшысының айтуынша, дәл осы себепті Бас кеңестің талқылауына ұйымдық әлеуетті нығайтуға, барлық деңгейдегі кәсіподақтар жұмысының өнімділігін арттыруға және оның қатарындағы әрбір адамның сенімін нығайтуға арналған маңызды құжаттар ұсынылып отыр.
«Қуатты кәсіподақ - еңбек адамының қуатты үні» – Бас кеңес жаңа тұжырымдаманы қабылдады
Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің отырысында «Қуатты кәсіподақ – еңбек адамының қуатты үні» атты Бірыңғай жалпыкәсіподақтық науқаны таныстырылды.
Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин еңбек нарығы заман талабына сай өзгеріп жатқан қазіргі жағдайда кәсіподақтар еңбеккерлердің құқықтарын қорғау шараларын барынша жандандыруы тиіс екенін тілге тиек етті.

«Кәсіподақтар федерациясы екі миллионға жуық еңбек адамын, 17 мыңға жуық бастауыш ұйымды, 24 салалық кәсіподақ пен 18 аумақтық бірлестіктің басын қосып отырған үлкен күш. Кәсіподақтар федерациясының мұндай ауқымы бізді қоғамдағы маңызды талқылаулардың бел ортасында жүретін негізгі қатысушыға айналдырады. «Қуатты кәсіподақ – еңбек адамының қуатты үні» атты бұл науқан барлық мүше ұйымдардың күш-жігерін біріктіруге, қатардағы кәсіподақ мүшелерімен байланысты нығайтуға, еңбеккерлерді атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері туралы дер кезінде хабардар етуге және жалпы ішкі байланыс жүйесін дамытуға бағытталған», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Ұсынылған құжатта еңбек ұжымдарында туындаған мәселелерге жедел әрекет ету жүйесін құру, кәсіподақ құрылымының барлық буындары арасында үздіксіз ақпарат алмасуды жолға қою, өзара байланыстың бірыңғай ережелерін енгізу, кәсіподақ белсенділерінің ақпараттық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ шешім қабылдау кезіндегі демократиялық тетіктерді күшейту көзделген.
ҚРКФ Бас кеңесі Жасанды интелектті енгізу кезінде жұмысшылардың құқықтарын қорғау стандартын бекітті
Бас кеңестің отырысы кәсіпорындарға Жасанды интеллектіні енгізу кезінде жұмысшылардың құқықтарын қорғау стандартын, сондай-ақ бұл ережелерді салалық, өңірлік келісімдер мен ұжымдық шарттарға міндетті түрде енгізу жөніндегі әдістемелік нұсқаулықтарды қараумен жалғасты.
Осы құжатты таныстырған Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев бұл бастаманың негізіне «адам құндылығы» қағидасы алынғанын атап өтті. Бұл қағида бойынша, заманауи цифрлық технологиялар тек қана жұмысшылардың игілігі мен мүддесі үшін қызмет етуі тиіс, ал адам тағдыры мен оның құқықтарына әсер ететін шешімдерді ешқашан тек компьютерлік бағдарламалар өз бетінше қабылдамауы керек.

Оның айтуынша, бұл құжат – жасанды интеллект өндіріске еніп жатқан жағдайда жұмысшыларға берілетін ең төменгі кепілдіктерді айқындайтын Кәсіподақтар федерациясы әзірлеген ауқымды ережелер жиынтығы. Ол алдағы уақытта ұжымдық шарттарды жасау мен реттеу ісін одан әрі жетілдірудің басты негізіне айналуы тиіс.
«Құжат кәсіпорындарда жасанды интеллектіні енгізу мәселелерін талқылауға кәсіподақтардың міндетті түрде қатысуын және өндірісті цифрлық бағытқа бұру басталғанға дейін жұмыс берушілермен алдын ала кеңестер жүргізуді міндеттейді. Еңбек жағдайларына әсер ететін есептеу жүйелерінің ашық әрі түсінікті болуы талап етіледі және жұмысшылардың еңбек қатынастарына қатысты шешім қабылдауға қатысу құқығы бекітіледі. Адамның жеке мәліметтерін қорғауға ерекше көңіл бөлінді. Жасанды интеллектіні қолдану жұмысшылардың деректерін заңсыз жинау мен өңдеуге әкеп соқпауы шарт. Сондай-ақ жұмысшылар өз еңбегін бағалауға, тапсырмаларды бөлуге, жұмыс уақыты мен кадрлық істерге әсер ететін цифрлық жүйелердің қалай жұмыс істейтіні туралы толық хабардар болуы тиіс. Жасанды интеллектіні өндіріске енгізу жұмысшыларды кемсітуге немесе олардың еңбек құқықтарын шектеуге ешбір жағдайда негеж болмауы керек», – деді Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары.
Осы құжаттың басты талабы – жұмысшыны қызметтен босату, тәртіптік жауапкершілікке тарту, жалақысын азайту немесе еңбек жағдайларын өзгерту туралы шешімдерді адамның қатысуынсыз, тек автоматтандырылған жүйелердің еркіне қалдыруға мүлдем жол бермеу болып табылады.
Бұдан бөлек, бұл Стандартта кадрларды жаңа заман талабына сай қайта даярлау мәселелері де кеңінен қамтылған.
«Технологиялардың дамуы көптеген мамандықтардың сипаты мен мазмұнын өзгертетіні анық. Дәл соңдықтан бұл құжатта жұмыс берушілердің өз қызметкерлерін жаңа технологияларға, соның ішінде жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалануға тегін үйрету және оларға жағдай жасау міндеттемесі қарастырылған», – деп атап өтті Нұрлан Өтешев.
Аталған Стандартты іс жүзінде толыққанды жүзеге асыру үшін Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесі бұл нормаларды салалық және өңірлік келісімдерге, сондай-ақ кәсіпорындардағы ұжымдық шарттарға міндетті түрде енгізу жөніндегі әдістемелік нұсқаулықты мақұлдады.
Бұл мәселені қорытындылай келе, Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин аталған құжатты қабылдау — кәсіподақтардың еңбек нарығындағы бүгінгі заманауи сын-қатерлерге қарсы тұруға дайын екенін көрсететін, дер кезінде жасалған стратегиялық маңызды қадам екенін айтты.
«Бүгінде жасанды интеллект өндірістік үдерістердің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Бұл өзгерістер экономиканы өркендетуге жаңа мүмкіндіктер ашқанымен, сонымен бірге қоғам алдына еңбек құқықтарын қорғау, жұмыс орындарын сақтап қалу және лайықты еңбек жағдайын жасау сияқты күрделі мәселелерді артқа тартады. Цифрлық шешімдер қаншалықты жетілдірілген болса да, олар жұмысшының тағдырын шешетін тұста адамның орнын баспауы керек, керісінше адамға тек көмекші құрал ретінде қызмет етуі тиіс», – деді Кәсіподақтар федерациясының жетекшісі.
Кәсіподақтар федерациясы цифрлық жобаларды қолданысқа енгізуді бастады
Жиын барысында Бас кеңес мүшелері 2026 жылдың қаңтар айында қабылданған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Цифрлық болашаққа бірге» атты цифрлық жаңғыру тұжырымдамасының жүзеге асырылу барысын қарады.
.jpeg)
Атқарылған жұмыстардың алғашқы нәтижелері туралы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев баяндама жасады.
«2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Кәсіподақтар федерациясы цифрлық жобаларды іс жүзінде жүзеге асыруға кірісті. Кәсіподақтар федерациясы құрылымында ақпараттық жүйелерді орнатуды, электронды қызмет түрлерін, жасанды интеллект технологиялары мен цифрлық білім беру жобаларын үйлестіріп отыратын арнайы Цифрлық технологиялар департаменті құрылды. Сонымен қатар Кәсіподақтар федерациясының жасанды интеллект құралдары біріктірілген цифрлық платформасы іске қосылды. Ол «Digital Trade Union» («Электронды кәсіподақ») жобасының негізіне айналады және болашақта Кәсіподақтар федерациясының барлық ақпараттық, кеңес беру, білім беру және қызмет көрсету міндеттерін бір орталыққа біріктіреді», – деді Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары.
Ең басты бағыттардың бірі ретінде кәсіподақ белсенділерінің жаңа технологияларды меңгеру қабілетін арттыру жұмысы жалғасуда. Жаңа заман экономикасында кәсіподақ мамандарын даярлауға арналған Цифрлық кәсіподақ көшбасшылығы академиясының оқу-ағарту желісі сынақ режимінде іске қосылды.
Мұнымен қоса, кәсіподақ ұйымдарының жеке кабинетінің жаңа жүйесіс енгізіліп жатыр. Бұл жаңа қызмет түрі барлық деңгейдегі және салалардағы кәсіподақ ұйымдарында қағазсыз, электронды құжат айналымын жүргізуге, сондай-ақ бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысын бір жүйеге келтіріп, ұйым мүшелерімен байланысты әлдеқайда жеделдетуге мүмкіндік береді.
Жұмысшыларды құқықтық жағынан қорғайтын цифрлық құралдар да жетілдіріліп келеді. Заң клиникасының негізінде еңбеккерлерден түскен өтініштер мен сәтті шешілген мәселелердің бірыңай электронды қоры жасақталуда. Ол талдау қызметтері мен «Әлеуметтік барометр» деп аталатын ақпараттық жүйенің өзегіне айналады.
Бұл жүйе еңбек заңнамасының жиі бұзылатын тұстарын анықтауға және әлеуметтік-еңбек саласындағы түйткілді мәселелерді дер кезінде біліп, алдын алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бекітілген Бағдарламаға сай, салалық кәсіподақтарды, аумақтық бірлестіктерді, бастауыш ұйымдар мен барлық кәсіподақ мүшелерін ортақ бір виртуалды кеңістікте тоғыстыратын Кәсіподақтар федерациясының бірыңғай ақпараттық жүйесінің құрылымы әзірленді.
Баяндаманы тыңдап болған соң, Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы ұйымды заман талабына сай электронды тұрғыдан жаңғыртудың маңыздылығына тоқталды.
«Біздің басты мақсатымыз – әрбір кәсіподақ мүшесі өзі мүше болып отырған ұйымның жұмысы туралы ақпаратты ешқандай делдалсыз, тікелей алып отыратын жағдай жасау. Ол атқарылған жұмыстың нәтижесін көріп, оған өз бағасын бере алуы, ұсыныстарын айтып, оған міндетті түрде жауап ала алуы тиіс. Нағыз ашықтық пен жариялылық дегеніміз – міне осы. Сондықтан да цифрлық құралдар Кәсіподақтар федерациясын ілгерілетудің ең негежгі бағыттарының бірі болып қала береді», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Бас кеңес Кәсіподақтар федерациясының Жаңа жастар саясатын бекітті
Отырыстың күн тәртібі аясында Бас кеңес мүшелері Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 2026-2030 жылдарға арналған Жастар саясатын мақұлдады.
Осы құжатты таныстырған Кәсіподақтар федерациясы жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Аян Сәлімгереев соңғы жылдары Кәсіподақтар федерациясы жүйесінде жастардың еңбек қозғалысын дамытудың тиімді негізі қалыптасқанын атап өтті. Бүгінде барлық аумақтық бірлестіктер мен салалық кәсіподақтардың басым бөлігінде жастар кеңестері жұмыс істейді, сонымен қатар оқу-ағарту бағдарламалары, форумдар, еріктілер мен халықаралық жобалар, сондай-ақ көшбасшылық қабілетті арттыруға бағытталған бастамалар іске асырылып жатыр.
.jpeg)
Оның айтуынша, қазіргі еңбек нарығы жас мамандармен жұмыс істеудің жаңа әдістерін талап етеді.
«Интернет-платформалар арқылы жұмыс істеудің кеңінен таралуы, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің өндіріске жедел енуі, сондай-ақ еңбек қатынастарының жаңа түрлерінің пайда болуы жас мамандарды даярлау мен олардың әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғауға мүлдем жаңаша қарауды талап етеді. Жаңа Жастар саясаты кәсіподақ қатарындағы жастардың санын арттыруды ғана емес, сонымен бірге цифрлық экономика жағдайында жұмысшылардың мүддесін жоғары деңгейде қорғай алатын заманауи кәсіподақ көшбасшыларының жаңа буынын қалыптастыруды көздейді», – деп атап өтті Аян Сәлімгереев.
Бұл құжат бес негізгі бағытты қамтиды. Олардың қатарында — жастардың кәсіподақ қызметіне қатысуын кеңейту, жас кәсіподақ көшбасшылары мен кадрлық резервті даярлау, жас жұмысшылардың әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғауды күшейту, цифрлық дағдыларды дамыту және халықаралық жастар ынтымақтастығын арттыру бар.
Кәсіподақтар федерациясы 2030 жылға дейін кәсіподаққа мүше жастардың үлесін көбейтуді, олардың сайланбалы органдардағы өкілдігін кеңейтуді, тәлімгерлік институтын дамытуды және кәсіподақ белсенділерін үздіксіз оқытудың заманауи жүйесін құруды жоспарлап отыр.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бүгінгі таңда жас қызметкерлерді кәсіподаққа тарту ғана емес, сонымен бірге олардың кәсіби, тұлғалық және көшбасшылық тұрғыдан өсуіне жағдай жасау да өте маңызды екенін айтты.
«Кәсіподақтар федерациясының Жастар саясаты кадрлық резервті қалыптастырудың және кәсіподақ қозғалысындағы сабақтастықты қамтамасыз етудің басты діңгегіне айналуы тиіс. Біз бұл жұмысты бізден кейін алға қарай жалғастыратын жастарды бүгіннен бастап дайындауға міндеттіміз. Жастарды үйрету, оларды кәсіподақ ісіне тарту, көшбасшылық қасиеттерді меңгеруіне көмектесу және оларға жауапкершілік жүктеу қажет. Бұл — біздің ортақ міндетіміз және кәсіподақ қозғалысының болашағы алдындағы үлкен жауапкершілігіміз», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Бас кеңес Кәсіподақтар федерациясының 2030 жылға дейінгі халықаралық ынтымақтастығының басым бағыттарын айқындады
Бас кеңес қабылдаған маңызды құжаттардың ішінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 2026–2030 жылдарға арналған халықаралық қызмет бағдарламасы бар. Бұл құжат Кәсіподақтар федерациясының халықаралық байланыстарын дамытудың негізгі бағыттарын белгілейді және қазақстандық жұмысшылардың мүдделерін әлемдік деңгейде қорғауға бағытталған.
Осы бағдарламаны таныстырған Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева құжаттың басты бағыттарының бірі Халықаралық еңбек ұйымымен (ХЕҰ) ынтымақтастықты одан әрі тереңдету екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл ұйыммен бірлесіп жұмыс істеу халықаралық еңбек стандарттарын өндіріске енгізуге, еліміздің заңнамасын жетілдіруге және әлеуметтік әріптестік жүйесін дамытуға үлкен септігін тигізеді.

«Бағдарлама, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясымен, оның Бүкілеуропалық аймақтық кеңесімен, шетелдік ұлттық кәсіподақ орталықтарымен және халықаралық салалық кәсіподақ бірлестіктерімен байланысты нығайтуды көздейді. Өңірлік деңгейдегі өзара іс-қимылды дамытуға ерекше назар аударылды. Кәсіподақтар федерациясы Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі және Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымы шеңберіндегі ынтымақтастықты күшейтуді жоспарлап отыр. Бұл ретте еңбек құқықтарын қорғау, еңбек қауіпсіздігі, жастар саясаты және білім беру саласында тәжірибе алмасу мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру аясы кеңейтілмек. Кәсіподақ қызметкерлері мен жастардың халықаралық конференцияларға, басқосуларға, оқу бағдарламалары мен тағылымдамаларға қатысуын арттыру көзделуде. Сондай-ақ, ұжымдық шарттарды реттеу, кәсіподақ жұмысын цифрландыру, ұйымдық даму және кадрларды даярлау мәселелері бойынша шетелдік кәсіподақ орталықтарымен тәжірибе алмасу ісі жанданады», – деді Гүлнар Жұмагелдиева.
Халықаралық ынтымақтастық мәселелеріне тоқталған Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы бұл бағыттағы жұмыстар ұйымның алдында тұрған тарихи міндеттерден туындайтынын атап өтті.
«Кәсіподақтар федерациясының халықаралық деңгейдегі беделін қайта қалпына келтіру мақсатында әзірленген алдыңғы бағдарламаны біз табысты жүзеге асырдық. Біз әлемдік кәсіподақтар қауымдастығының сенімін нығайтып, Кәсіподақтар федерациясын жаһандық еңбек қозғалысының толық құқылы мүшелерінің қатарына қайтардық. Бүгінде біз нық қадам басып келеміз, тіпті аймақаралық бірлестіктерді күшейтіп, өңірлік өкілдіктерді дамытудамыз, сондай-ақ Халықаралық еңбек ұйымымен белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Бұған лайықты еңбек қағидаттарын ілгерілету жөніндегі қабылданған Жол картасы, сондай-ақ басқа елдердің ұлттық кәсіподақ орталықтарымен тығыз байланысымыз дәлел бола алады», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы, сондай-ақ, аймақтық деңгейде салалық және өңірлік кәсіподақ бірлестіктерінің өзара іс-қимылы күшейіп жатқанын, бұл халықаралық және аймақаралық ынтымақтастықтың тұрақты жүйесін қалыптастыратынын атап өтті.
Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясының мүшелері Женевада өткен Халықаралық еңбек конференциясының сессияларын қоса алғанда, бірнеше рет ауқымды халықаралық шараларға қатысқанын еске салды.
Болашақ жоспарлар туралы айта келе, Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы 2026–2030 жылдарға арналған жаңа Бағдарлама ұйымның халықаралық деңгейде көшбасшы болуға, ықпалының артуына және еңбек саласының болашағы үшін жауапкершілігін күшейтуіне жол ашатын маңызды кезең болуы тиіс екенін айтты.
«ҚР Кәсіподақтар федерациясы әлемдік кәсіподақ қауымдастығында лайықты орынға ие, сонымен қатар аймақтық кәсіподақ бірлестіктерінде оң өзгерістер мен еңбек құндылықтарын ілгерілетудің қозғаушы күші болып келеді. Еуропаның ірі кәсіподақ ұйымдары тарапынан да қызығушылық артып келеді, олар Кәсіподақтар федерациясы өкілдерін өз іс-шараларына жиі шақырады. Бұл — бізге деген үлкен сенім мен мойындаудың белгісі. Әлемдік кәсіподақтар біздің үнімізге құлақ түре бастады. Бұл сенімді нығайтып, одан әрі дамыту керек. Ұсынылған бағдарлама осы міндеттерге толықтай жауап береді», – деп түйіндеді Сатыбалды Дәулеталин.
Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесі салалардағы әріптестіктің үздік тәжірибелерін қарады
Бас кеңес мүшелері әлеуметтік әріптестікті дамыту, сондай-ақ түрлі салалардағы кәсіподақ буындарының өзара байланысын нығайту мәселелерін талқылады.
Бұл бағыттағы нәтижелі жұмыс тәжірибесімен «Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов пен Ақпарат, коммуникация және байланыс қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Абылай Әбішев бөлісті.
«Қызмет» салалық кәсіподағының жұмысын таныстырған Мирболат Жақыпов бұл ұйымның 3 262 бастауыш кәсіподақ ұйымында, 19 облыстық және қалалық филиалда, сондай-ақ 14 жергілікті кәсіподақ ұйымында еңбек ететін 103 мыңнан астам кәсіподақ мүшесінің басын қосып отырғанын айтты.

Оның айтуынша, салалық кәсіподақта ұйымның барлық деңгейлері арасында тәжірибе алмасудың жүйелі жолы қалыптасқан. Орталық кеңестің отырыстары, оқу-жаттығу семинарлары, тағылымдамалар мен аймақтардағы көшпелі кездесулер тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Тәжірибе алмасу ісі халықаралық деңгейде де өріс алуда. Мысалы, мемлекеттік қызметшілер кәсіподағының жұмысын зерттеу мақсатында отандық кәсіподақ делегациясы Өзбекстанға арнайы іссапармен барып қайтты.
Салалық кәсіподақ ұйым белсенділерін оқытуға ерекше көңіл бөледі. Тек 2025 жылдың өзінде Кәсіподақтар федерациясының қолдауымен Кәсіподақ көшбасшысы мектебінде және басқа де білім беру бағдарламаларында 8 мыңнан астам кәсіподақ қызметкері мен белсендісі дәріс алды.
Жұмысшылардың құқығын қорғаудың ең басты тетігі — әлеуметтік әріптестік болып қала береді.
Барлық аймақтарда кәсіподақ филиалдары жергілікті әкімдіктермен, мемлекеттік органдардың өңірлік бөлімшелерімен және еңбек инспекцияларымен өзара іс-қимыл туралы келісімдер мен меморандумдарға қол қойған. Бұл еңбеккерлердің арыз-шағымдарын жедел қарауға және еңбек дауларының алдын алуға мүмкіндік береді.
«Ұжымдық шарттарды жасасудағы табысты жұмыстардың бірі ретінде Алматы қаласындағы «Парасат» әлеуметтік қызметтер орталығының тәжірибесін айтуға болады. Мұнда ұжымдық шарт арқылы жұмысшыларға қосымша әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктер бекітілген. Қарағанды облысының Табиғи ресурстар басқармасында кәсіподақтың бастамасымен коммуналдық мекеме қызметкерлеріне ынталандыру төлемдері енгізілді. Қостанай облыстық филиалында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі қызметкерлеріне берілетін кепілдіктер аясы кеңейді. Сондай-ақ, бұл аймақта «Кәсіподақ серіктесі» атты әлеуметтік жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасыларына медициналық, спорттық, көлік және шипажайлық қызметтерге арнайы жеңілдіктер беріледі», – деді Мирболат Жақыпов.
Әлеуметтік әріптестікті дамыту тәжірибесімен Ақпарат, коммуникация және байланыс қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Абылай Әбішев те бөлісті.
Оның айтуынша, бұл кәсіподақ «Қазпошта» акционерлік қоғамының 128 бастауыш кәсіподақ ұйымы мен 17 филиалында еңбек ететін 9 мыңнан астам жұмысшының мүддесін қорғайды.
.jpeg)
Ол өз сөзінде «Қазпошта» акционерлік қоғамының 2023–2027 жылдарға арналған ұжымдық шартын үлгі ретінде алға тартты.
«Бұл құжатта материалдық көмек, ақы төленетін әлеуметтік демалыстар, шипажайда емделу, балалардың тынығуын ұйымдастыру, зейнет алдындағы жастағы жұмысшыларды қолдау, еңбек қауіпсіздігі мен зиянсыз жұмыс орындарын жасау сияқты қосымша әлеуметтік көмектердің кең ауқымы қарастырылған. Жекелеген ережелер жас мамандарды жұмысқа бейімдеуге, жастар саясатын дамытуға және кәсіподақ ұйымдарының қызметіне қажетті жағдай жасауға бағытталған. Салада жұмыс беруші мен кәсіподақтың тұрақты байланыс жүйесі жолға қойылған: «Ұжымдық шарт күндері», бірлескен комиссиялардың отырыстары, кәсіподақ белсенділерімен кездесулер мен мекеме филиалдарындағы көшпелі шаралар жиі өткізіліп тұрады. Кәсіподақ кадрларының біліктілігін арттыру да маңызды бағыт болып табылады. Жыл сайын бастауыш ұйым төрағалары мен татуластыру комиссияларының мүшелеріне арналған оқыту семинарлары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Оқу орталығымен бірлескен білім беру бағдарламалары ұйымдастырылады», – деді салалық кәсіподақ төрағасы.
Заңнамалық бастамалар: кәсіподақтардың ұсыныстары заңдарда көрініс табуда
Кәсіподақтар федерациясы мен депутаттар корпусының еңбек заңнамасын жетілдіру бағытындағы бірлескен жұмысының нәтижелері туралы Бас кеңес мүшелерінің алдында Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева есеп берді.
Ол соңғы жылдары еңбек қатынастары саласында қабылданған өзгерістердің басым бөлігі Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының белсенді сараптамалық ұстанымының арқасында жүзеге асқанын жеткізді.
.jpeg)
«Бұл ауқымды істің орындалуына Кәсіподақтар федерациясының белсенділігі үлкен серпін берді. Көптеген заңнамалық өзгерістер — бұл біздің түрлі салалар мен бағыттардағы жұмысшыларды қолдау әрі қорғау бойынша бірлесе атқарған жұмысымыздың жемісі. Бірлескен алғашқы ірі нәтижеміз ретінде 2023 жылы Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістерді айтуға болады. Бұл өзгерістер ұжымдық еңбек дауларын реттеу жүйесін айтарлықтай жаңғыртуға жол ашты. Еңбек арбитражының ережелері жеңілдетілді, татуластыру комиссияларының рөлі күшейтілді, ал жұмысшылардың мүддесін қорғау тетіктері халықаралық стандарттарға сай келтірілді. Дәл осы Кәсіподақтар федерациясымен бірге біз Еңбек кодексінің ұжымдық дауларды шешуге қатысты негізгі ережелерін пысықтадық. Төрелік рәсімдерін жеңілдетіп, татуластыру комиссияларының ықпалын арттырдық, бүгінде бұл заң еңбек ұжымдарының игілігі үшін нәтижелі жұмыс істеп тұр», – деп атап өтті депутат.
Екатерина Смышляева бұл өзгерістерге Халықаралық еңбек ұйымы мен әлемдік кәсіподақ қауымдастығы тарапынан жоғары баға берілгенін, содан кейін бірлескен жұмыс бұдан да кең ауқымда жалғасқанын еске салды.
Депутаттың айтуынша, егер алғашқы кезде негізгі күш-жігер жекелеген ережелерді жетілдіруге бағытталса, кейінгі жылдары басты назар еңбек адамын заң жүзінде қорғаудың кешенді жүйесін қалыптастыруға аударылды.
Жұмыс бірнеше стратегиялық бағыт бойынша қатар жүргізілді: ұлттық біліктілік жүйесін жетілдіру, жұмысшыларды әлеуметтік қорғау тетіктерін дамыту, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету, жұмыспен қамтудың жаңа түрлерін реттеу және еңбек қатынастарының ашықтығын арттыру.
Мұнымен қоса, ол нақты еңбек қатынастарын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттармен алмастыру әрекеттеріне қарсы тұру мәселелеріне тоқталды.
«Бұл бағытта заң бұзушылықтар өте көп болды. Жұмыс берушілер тек қаржы үнемдеу үшін ғана көптеген жұмысшыларды еңбек шартының орнына АҚС келісімшарттарына ауыстырып жіберген. Салдарынан адамдар әлеуметтік кепілдіктерсіз, зейнетақы жинақтарынсыз және сақтандыру қорғанысынсыз қалды. Дәл осы себепті мемлекет бұл іске араласып, мұндай заңсыз әрекеттердің жолын кесуге міндетті болды», — деді баяндамашы.
Маңызды заңнамалық жаңалықтардың қатарында Екатерина Смышляева интернет-платформалар арқылы жұмыс істейтіндердің қызметін реттейтін құқықтық негіздің жасалуын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан жұмыспен қамтудың жаңа түрлерін дамыту мен жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау арасындағы теңгерімді сақтай отырып, цифрлық экономиканы заңдық тұрғыдан реттеудің заманауи жүйесін біртіндеп қалыптастырып келеді.
Заң шығару жұмысының қомақты бөлігі еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне арналды. Депутат еңбек инспекцияларының республикалық деңгейге өткізілгенін, бұл олардың тәуелсіздігін арттырғанын, сондай-ақ еңбек қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың мәртебесі алғаш рет заң жүзінде бекітілгенін еске салды.
Бұдан бөлек, жұмысшылардың денсаулығын сақтау кепілдіктері айтарлықтай кеңейтілді: медициналық тексеруден өту уақытына міндетті түрде ақы төлеу енгізілді, алдын ала тексерулерге қойылатын талаптар күшейтілді, сондай-ақ жұмыс орнында жұмысшылардың абыройын қорғау мен орынсыз мінез-құлықтарға жол бермеудің қосымша тетіктері бекітілді.
Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері туралы айта келе, Екатерина Смышляева бұл заңнамалық өзгерістер мемлекеттің жаңа әлеуметтік саясатының алғашқы кезеңі болғанын атап өтті. Ол қауіпті өндірістердегі жұмысшыларға қосымша кепілдіктер беруді, жазатайым оқиғалардан сақтандыру жүйесін жетілдіруді және өндірістік жарақаттанудың алдын алу тетіктерін дамытуды қарастырады.
Заңнамалық бастамалардың тағы бір маңызды бөлігі денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін қолдауға арналды.
Екатерина Смышляева, сондай-ақ, жасанды интеллектінің дамуы мен еңбек нарығын цифрландыруға қатысты мәселелерге де тоқталып өтті. Ол Қазақстанның бұл салада алғашқылардың бірі болып кешенді заңнама қабылдағанын және жасанды интеллект технологияларын пайдалану кезінде адам мүддесінің басымдығы қағидасын бекіткенін айтты.
«Бүгінгі таңда жұмысшылардың құқықтарын қорғау үшін жасанды интеллект дәуіріндегі еңбек қатынастарының табиғатын жете түсіну өте маңызды. Жаңа заңнаманың басты қағидасы мынада: жасанды интеллект ешқашан құқық субъектісі бола алмайды. Жауапкершілік әрқашан адамның мойнында қалады», – деді ол.
Сөзін қорытындылай келе, депутат Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясына заң шығару қызметіне кәсіби деңгейде қатысқаны үшін ризашылығын білдірді.
«Осы үш жылдың ішінде біз еліміздегі еңбек қатынастарын реттеу жүйесін байсалды түрде өзгерткен ауқымды жұмыс атқардық. Бұл істің табысты болуына Кәсіподақтар федерациясының берік ұстанымы, оның сараптамалық ұсыныстары, талдаулары мен еңбек ұжымдарындағы шынайы жағдайды терең білуі үлкен септігін тигізді», – деді Екатерина Смышляева.
Өз кезегінде Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Мәжіліс депутаттары Екатерина Смышляева мен Асылбек Нұралинге және Парламенттің басқа да депутаттарына жемісті бірлескен жұмыс үшін алғыс айтып, кәсіподақтардың заң шығару қызметі алдағы уақытта жаңа саяси деңгейде күшейтілетінін айтты.
«Жаңа Конституция күшіне еніп, қоғамдық институттардың қатысуымен Халық кеңесі құрылғаннан кейін кәсіподақтар заң шығару бастамасы құқығына ие болады. Бұл біздің еңбек заңнамасын жетілдіруге деген ықпалымызды арттыра түседі. Ал Құрылтайға сайлау науқанына қатысу мәселесіне келсек, біз өздерінің сайлауалды бағдарламаларына еңбек адамының әл-ауқатын арттыру міндеттерін қосатын саяси партияларға қолдау көрсетеміз», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
.jpeg)
Отырыс барысында Кәсіподақтар федерациясының Активтерді басқару дирекциясының 2025 жылғы есебі қабылданып, Бас кеңес құрамындағы өзгерістер бекітілді.
.jpeg)
Кәсіподақтар федерациясының алқалы органының жаңа мүшесі болып Маңғыстау облысының Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Серік Бекбергенов сайланды.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы